МЕКТЕПКЕ ЖЕТУ МҰҢ
Урбанизацияның легімен Өскеменге көшіп келіп жтқан көп қазақтың қонысы саяжай болғалы қашан. Жарығы болса, жолы жоқ, суы болса, жағдайы жоқ төңіректегі саяжайлар қалалық болғандарға құтты қоныс бола да қалған жоқ. Меновноеның жан-жағы, Сограның маңы, 23 ықшам аудан – бәрінде де негізінен ауылдан келген қара халық тұрып жатыр. Өскеменді жағалай қонған сол елдің су, жарық, суық баспана, жолдан басқа ең басты мәселесі бар. Ол ауылдан келіп жатқан қазақтың шиеттей ұл мен қызы қақаған қыста қалтырап, күз бен көктемде ми батпаққа малтығып мектепке 2-3, тіпті 4-5 шақырым жерден жаяу-жалпы келіп-кетіп оқып жүргені. Ірге тебер өзге жері, тұрар баспанасы жоқ жұртқа бұл жағдай жығылғанға жұдырық болды.
ҚАҚАҒАН ҚЫС, ҚАРАҢҒЫ КӨШЕ
Міне, Меновное ауылының ар жағындағы саяжайда тұратын Дәурен мектептен келетін балаларын күтіп, жол қарайлап жүр. Қазір қыстағыдай емес, кеш жай түсетін болғанымен Дәуренді балалардың жолды кесіп, саяжайға қарай түсуі үшін толассыз көлік әрлі-берлі ағылып жатқан үлкен трассаның үстімен өтетіні алаңдатады. Саяжайда тұрып жатқан ата-ананың да, балалардың да күнде таңертең, кешке көретіні – осы күйкі тірлік. Қобалжу, уайым, күту…
– Бұл «Рауан» саяжайы деп аталады. Баклажанная,110 көшесінде тұрамыз. Сегіз жылдай бұрын Тарбағатай ауданынан көшіп келіп, осы жерден үй салдық. Балаларымның екеуі Меновноедағы мектепке барып оқиды, қызым алтыншы сыныпта, ұлым төртінші сыныпта. Екеуі екі кезекте, ұлым таңертең, қызым түсте барады сабаққа. Аялдамадан түскен соң балалар автокөлік жолындағы жүргінші жолымен бері қарай өтіп, саяжайға келеді. Жолда жүргінші жолы бар болғанымен дәл сол жерде апаттық жағдайлар жиі болып жатады, себебі көлік жылдамдығына ешқандай шектеу қойылмаған. Жаяу жүргінші жолының белгісі де бірден байқалмайды. Қашан мектепке, үйге жеттік дегенше алаңдап бітеміз. №54-55 автобустарға барып отыру үшін жарты сағат жаяу жүріп аялдамаға жету керек. Бұл автобустардың өзі қыс кезінде жүрмей қалады. Жолда қаңғыбас аш иттер қаптап жүреді. Балаларды талап тастай ма екен деп те қорқамыз. Меновное орта мектебінде оқитын оқушылардың тең жартысына жуығы саяжайда тұратындардың балалары. Осыдан бес жыл бұрын осы жаққа келетін қоғамдық автобустың санын арттырамыз, қыста да келіп тұрады деген, бірақ бәрі сөз жүзінде қалды. Бұл жаққа қоғамдық автобус емес, балаларды әкеліп-әкетіп тұратын автобус бөлу керек. Осыншама балаға бір автобус бөлуге мүмкіндік жоқ дегенге кім сенеді? – дейді Дәурен, Зәуреш Долдаевтар.
Долдаевтар тұратын саяжайға жалғасатын «Витязь», «Радуга», «Черемушка», тағы басқа саяжайларды айтпағанда, осы жердегі Клубничная, Малиновая, Вишневая, Земляничная, Луковая, Морковная, Помидорная деп кете беретін көшелердің бәрінде мектепте балалары оқитын жас отбасылар тұрып жатыр екен. Саяжай жаққа баратын жолда иттер талап жатса да, жарығы жоқ қараңғы көшелердің қалтарысынан, алдарынан арам пиғылды біреу кездессе де, балаларға көмекке келетіндей ешкім жоқ. Адам аяғы аз.
