Денсаулық сақтау

Медициналық туризмді дамытудың бағдарламасы әзірленеді

Жыл сайын біздің облыста 150-ге жуық шетелдік азамат және 600-дей өз еліміздің өзге өңірлерінен келген адамдар жоспарлы түрде ем алады екен. Осы ретте «емханаларымыз медициналық туризмге әзір ме?» деген заңды сауал туындайды.

Бұл мәселе аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде талқыға салынды.

Жиында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова медициналық туризмнің даму келешегі туралы мәлімет берді. Маманның айтуынша, облыстың ауруханаларына арнайы келіп емделетін өзге елдер мен өңірлер азаматтарының саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл біздегі емдеу мекемелеріне деген сенімнің артқанын көрсетсе керек.

Шет елдерден кеп емделетіндер көбінесе Қытай, Ресей, Өзбекстан азаматтары, ал басқа облыстардан келушілердің дені көршілес Павлодар мен Алматы өңірлерінен екен.

Басқарма өкілі облыс ауруханаларына заманауи құралдар орнатылғанын, дәрігерлердің біліктілігі өсіп келе жатқан біздегі медициналық мекемелердің озық отандық әрі шетелдік клиникалармен өзара тиімді байланыстар орнатқанын алға тартты. Бұдан бөлек, қазіргі кезде емханалар JCI сапа сертификатын алуға, медициналық туризмді өркендетуге талпынуда.

– Медициналық туризм қызметтерін облыста сегіз емхана көрсетеді. Олар – облыстық аурухана, облыстық мамандандырылған медициналық орталық, ана мен бала орталығы, онкология және хирургия орталығы, Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы, ядролық медицина және онкология орталығы, облыстық оңалту орталығы және көз микрохирургиясы орталығы. Шетелдік науқастарға қан айналымы жүйесі аурулары, хирургия, травматология, нейрохирургия, офтальмология, оңалту бағыттары бойынша қызметтер көрсетіледі, – деді Райфа Сафиоллинова.

Жиында аталмыш сегіздіктің қатарына өзге де емханалар қосылатыны белгілі болды. Атап айтсақ, Аягөз бен Алтай қалаларында іске қосылатын тері арқылы коронарлық араласу орталықтары осы тізімге енгізілмек. Қызметтердің саны да артып, қатерлі ісікті заманауи тәсілдер арқылы емдеу ұсынылады.

Ауруды анықтау мен емдеуден бөлек, Шығыс өңірі сауықтыру бағытындағы қызметтерді де көрсетуге қауқарлы. Өңірде бірегей шипажайлар мен демалыс аумақтары бар. Бір ғана Алакөлдің шипалы балшығы мен Катонқарағайдағы пантымен емдеу орындарын алсақ жеткілікті.

– Қазір Катонқарағай ауылындағы ауданаралық аурухана негізінде «Алтай» курортын ашу жобасы іске асып жатыр. Ол жерде пантымен, түрлі шөптермен, халықтық медицина әдістерімен емдеу және сауықтыру қызметтері көрсетілетін болады. Осы мақсатта бір топ біздің дәрігерлер Қытайдың Алтай қаласына барып, сондағы халықтық медицина орталығында білім алмақ. Қазірдің өзінде аталмыш аурухана үшін 115 миллион теңгенің 17  жаңа құрал-жабдығы сатып алынып отыр, – деді  баяндамашы.

Ал Алакөлде жыл он екі ай жұмыс істейтін шипажай ашу үшін облыс делегациясы Аустрияға барып келіпті. Олар сол елдегі радонды сулармен емдейтін мекемелердің тәжірибесін көрген. Мұнымен қоса, денсаулық сақтау басқармасы еліміздегі курорттар қауымдастығымен және ел Президенті істер басқармасының медициналық орталығымен Алакөл суы мен сазын қолдана отырып емдеудің әдістерін бірлесе әзірлеуге келіскен.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов сала басшыларына бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

– Соңғы үш жылда біз 24 миллиард теңгенің медициналық құрал-жабдықтарын сатып алдық. Ендігі мақсат – дәрігерлердің біліктілігін арттыру. Ол үшін біз бұдан екі есе көп қаржы жұмсауға әзірміз. Бірақ әр дәрігердің жұмыс тиімділігі ескерілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Енді қай дәрігердің қандай құралда жұмыс істейтіні анықталып, қызметі бағаланады. Медиктер заманауи құрылғыларды меңгеру үшін жоқ дегенде жарты жыл Еуропада білім алуы тиіс.

Аймақ басшысы облыстағы жекелеген медициналық мекемелердің халықаралық JCI стандартына көшуіне күш салуды да тапсырды.

– Қараша айында медициналық туризмді дамытудың бағдарламасы әзір болсын. Алдағы екі жылда Семейдің жедел медициналық жәрдем ауруханасы мен Өскемендегі ана мен бала орталығы JCI стандартына көшуі керек. Еліміздегі озық клиникалармен байланысты одан әрі тереңдете берген жөн. Басты мақсат – келешекте Шығыс Қазақстанның медицина саласын еліміз бойынша көшбасшы орынға көтеру, – деді Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасын шетелдік озық клиникалардың біріне басқаруға беру туралы ойымен де бөлісті.

– Солай жасаған дұрыс деп есептеймін. Біздің басшыларға сенбегендіктен емес, жоғары деңгейдегі әлемдік медицинаның қандай болатынын үлгі ретінде көрсету үшін. Біз осылайша, мол тәжірибе жинақтай аламыз. Сол кезде дәрігерлеріміз шетелдермен қатар, аталған мекемеде де сапалы оқи алатын болады, – деді осы ретте облыс басшысы.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button