Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ:-Абай туралы диссертациямды алты жарым сағат қорғадым
Өскеменде Абайдың 170 жылдығына орай абайтанушы ғалымдардың қатысуымен жақында үлкен конференция өткен еді. Конференцияға белгілі абайтанушы, абайтануды жаңа белеске көтерген көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметов те келген болатын. Сол кезде ғалыммен Абайға қатысты, абайтануға қатысты пікірлесудің сәті түскен еді.
-Еліміздегі белгілі абайтанушылардың бірісіз. Сіздің Абай туралы жазған зерттеу еңбектеріңіз 10 томды құрайды екен.
– Он екі том жаздым, екеуі сыймай қалды.
-Қателеспесем, Сіздің һәкім туралы жазған еңбектеріңіз Әуезовтің өзінен асып түскен екен.
– Көлемі жағынан солай болғаны рас. Маған о баста күрделі кандидаттық диссертация берілді. «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыптағы диссертациямды қорғау кезінде үш жарым мың дерек жинадым. Оны жинамасам болмайды. 1965 жылы диссертациямды қорғағаннан кейін жинаған деректерімді хронологиялық тұрғыдан жүйелеп, «Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткіш» деген еңбегімді 20 баспа табақ етіп жарыққа шығардым. Себебі, оны жасамасам, абайтанудың тарихын жасай алмаймын. Мен абайтанудың 75 жылдық тарихын жасап бердім. Содан кейін менің шәкіртім Рахат Саламатова Мұхтар Әуезовтен кейінгі абайтанудың даму тарихын жасады. Қазір біз 125 жылдық абайтану тарихының 4 томдық кітабын баспаға бердік. Жақында шығуы керек. Библиографияны әзірлеген кезде ондағы дүниелердің бәрін оқыдым ғой. Абайтанудың эволюциялық даму жолы, жетістіктері мен кемшіліктері, бәрі-бәрі менің көз алдымда болды. Солардың барлығын талдап, соның негізінде диссертация қорғалды. Диссертацияны алты жарым сағат қорғадым. Қатты айтыс-тартыс болды. Бұл елімізде осыншалықты талқыға, талас-тартысқа түскен алғашқы диссертация болды-ау деймін. Диссертация туралы 18 адам пікір білдіріп, соның 11-і қарсы сөйледі. Не керек, әрең дегенде қорғап шықтым ғой.
-Бұл шамамен өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары-ау деймін.
-1965 жылы қорғадым. Менің өзімнен де болды. Мұншалықты созылып кеткен себебі, мен өткір мәселелерді көтеріп жібердім. Сәбит Мұқановтан бастап көптеген ғалымдарды қатты сынға алдым.
-Сәбит Мұқанов деп қалдыңыз. Әйгілі жазушыны қандай тұрғыда сынға алдыңыз?
-«Сәбит Мұқановтың Абай туралы көзқарасы төрт рет ауысты. Ең соңында дұрыс жолға түсті» дедім. Абайды атеист, материалист деп докторлық диссертация қорғаған Қасым Бисенбинов дейтін философ болды. «Сіздің ғылыми жұмысыңыз комплиятивный труд. Одан-бұдан құралған. Бұрынғы айтылған пікірлерді орысшаға аудара салғансыз. Бұл – ғылым емес» дедім оған. Содан кейін ол менімен ашық айқасқа шықты. Бірінші болып сөз алып, 45 минут сөйледі. «Сенің жұмысың политический порошенный работа» деді. Содан кейін мен оған: «Сіз жаңа Мырзахметов ортағасырлық панисламисті насихаттап отыр дедіңіз. Ол – Ғұламахи Дауани. Ол кім?» деген сұрақ қойдым. Бір емес, үш рет. Білмейді.
Мұны жазған білген құл –
Ғұламаһи Дауани,
Осылай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл.
