Медицина мекемелері қайта жаңғырады
Азамат Темірбеков
Келер жылы Зайсан және Шемонайха аудандарының ауруханаларына томограф аппаратын сатып алуға ақша бөлінеді.
Бұл туралы алдағы үш жылдың бюджетін саралаған облыстық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясында мәлім болды. Жалпы, сессияда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы, облыстық және аудандық бюджеттердің 2023-2025 жылдар аралығындағы трансферттері туралы баяндалып, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша тұрақты комиссияның есебі тыңдалды. Сонымен қатар халық қалаулылары облыстың бірнеше азаматына Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атағын беру, жер комиссиясы, жерүсті және жерасты су көздерінен су алу тәртібіне, терроризмге қарсы комиссияның, төтенше жағдайларды жою және ескерту комиссиясының дербес құрамдарын бекіту және ауданаралық теміржол қатынасы сияқты бірқатар маңызды мәселелерге қатысты шешім қабылдады.
Өңір бюджеті қаражатының алдағы үш жылда бөлінетін салалары туралы баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Бельбеев аталған аралықта денсаулық сақтау саласына 32,6 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталатынын атап өтті.
– Қаражаттың бір бөлігі мамандандырылған бөбектер үйін күтіп ұстауға, медициналық қамтамасыз ететін екі базаға және жоғары медициналық колледжге бағытталады. Вакциналар мен иммунобиологиялық препараттар сатып алуға 1 247,5 миллион теңге бөлінеді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар облыстық бюджеттен қаражат 23 дәрігердің Оңтүстік Корея, Израиль, Ресей және Латвия сынды шетелдерде білім алып келуіне де жұмсалмақ. Бұдан бөлек ел заңнамасына сәйкес, келер жылы денсаулық сақтау ұйымдарының капиталды шығындары минималды болмақ. Яғни, Зайсан және Шемонайха аудандарындағы ауруханаларға екі томограф, стационарлық және амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарға 91 медициналық техника сатып алуға, жеті денсаулық сақтау ұйымының ғимаратын жөндеуге қаражат бағытталады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде емхана ғимаратын салу, көпсалалы онкология және хирургия орталығын қайта жаңғырту, «Ауыл медицинасын модернизациялау» бағдарламасы арқылы ауыл-аймақтардағы 21 медициналық пункт пен дәрігерлік амбулатория ғимараттарын жөндеу жоспарда бар.