Медициналық қызметке халықтың шағымы көп
Айна Ескенқызы
Облыс орталығындағы Достық үйінде қала тұрғындарымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі бойынша кездесу өтті. Басқосуда азаматтар әдеттегідей жеңілдік берілген топтағы адамдардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы, бейінді мамандардың консультациялық көмегін ұзақ күту сияқты мәселелерді ортаға салды.
Оған Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев, алғашқы көмекті жүзеге асыратын емханалардың бас дәрігерлері қатысты.
– Мұндай диалог алаңдары қор жұмысын түсіндіруде, қызметтің ашықтығы мен сақтандырылмағандарды жүйеге тартуда және халықты қамтуда маңызды рөл атқарады, – деді Ирина Смит.
– Егер сізге шұғыл медициналық көмек қажет болса, ол сізге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қолжетімді. Жоспарлы медициналық көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, қалпына келтіру, стационарлық көмек, күндізгі стационарда емдеу және тағы басқаларын алу үшін «сақтандырылған» мәртебесіне ие болу қажет. Бүгінде Өскеменде 70 мыңға жуық адам жүйеден тыс қалып отыр, осы азаматтарға түсіндіру және оларды жүйеге тарту бойынша үлкен ведомствоаралық жұмыс атқару керек, – деп атап өтті Нұрлан Қыдырбаев.
Кездесуде тұрғындар әдеттегідей жеңілдік берілген топтағы азаматтардың тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі, мамандардың консультациялық көмегін ұзақ күту сияқты мәселелерге шағымданды.
– Осы жылдың үш айында ғана медициналық сақтандыру қорының филиалына қала азаматтарынан 115 арыз түсті, олардың бәрі көрсетілген медициналық қызметтерге шағымданды, демек емханада пациент шағымына ешкім назар аудармаған, пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істемеген, – деді қор филиалының директоры.
Айта кетсек, биыл МӘМС пакетіндегі қызметтерге Өскемен үшін шамамен 11 миллиард теңге бөлінді, қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе өсті.
Түйіндей келе, облыстық филиалдың директоры Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ең алдымен пациент құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Егер медициналық көмек сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, оларды өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне қоя аласыз. Егер жағдайды жергілікті жерде шешілмесе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot байланыс арнасы арқылы жүгіне аласыз. Дәл осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге де мүмкіндік береді.