«Білмесеңіз, айтайын, бұл – Абайдың өлеңі, менікі емес. Онда мені емес, Абайды айыптаңыз» дедім. Қысқасы, Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысын көтеріп жатыр деп көптеген ғалымдар мені жақтырмады.
«Толық адам» ілімін алғаш рет ғылыми айналымға енгіздік
– Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысы туралы Кеңес өкіметі кезінде айтылмағаны белгілі. Батыс пен орыс әдебиетіне қатысты тұстары ғана көбірек айтылды. Ақынның Шығыс әдебиетімен байланысын індете зерттеген ғалымның бірі өзіңізсіз.
– Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысын ең әуелі айтқан – Мұхтар Әуезов. Алайда Мұхаң заман ыңғайына орай бұл мәселені тереңдетіп зерттей алмады, ашып айтуға мүмкіндігі болмады. Менің бұл тақырыпты Әуезовке сүйене отырып індетте зерттегенім рас. Бұл үшін талай таяқты да жедім. Бірақ ең соңында менікі дұрыс болып шықты. Абайдың Шығысы деген не? Бұл – Абайдың Шығыс ақындарына қатынасы, исламиятқа қатынасы, мораль философиясына қатынасы. Себебі, Абай мораль философиясын бәрінен де жоғары қояды. Кеңес өкіметі кезінде Абайдың «толық адам» ілімі туралы айтылмады. Айттырмады дұрысы. Өйткені, бұл ілім дінмен байланысты. Біз «толық адам» ілімін бірінші рет ғылыми айналымға түсірдік. Мұндағы үлкен жаңалық – Абайдың «толық адам» ілімі бірінші рет кеңінен ашылды. Оның тарихы ашылды.
-Абайдың Шығыс әдебиетімен байланысы толық зерттеліп болды ма?
– Жоқ, енді басталды. Мен тек классификация жасап, негізгі ұстындарын айқындап бердім. Мысалы, үйге кірдің делік, бәрін көріп тұрсың. Бірақ ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін білу үшін оның бәрін ұстап көруің керек қой. Сол секілді бұл келешек ұрпақтар ұстап көретін, солар тереңдете зерттейтін дүние.
– «Абайтану» пәні қазір мектептерде оқытылып жатыр деп естиміз.
-Оқытылуы оқытылып жатыр. Бірақ соған оқулық болмай жатыр. Басында оқулық жағын маған тапсырған еді. Жазып, кірісе бергенде «тоқтаңыз» деді. Тоқтадым. Әйтпесе бітіп те кететін еді.
-Сонда бұл пән оқулығы болмаса да, оқытылып жатқан болды ғой.
-Иә, құр оқытылып жатыр. Дереккөзі жоқ. Абай туралы жазылған еңбектерді жинап бергенбіз. Мәдениет министрлігі жақында менің 10 томдық кітабымды сұратып алып, төрт мың данамен бүкіл мектептерге таратты. Онда көп дүние бар, әрине, ала алса.
Ақынның дүниетанымына терең үңілуге қазіргі философтардың шамасы келмейді
-Ұлы Абай шығармашылығы мен өмірін көп жылдардан бері талмай зерттеп келесіз. Абайды қаншалықты деңгейде тани алдым деп ойлайсыз? Һәкімнің жүрегіне қаншалықты терең бойлай алдыңыз? Жалпы, қазақ Абайды қандай деңгейде таныды?
– Орташа деңгейде ғана таныдық. Әсіресе, бізді адастырған – Абайдың дүниетанымы. Бәріміз Абайды материалистік, атейстік тұрғыдан талқыладық қой. Ал қазіргі кезде терістелді. Енді біз Абайды ұлы ақыл, ұлы сана жолымен таныстыруымыз керек. Сонда ғана Абай ашылады. Абайдың үш кедергісі бар еді. Бірінші кедергі – Абайдың өмірі. Ақынның өміріндегі шешуші мәселелер айтылмай қалды. Біз соны ашып бердік. Екінші кедергі – Абай сөздері. Оны да ашып бердік. Ендігі үлкен кедергі – Абайдың дүниетанымы. Қазіргі философтардың бұған шамасы келмейді. Өйткені, олар еуропалық жүйемен даярланған, материалистік, атейстік көзқарастан арылмаған. Мына тақырыпқа даярлығы жоқ. Бұл тақырыпты бір ашса, арапша, парсыша, түрікше, яғни, исламиятты терең білетін жастар ашады. Солардан үміт күтеміз.
