Ауыл шаруашылығы

Мектептерге бөлінген жер игерілмей жатыр

Осыдан біраз жыл бұрын Үржар ауданының мектептеріне қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер бөлініп берілген еді. Алайда білім ордаларының біразы оны пайдаға асырып, тиімді пайдалана алмай отыр.

Мектептерге бөлінген жер игерілмей жатырМәселен, аудан орталығындағы М.Горький атындағы орта мектепке берілген он гектар алқаптың бес гектарына көкөніс, жеміс егіп, одан тәп-тәуір өнім алып, әжетке жаратқандарымен, қалған бес гектар алқапты игере алмаған. Мектеп мүдірінің орынбасары Гүлнәзия Тұрдыбаеваның айтуынша, алқапқа су жетпейді екен. Сондықтан мектеп ұжымы аудан әкімдігінен басқа жер сұрап отырған көрінеді.

Білім ордаларының кейбірі бөлінген жерлері құнарсыз болғандықтан оны әкімдікке қайтарып беруге мәжбүр болыпты. Мәселен, Көкөзек орта мектебі өздеріне берілген 32 гектар алқаптың 22 гектарын пайдалануға келмейтін болғандықтан кері қайтарса, А.Некрасов, І.Жансүгіров атындағы, тағы басқа бірнеше білім ордалары алған азын-аулақ алқаптарынан құнарсыз болғандықтан бас тартыпты.

Жалпы, аудан бойынша білім ордаларына 2009-2010 оқу жылдарында барлығы 590 гектар жер берілсе, соның 307 гектары ғана пайдаланылыпты. Яғни, 283 гектар алқап жарамай бос қалған.

Үржар ауданындағы білім ордаларына қосалқы шаруашылық жүргізуге жер бөлу тәжірибесі облыс басшылығы тарапынан оң бағаланып, Науалы ауылындағы мектепте арнайы аймақтық семинар да өткен болатын. Алайда осы жақсы бастама біртіндеп аяқсыз қалып бара жатқаны алаңдатады. Мектептерге бөлінген жерлерді игеру үшін оған ең бірінші кезекте суармалы не қара топырақты құнарлы алқаптар берілетін болса, мұндай жағдай болмас еді. Аудандық әкімдік осы жағын ескерсе дейміз.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button