Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, эколог: Үй салғанда тал егуді ескермей жүрміз
Жақында «Табиғат» экологиялық одағының басшысы, табиғат жанашыры, эколог Мэлс Елеусізовпен жолығып, көңілде жүрген сауалдарымызға жауап алған едік.
Апортты қалпына келтіруге болады
– Кеңес дәуірінде еліміздің астанасы болған Алматының «жасыл қала» деген атауы бар еді. Ал бүгінде Алматының символы болған апорттың да басынан бақ тайғандай. Бұған не дейсіз?
– Қазір Алматыда тарихи мұражайлар жоқ. Бірен-саран қалып еді, екі жыл бұрын қырықтай нысанды Үкіметтің қорғауынан шығарып тастады. Әрине, бұл, сөз жоқ, сату, саудалау үшін жасалды. Қазір түк қалған жоқ. Осы біз отырған ғимаратты да қиратамыз деп жатыр. Бұл да – Алматының тарихи орындарының бірі. Иә, бұрын Алматы ағаштың көптігінен жасыл қала аталып келген. Енді, міне, небәрі үш жылдың ішінде 35 мыңнан аса үлкен-үлкен ағаштарды кесіп тастаппыз. Алматыда генерал – губернатор Колпаковскийдің кезінде әр адамға арналып ағаш отырғызу дәстүрі болған екен. Горький саябағының іргетасы сол кезде қаланыпты. Сол саябақта арнайы жеміс беретін ағаштар егіп, оларды будандастыру жұмыстары қауырт жүргізіле отырып, қаланы жасылдандыру жұмыстары сол кезде-ақ бастау алыпты. Қалада қазіргідей үйлер тығыз орналаспағандықтан, таудан ертелі-кеш самал есіп тұрады екен. Қазір үйлер таудың бөктерінен де асып кеткендіктен жел соқпайды. Таудың бөктерінде апорт өсетін, етегінде басқа да жабайы ағаштар көп болатын. Жалпы, апорт сұрыпы – жоғары будандастыру арқылы алынған алма. Ол таудан төмен, жазық жерден жоғары, белгілі бір деңгейде ғана өсетін жеміс. Кеңес үкіметі кезінде бірнеше колхоз, совхоздар арнайы апорт ағашын өсірумен айналысатын. Қазір бірлі-жарым жерлерде апорт өсірілгенімен, генафонды өзгерген деп айтсақ болады. Тұқымын құртып алдық. Жабайыланып кетті. Апортты қайтадан қалпына келтіруге әбден болады. Ол үшін жалпақ тілмен айтсақ, бойына қан құю керек.
Бүгінде Алматыда адам тұру мүмкін болмай бара жатыр. Кеңес дәуіріндегі ғалымдар зерттеп, зерделей келе жер жағдайына байланысты тұрғылықты халықтың саны 700 мыңнан аспауы керек деген болатын. Қазір екі миллионнан асып жығылады. Алматының жан-жағына көптеген жер үйлер салынды. Ондағы тұрғындар өз бетінше жерді бұрғылап, көрінген жерден суды сорып алып жатыр. Суды ысырапсыз пайдаланудың кесірінен ертеңгі күні сусыз қалу қаупі де бар.
Аралдың тұздары Алатаудың мұздарын ерітіп жатыр
– Бір кездері Сорбұлақтың жағдайына алаңдап, дабыл қақтыңыз. Естір құлақ болмады-ау деймін. Қазіргі жағдайы қалай?
– Ешқандай өзгеріс жоқ. Айтқандарымның бәрі дәлелденіп, Президенттің өзі бірнеше рет қолдау білдірген. Бірақ, Елбасының маңындағы адамдар оны жоққа шығарып, берген тапсырмасының бірін де орындамады. Кейбіреулер судың қайдан шығып жатқанын түсінбейді. Астының бәрі құм болғандықтан су ақырын-ақырын жылжып барады. Күрті жақта тұман пайда болып жатыр. Бұл – өте қауіпті. Алматы – жер сілкіну қаупі зор аймақ. Бетін аулақ қылсын, ертеңгі күні бір жағдай орын алатын болса, құм мен топырақ араласқандықтан да толқыныс пайда болатыны сөзсіз. Май сияқты үстінде тұрған топырақ сырғанағанда дүниежүзінде болмаған сел пайда болуы мүмкін. Сел жүрген кезде судың бір бөлшегі жердің 55 бөлшегін ала кетеді. Сонда 1 миллиард шаршы метр су 55 миллиард шаршы метр жерді алады деген сөз. Көлдің төменгі жағында Күрті деген ауыл тұр. Бұрын ол ауылдан бәрі көшіп кетіп еді, қазір сол елді мекенге оралмандарды қоныстандырды. Арғы жағында 11 мың тұрғыны бар Ақши тұр. Су кетсе Ілеге шығады да Балқашқа дейін бір ауыл қалмайды. Елу мың адам қауіпті аймақта орналасқан. Бұл мәселені көп жерлерде айтып та, жазып та жүрміз, бірақ, естір құлақ табылар емес.
