Құқық

Медиаторлардан тегін кеңес алды

2011 жылдың 5 тамызында «Медиация туралы» Заң күшіне енген  болатын. Осынау күн кейін медиаторлардың кәсіби мерекесіне айналды. Өткен аптада Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында Достық үйінің 30 жылдығы мен  республикалық бірыңғай Медиация күніне орай ашық есік күні өтті.  

 Шараға кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, медиаторлар ұйымының жетекшілері мен мүшелері, медиация кабинеттерінің меңгерушілері, ҚХА мүшелері мен қоғамдық келісім кеңестерінің, этно-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Жалпы, медиация сөзі латын тілінен аударғанда бітімгер деген мағынаны білдіреді. Ендеше медиатордың мақсаты – дауласқан қос тарапты ортақ бітімге келтіріп, татуластыру.

– 2016 жылдың күзінде облыстық сот, Ассамблея, Достық үйі, сондай-ақ қаладағы медиаторлар арнайы меморандумға қол қойған болатын. Ол бойынша Достық үйінде медиаторлардың халықты қабылдап, толғандырған мәселелерінің оң шешілуіне жағдай жасау туралы келісім жасалып, Медиация жөніндегі оқу орталығы мен Медиация кабинеті ашылған болатын. Содан бері медиаторлар арнайы кесте бойынша жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар Достық үйінің сайтында медиаторлардың виртуалды кабинеті жұмыс істейді. Онда медиаторлардың партфолиосы бар, онда медиаторлардың аты-жөні, еңбек өтілі, қай жерде қабылдау өткізетіні бәрі бар. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының  31 сессиясында Мемлекет басшысы осы медиацияны әрі қарай дамытып, жандандыру керектігін айтқан болатын. 5 тамыз – Медиация күніне орай қала тұрғындарының медиаторлардан тегін кеңес алуына жағдай туғыздық.   Мысалы, шет елдерде сотқа шағым түсіру үшін сотқа дейін медиатордың алдынан өтті деген анықтама алу мнідетті, – дейді облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков.

Ашық есік күнінде жұмыс істеген медиаторлардың бірі – медиаторлардың ұлттық палатасының директоры, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының аға оқытушысы Марианна Дячук. Айтуынша, 2011 жылы «Медиация туралы» Заң күшіне енгеннен кейін университетте магистрлерге арналған «Азаматтық дауларды соттан тыс шешудің бағдарламасы» атты жаңа жоба қолға алынып, жүзеге асырылған. Бүгінгі таңда осы жоба бойынша 200-ден астап магистр білім алыпты. Марианна Дячуктің өзі де медиацияға келу жолын осыдан бастайды. Ол 2013 жылы медиатор ретінде арнайы сертификатқа ие болады. Қазір ол – Медиаторлардың ұлттық палатасының өңірдегі өкілдігінің директоры.

– Медиацияның болашағы зор. Медиаторлар соттардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, тараптардың уақытын үнемдеп, татуластырып, ортақ мәмілеге келуіне ықпал етеді, – дейді ол.

Марианна Дячук былтыр облыстық ішкі саясат басқармасының арнайы жобасымен 20 медиатор этномедиация саласында білім алғанын айтты. Алдағы уақытта медиаторлар азаматтық немесе қылмыстық істерді шешумен ғана емес, этномедиация саласында да еңбек етпек.

Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығындағы ашық есік күніне келген өскемендіктер мынау тіршілікте өзін толғандырған көптеген сауалға жауап алды. Шара соңында Достық үйінің директоры Э.Төлеубеков медиаторларды кәсіби мерекесімен құттықтап, алғыс хат табыс етті.

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button