-«Уақыт талабына қарай, біздің ескі шапанымызды шешіп, ұлттық шапанымызды киетін уақыт келді. Абайдың «толық адам» туралы іліміне кең өріс беретін заман туды» деген екенсіз бір сұхбатыңызда. Сонда һәкімнің іліміне әлі де кең өріс берілмей келе ме?
-Квантты физиктердің айтуынша, біз «материя мәңгілік, ол өзгермейді» деген танымнан бас тарттық, ол жалған ұғым болып шықты. Енді біз энергетикалық өріс арқылы әлемді билеуші, дүниенің бастауында Ұлы сана тұр деген жаңа танымға бет бұрдық. Ол, әрине, құдай ғой. Мұны тез қабылдау да мүмкін емес. Бес жүз жыл бойы атейзммен, материализммен басы қатқан Еуропа бұған бірден келе алмайды. Ал Ресей болса, оның ішінде біз де болдық, марксизммен қалыптасқан. Олар да қиын жолға, қиыс арнаға түсіп кетті. Олар да үн көтере алмайды. Ал біз тек Абай арқылы үн көтеріп отырмыз.
Абай «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» дейді өзінің жетінші қарасөзінде. Ал соны XVI ғасырда еуропалықтар білген ғой. Бірақ олар айтпады. “Жан дегенді білеміз, бірақ ұстай алмаймыз, көрмейміз, өлшей алмаймыз, шамамыз келмейді. Одан да дүниенің көрінген сырына үңілейік» деді. Сөйтіп, технологияны қарыштап дамытып, қазіргі дүниенің бәрін жасады ғой. Сөйтті де өздері шойырылып қалды. Моральдық жағынан төмендеді. Мінез-құлықтары бұзылды. Оларда соны жөндеп алатын ілім жоқ. Біз де ұрындық оған. Бірақ біз құтылып кетеміз. Өйткені, бізде ұлы құрал бар. Ол – Абайдың «толық адам» ілімі. Біздің бабаларымыз мұның негізін біздің эрамыздан жеті ғасыр бұрын қалыптастырған. Алып ер Тоңғаны Иран патшасы шақырып, у беріп өлтіреді ғой. Өлер алдында: «Мені ахи деп біліңдер. Ол менің жария атым болсын» дейді. Осыдан кейін түрік қалаларында ахилік ұйымдар күшейе бастайды. Мәселен, бір топ жігіттер жұмыс істейді, тапқан-таянғанынан керегін ғана алады да, қалғандарын кедей-кепшік, жетім-жесір, мұқтаж адамдарға тарататын болған. Осылайша бүкіл түрік даласында ахиларды мадақтау культі көтерілген. Ахи деген не? Бұл жомарттар деген сөз. XI ғасырда Жүсіп Баласұғын деген ақын шықты. Ол ахилік үрдісті ары қарай дамытып, жауанмәрттілік (зомарт-жомарт) ілімін жазды. Жауанмәрттіліктің 4 негізі бар. Төрт негіз – төрт кейіпкер. Бұл патшаларға елді қалай билеу керектігін үйрететін, әділдікпен билеуге жол нұсқайтын, қысқасы, патшалардың сарайларында тұратын кітап болды. Түрік халқында бірінші жазылған кітап. XIІ ғасырдан бастап сопылық ілім тарай бастады. Оның негізін салған – Яссауи. Бұл кісі пенделіктің кәмалаттығы жолын ұстанды. Олар айтты: «Мына дүниені қой. Үйленбе де, қызық та көрме. Тек қана ана дүниеге даярлан» деді. Ал Абайдың жолы – инсанияттың кәмалаттығы. Бүкіл адамзаттың жолы. Адамшылықтың жолы. Абай не деді? «О дүниені де ойлайық, мына дүниені де ұмытпайық, екеуін теңестіріп алып қалайық» деді.