Меновное орта мектебі директорының орынбасары Надежда Торохова да қазақша, орысша аралас мектепте бала саны жыл сайын артып келе жатқанын, әсіресе бастауыш сынып оқушыларының үсті-үстіне көбейіп келе жатқанын, олардың 125-і жан-жақтағы саяжайлардан келіп оқып жүргенін айтты. Қазір мұнда екі ауысыммен 628 оқушы оқып жатыр. Бастауыш сыныптар А,Б,В,Ә деп бөлінеді. Мектеп басшылығы саяжайларда тұратын оқушыларды тасымалдауға автобус сұрап былтыр қала әкімдігіне, қалалық білім бөліміне ресми өтініш хат жазған.
Күлзат Мұсақанова, Меновное мектебінің ұстазы:
– Өзім жетекшілік ететін 6 «а» сыныбында 10 оқушы алыстағы саяжайлардан үш-төрт шақырымнан астам жолды жаяу жүріп келіп оқиды. №53 автобус қар жауған соң алыстағы «Радуга» сияқты саяжайларға бармайды. Балалардың көбісі мектепке жаяу-жалпы келеді, автобустың болмауынан кешігіп келеді. Бәрінің ата-анасында бірдей көлік жоқ. Қыста ата-аналары алаңдап сабақтан ерте жіберуді өтініп жатады.
«ИТТЕРГЕ ҮЙРЕНІП АЛДЫМ»
Көліктің, таксиге төлейтін ақшаның жоқтығынан аязда тоңып, батпақты кешіп екі-үш шақырым жол жүру немесе мектепке келе алмай қалу қай бала үшін де ауыр соққы болары анық. «Ақ ниет» саяжайында тұратын 6 сыныптағы Маржан Ерікжанқызының үйден шығып, әупірімдеп аялдамаға жеткенімен, автобусты бір сағат бойы күткен кездері аз емес көрінеді. «Қазір иттерден қорықпайтын болдым, үйреніп алдым, бәрі мені таниды», – дейді ол иттерден емес, автобустың кешіккенінен қорқатынын айтып.
Батпақты жолдармен жүретін балалардың қолындағы қос сөмкенің бірі резіңке ботиларын салатындары екен. Мектепке кіре салысымен батпақ-батпақ етіктерін шешіп, сөмкелеріне сүңгітеді.
23 ықшам ауданда тұратын Дәрия Қалиеваның да төрт бірдей немересі осы Меновноедағы мектепке таксилетіп келіп оқиды. Такси 800 теңге алады. Келіні – көпбалалы ана. Бұл ықшам ауданда да анталаған қаңғыбас иттер көп көрінеді.
– Біз сияқты таксилетіп жүруге елдің бәрінің жағдайы жоқ. 2-сыныпта оқитын бір баланы білемін, кейде қыстыгүні де үйіне жаяу кетіп бара жатады. Жол бойында жалғыз бала, қорықпайды емес, қорқады, үйрейленіп бара жатады, бірақ басқа амалы жоқ! Ойлаңыз, бес жарым шақырымдық жер. Қала әкімдігі, облыс басшысы бізге келіп, балалардың осы жағдайын көзбен көріп, бір шағын көлік болса да неге бөлмейді? – дейді Дәрия апай.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылында түрлі мерекелік шаралар, жиындар өткізбей, балалардың денсаулығын қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешу қажеттігін қадап тапсырды. Үрей билеп, жақсы оқуды, жайлы өмір сүруді емес, мектепке, үйге аман-есен жетуді, оралуды ойлап жүрген саяжай балаларының санасындағы мәселе қашан шешіледі, ау,биліктегілер?!
Надежда Торохова, Меновное орта мектебі директорының орынбасары:
– Балалардың кішкентай кезінен жақсы тамақтануы, денсаулығының мықты болуы, ата-анасының, қоғамның қамқорлық көрсетуі оларды ынталандырып, сабақта жақсы нәтижелерге қол жеткізуіне, денсаулығының, болашағының дұрыс болуына үлкен ықпал ететінін білесіздер. «Бар жақсы балаларға» дейміз ғой. Он жылдай бұрын мектептегі оқушыларға тегін бал, сүт берілді, білесіздер. Қазір ондай жоқ. Қайтадан беріліп жатса, балалардың денсаулығын нығайтуға жақсы болар еді. Кейбір облыстарда тек әлеуметтік жағынан аз қамсыздандырылған оқушыларды ғана емес, бүкіл бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтып жатыр. Бұл шара өте дер кезінде жасалып отырған қамқорлық деп білемін. Мұндай қамқорлықты қажет ететін балалар аз емес.
Жанаргүл Мұқатай