– Жалпы, республика бойынша экологиялық ахуалы нашар деп қай аймақты бірінші айтар едіңіз?
– Барлық аймақтың экологиялық ахуалы мәз емес. Каспий үлкен мәселеге айналып отыр. Қашағанды іске қосамыз дегенімізбен, көп жыл болды қоса алмай жатырмыз. Бір мың шақырымға созылған құбырлар көпке шыдамайды. Жер астындағы қысым жоғары. Кеңес дәуірі кезінде осындай Теңіз деген мұнай өндіретін аймақ болған. Сол жерде бір құбыр тұтанып кетіп еді, 14 ай жанды. Соншама қысыммен шығып жатқан мұнайды сөндіре алмады. Сондықтан болашақта абайламаса, үлкен апат болуы мүмкін. Аралдың да мәселесі шешілген жоқ. Тұздары ұшып келіп, Алатаудың басындағы мұздарды ерітіп жатыр. Одан бері келсек, Балқаштың да жағдайы мәз емес. Аралдың жолын құшуы әбден мүмкін. Қазір дүниежүзі бойынша климат жылынып барады. Одан да біз бірінші орында келе жатырмыз. Дүниежүзінде ауа райы жарты бағанға (градусқа) қызса, бізде – 0,75. Осының әсерінен қырық пайыз мұздарымызды ерітіп алдық. Ертеңгі күні ауызсусыз қалсақ, таңғалуға болмайды. Мұздықтар еріп кеткеннен кейін су тартылады, Іле тартылады.
Семейде полигон жабылды дегенімізбен радиацияның зардаптары мыңдаған жылдарға дейін жойылмайтыны белгілі. Оны ешкім тоқтата алмайды. Республикадағы қай қаланы алсаңыз да, қоқыс пен қалдық, су мәселелері ешқандай шешімін таппай отыр. Орман-тоғайларымызды отау белең алып кетті. Жиырма бес жылдың ішінде көп жұмыс істедім. Ұсыныстарымның бәрі далаға кетіп жатыр. Біреуін қабылдаған жоқ. «Алдын алайық» дегенді ешкімнің түсінгісі келмейді. Мысалы, Өскеменде бірнеше зауыт бар. Олардың бәрі улы түтін бөлетінін жоғарғы жақ білмей отырған жоқ. Таудың бөктерінде тұрғандықтан жел соқпайды да түтін сейілмейді. Улы түтін тұрғындардың денсаулығына көп залалын тигізуде. Шоғырландыру (агломерация) жасаймыз дейді. Агломерация жасаса, сау жер қалмайды. Соны ойлап, ғылыми түрде зерттеп, дұрыс шешім қабылдайтын ешкім жоқ.
Тұрғындардың экологиялық сауаты төмен
– Халықта қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатты аялау туралы түсінік әлі қалыптаспаған секілді. Тұрғындардың экологиялық мәдениетіне қанағаттанасыз ба?