-Абай сонда Яссауиден де терең, адамзаттық деңгейде ой толғап отыр дейсіз ғой.
– Абай бір жақты кеткен жоқ. Тереңнен ойлады. Яссауи тек бір жағынан кетті. Оның да өз кемшіліктері болды. Осыдан келіп кейін бізді патша үкіметі жаулап алды. Қазақтарды жаулап алған Сперанский деген Сібірдің генерал-губернаторы патшаға «Мына қазақтарға не істейміз? деп хат жазған. Сонда патша: «Бұлардың елінде сексеуіл деген ағаш өседі. Шеге қақсаң, кірмейді, балталасаң, сынбайды. Тек бір-біріне соқсаң, өзіне-өзін ұрсаң быт-шыты шығады. Дәл осы тәсілді қазақтарға қолданайық» деген. Сөйтіп, олар қазақтарға қарсы саясатын анықтады. Бізді тек бір-бірімізге айдап салып, быт-шытымызды шығару жолын ұстанды. Әуелгі кезде қазақтарды алдарқату үшін аға сұлтан билігін шығарды. Орта жүзде аға сұлтан, Кіші жүзде сұлтан правитель, Ұлы жүзде датқалар болды. Осы кезде біздің әдебиетіміз үшке бөлініп кетті. Сұлтан правительдің образын жасаған – Махамбет. Яғни, Махамбет бастаған топ. Аға сұлтанның образын жасаған – Дулат Бабатайұлы. Датқалардың образын жасаған – Сүйінбай ақын. Сөйтіп, XІХ ғасырдың бірінші жартысында тұтас тұрған әдебиетіміз үшке бөлінді.
1867 жылы жаңа низам ережесі қабылданды. Елді болыстықпен билеу керек деді. Аш иттер сүйекті тастағанда алды-артына қарамай бас салады ғой, қазақтарды болыстыққа тура осылай итше таластырды. Орыстың знагына таласамыз деп бүкіл рухани дүниеміздің быт-шытын шығардық.
– Алматыда КазПИ-де оқыған кезіңізде белгілі ғалым Сәрсен Аманжоловтың дәрісін тыңдаған екенсіз.
-Бірінші курстамыз. Ауылдан жаңа келгенбіз. Профессорды алғаш көруіміз. «Профоссер деген біртүрлі болатын шығар» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, профессор да кәдімгі адам екен. Сәрсен Аманжолов бізге диалектология деген пәннен дәріс оқыды. Кішіпейіл. Кішіпейілдігі сондай, сабақ бергенде студенттер шулап кетеміз. Өріп жүреміз. Қарамайды да, ұрыспайды да. Ақырындап лекциясын оқи беретін. Ол кісі бізге бір жылдай сабақ берді. Сол кездері ол кісінің «Вопрос языкознания» деген кітабы шыққанда үлкен айтыс болды. Бұл кітапты сол кісі аударған еді. Біз университетте сол кітаппен оқыдық. Алтай деген баласы болды. Шамасы 9-класта оқып жүрді-ау деймін. Біз жатақханада тұрамыз. Ол кісілер де жатақханада тұратын. Алтай далада отын жарып жатады. Қалада өскен бала ғой, дұрыс жара алмайтын. «Ей, мынаны былай қойып, ортасынан қойып қалсаң қаққа бөлінеді» деп үйрететінбіз. Кейіннен ағаш жарудың шебері болып алды ғой.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Азамат Қасым