Өзекті

Мектеп қаржысын жымқырған

Көкпекті ауданындағы мектеп бухгалтерінің бірі мемлекеттік қазынадан бөлінген қаржыны  жымқырғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол директордың электронды-цифрлық қолтаңбасын қолдану арқылы жалған есепшотқа ақша аударумен қатар, өзіне қосымша жалақы төлеп отырған. Осылайша, мемлекеттік қазынаға 7 миллион теңгеден артық шығын келтіргені үшін бір үйдің отанасы темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан.

Бұл –облыста өткен жылы орын алған бір ғана жағдай. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мәліметіне сүйенсек,өңір білім саласындағы жемқорлық фактілері бойынша Түркістан облысынан кейін екінші орында тұр. Өткен жылы облыстың білім саласында сыйбалас жемқорлық бойынша  29 факт тіркеліп, 13 лауазымдық тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса, жыл басынан бері тағы 16 адам істі болды.

«NurOtan» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысында мәлім болғандай, бюджет қаржысын жымқырғандардың дені – мектеп директорлары мен есепшілері. Демек, ақшаға тікелей қатысы бар тұлғалар.

Мұндай қылмыс жасауға оларды не итермеледі? Қазынаға қол сұққан жандардың әлеуметтік портреті жасалды ма? Отырысқа партияның орталық аппаратынан арнайы келген, Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың алдына осындай сауалдар тастады. Оларға жауап таппаған білім  басқармасы басшысының орынбасары өңірдегі ұстаздар мен мектеп директорларының орташа айлық жалақысына қатысты мәселе көтерілгенде де мүдіріп қалды.

–Мұндай қылмысқа барғандардың 80 пайызы әйелдер, оның 60 пайызы отбасын бір өзі асырап отырғандығына күмәнім жоқ. Бұл –жай ғана сандар емес, бұл– бүкіл бір отбасын бақытсыздыққа душар еткен жағдай. Иә, олардың істегені– қылмыс.Алайда осы саладағы сыйбайлас жемқорлықтың алдыналып, тамырымен жою үшін оның себебін анықтауымыз қажет. Білім басқармасы өз қызметкерлеріңізді жылда осылай түрмеге тоғыта бермей, нақты іске көшетін кездеріңіз келді. Жемқорлық туралы дәріс оқып, арнайы бұрышқа ол туралы ақпарат ілумен  шектелетін болсаңыздар, бұл сандар арта береді, ертең жұмыс істейтін кадр таппай қаласыздар,–деген Меруерт Қазбекова білім басқармасынан нақты шаралар механизмін талап етті.

Отырыста мәлім болғандай, бүгінгі күні мектеп есепшілерінің орташа айлық жалақысы 65 мың, ал директорлардікі,шамамен, 100 мың теңге.

Меруерт Қазбекованың пікірінше, жалақы мәселесі министрлік деңгейінде шешілуі тиіс болғанымен, жергілікті басқарма өз қызметкерлерінің мүддесін қорғау үшін істің мән-жайын анықтап, салдарымен емес, себебімен күресулері қажет.

Жалпы, мектеп директорлары мен есепшілерін жемқорлыққа итермелейтін бірінші себеп –мардымсыз жалақы  болса, екінші бір жағдай – олардың қаржылық сауатсыздығы. Көп жағдайда мектеп директорлары қаржылық мәселелердің барлығын есепшілердің мойнына жүктеп, цифрлық қолтаңбасына дейін сеніп тапсырып, сан соғып жатады. Есепшілер өз біліктілігінің жеткіліксіздігінен мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде қателіктер жіберіп, бюджеттік заңнамаларға қайшы әрекеттері үшін істі болатын жағдайлар аз емес. Мұның барлығы мектептегі бухгалтериялық қызметті орталықтандыру қажет екендігін дәлелдеп отыр.

–Мектеп тек білім беру ісімен айналысу керек. Мемлекеттік сатып алу, өзге де төлемдер мен есептерді білім басқармасы орталықтандырылған бухгалтерия құру арқылы өз мойындарына алатын уақыт жетті. Осылайша, мектеп директорлары мен есепшілері қазына қаржысынан шектеледі. 65 мың жалақыға жұмыс істейтін есепшінің біліктілігі де қандай деңгейде екендігі түсінікті.Бұл мәселенің анық-қанығын жақсы білетін кімдер? Тағы да білім басқармасы. Сырттан бақылаушы болмай, жоғары жаққа ұсыныстармен шығатын сіздер болуларыңыз керек, –деп атап өтті Парламент депутаты.

Сондай-ақ депутат отырыста көтерілген мәселелерді тиісті ведомствоға жеткізетіндігін атап өтіп, білім басқармасын сыйбайлас жемқорлықтың алдыналуда ғана емес, өз қызметкерлерінің құқығын қорғау мәселесінде де белсенді болуға шақырды.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button