– Таңғалатыным, халықтың өзі сол табиғатты, қоршаған ортаны бейберекет ластап жатыр. Сол жерде тұратын өзі, бала-шағасы, ұрпақтары. Тазалықтың пайдасын көрмесе, зиян шекпейді. Ағашты кесетін, көбінесе, қазақтар. Не себептен екенін білмеймін, үйдің жанында тұрған ағаш көрсе міндетті түрде қырқып тастайды. Бұтағын сындырады, қабығын алып тастайды, қуратады. Былайша айтсақ, ағаш біздің өкпеміз емес пе? Көмірқышқыл газын бойына сіңіріп, бізді таза оттегімен қамтамасыз ететін сол ағаштар ғой. Бұл құбылысты мектептегі балаға дейін біледі. Тек жете мән бермейміз. Әрине, көп жұмыстарды Үкімет қолға алуы тиіс. Қоғамдық жұмыс ретінде 25 жыл бойы бар күш-жігерімді сарқа жұмсадым деп айта аламын. Табиғат мәселесі туралы менен көп айтқан адам жоқ. Халыққа түсіндіру жұмыстарына да қатыстым. Бірақ, оны түсіну үшін тәрбие, мәдениет, білім керек. Үй салған қазақтарға қараңызшы, қайсысы ағаш отырғызып жатыр. Бірен-саран ғана. Соны отырғызса, өздеріне де жақсы ғой. Сая болады, таза болады. Түсіндіру жұмыстарын бірінші балабақшадан бастау керек деген тоқтамға келдім.
– Қалай ойлайсыз, мүмкін қоршаған ортаны, қоғамдық орындарды ластамау туралы заңдар қабылдау керек шығар?
– Бірен-саран заңдар бар. Бірақ, парақорлық үстемдік алып тұрған кезде ешқандай заң жұмыс істемейді. Республика бойынша тоғай, тау, дала мәселелері көп. Кейінгі кезде құрғақшылық белең алуда. Жәндіктер қырылып жатыр. Осының бәрін Үкімет назарына ұсындық.
– Жаһандық жылынуға бүкіл әлем алаңдаулы. Бұл осылай жалғаса берсе не болмақ?
– Бес мемлекетте өткен халықаралық саммитте болдым. Дүниежүзі мемлекеттерінің ғалымдары, бетке ұстар азаматтары, кәсіпкерлер жиналып, жер шарының жарты бағанға жылынып кеткенін айтып, дабыл қақты. Өздеріңіз де байқайтын шығарсыздар, жоқ жерден қыстың ортасында жаңбыр жауады. Зауыт-фабрикалардың түтіндерінен, қоқыс қалдықтарынан көп мөлшерде көмірқышқыл газдары бөлінуде. Сол газдар көрпе сияқты жер шарын жауып, қыздырып жатыр. Қазір әлем бойынша 70 пайыз ағаш қырқылып қалған. Сондықтан да ауаға бойынан оттегін шығарып, көмірқышқыл газдарды жұтатын ағаш жоқтың қасы. Осының кесірінен планета қызып барады. Мұздар еріп жатыр. Жер шарындағы мұздардың барлығы еріп кетсе, судың деңгейі 60 метрге көтеріледі. Әр саммит сайын аралдарда тұратын мемлекеттердің өкілдері көз жастарын көл қылып, мәселе көтереді. Қазірдің өзінде кейбіреуін су шайып, адамдар басқа жаққа қоныс аударуда. Бұлай жалғаса берсе, қызу бұдан да жылдамдай түседі. Таулардағы мұздықтар еруде. Гималайдағы мұздық ерісе, Қытай да, Үндістан да, оңтүстік шығыс Азия да сусыз қалады. Жер сілкінісі көбейеді. Жанартаулар жылынудың кесірінен қысымға шыдамай атқылау үстінде. Бұл – бер жағы ғана, сорақысы алда. Осыны ойлап жатқан мемлекеттер жоқ. Барлығы экономика дейді, саясат дейді. Бірінші мәселе табиғаттан келетін апат екенін ешкім ескерер емес.
– Халықаралық саммиттерге барғанда осы бағдарламаларыңызды ғалымдар назарына ұсындыңыз ба?
– Жоқ, ондай саммиттерге қатысудың өзі оңай емес. Жер шарынан мыңдаған адамдар келеді. Көбіне мемлекет басшылары сөйлейді. Әзірге қатысып, естуге ғана мүмкіншілік алып отырмыз. Біздің мақсат – көру, түсіну, танысу.
– Президент сайлауына бірнеше рет түскеніңізді жұртшылық біледі. Алдағы уақытта сайлау болса, тағы да түсесіз бе? Қандай дайындықтармен барамын деп ойлайсыз?
– Мен ешқашан ештеңені өзгерткен емеспін. Бәрі бұрынғыша. Жиырма бес жылдың ішінде табиғатты қорғау үшін көп жұмыс істедім. Халық та түсінеді оны. Енді партия құруымыз керек. Басқа жол жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова