Президент тапсырмасы

Мектептер баспасөзге жазылатын болды

Баланы интернеттің илеуінен құтқаратын құрал – кітап пен мерзімді басылымдар. Сондықтан балаларды кітап-журнал оқу мәдениетіне баулыған жөн. Оған министрден бастап мұғалімге дейін мүдделі. Осыны ескерген оқу-ағарту министрі бірқатар басылымға жазылды.

Баспасөз – елдің басты идеологиялық құралы. Елдегі жаңалықтан құлағдар болып, әр салада атқарылып жатқан жұмысты біле жүру әркімге артық болмасы анық. «Балалар жылына» орай баспасөз беттерінде көптеген пайдалы рухани дүниелер жарық көрді. Оны әр бала оқыса, елі мен жеріне деген көзқарасы өзгеше қалыптасар еді. Оқып та жатқан болар.

– Биыл Президент тапсырмасына орай «Балалар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беру – мемлекеттік идеологияның басым бағыттарының бірі. Осы ретте балаларға арналған басылымдарды қолдау қажет, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ министр Президент тапсырмасына орай ауылдардың баспасөзбен қамтылу керектігін тілге тиек етті. Ел көлемінде болып жатқан әдеби-мәдени жаңалықтан ауыл балалары, яғни, оқушылар да құлағдар болса деген ұсынысын Оқу-ағарту министріне айтты. Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» Заңды ескере отырып, мектептер қажетті басылымға жазылатынын айтқан.

– Мектептер өздері бөлінген бюджет есебінен балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханалары үшін балаларға арналған газет-журналдарға жазыла алады, – деді.

Ел игілігі жолындағы идеологиялық жұмысты жүзеге асыру үшін кез келген адам баспасөз бетін шолып отырса, артық болмасы анық.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button