Денсаулық сақтау

Медицина қызметінің сапасы артты

Азамат Темірбеков

Бородулиха ауданында халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында медициналық ұйымдарға заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде.

Бүгінде Бородулиха аудандық ауруханасы екі стационардан тұрады. Сонымен қатар аудан аумағында 11 дәрігерлік амбулатория, 17 медициналық пункт пен үш фельдшерлік-акушерлік пункт бар. Ал аталмыш медицина мекемелерінде тіркелген халық саны 31 мыңнан  асып жығылады. Жалпы, барлық учаскелердегі бір учаскелік дәрігерге түсетін орташа жүктеме – 1484 адам.

Аудан тұрғындарына тәулік бойы мамандандырылған шұғыл медициналық көмек көрсететін орталық аурухананың стационарындағы 90 төсек-орын терапевтік, хирургиялық, гинекологиялық, педиатриялық, инфекциялық, жүкті әйелдер патологиясы, перзентхана сияқты бағыттарда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ үш төсекке арналған жансақтау бөлімшесі де жұмыс істейді.

Коронавирус инфекциясымен күрес аясында эпидемияға қарсы жүргізілген іс-шараларға байланысты 22 төсек жабдықталып, төрт реанимациялық төсек орналастырылды. Қазіргі уақытта аталмыш бағытта алты төсек пен бір реанимациялық орын сақталған.

Бүгінде медициналық жабдықтармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандыру көрсеткіші – 83 пайыз. Жалпы, аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін жұмыста заманауи медициналық технологиялар кеңінен енгізілуде. Атап айтсақ, облыста алғашқылардың бірі болып «Karl Storz» эндовидеохирургиялық кешені енгізіліп, жұмысы жолға қойылды. Аталмыш құрылғы ішкі мүшелер мен жамбас қуысына аз инвазивті хирургиялық араласулар жасауға мүмкіндік береді. Аудан хирургтары 2022 жылдың өткен кезеңінде барлығы 391 ота жасаса, оның 35-і осы эндовидеохирургиялық кешенде өткізілді.

Соңғы жылдары осы салаға жаңадан келген мамандарға әлеуметтік қолдау  да күшейтілген. Атап айтсақ, бір маманға айлық есептік көрсеткіштің жүз еселенген мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу көзделсе, биыл 306300 теңге мөлшеріндегі көтерме жәрдемақы алты қызметкерге беріліп, жалпы сомасы 1,8 млн. теңгеден асып жығылды. Сонымен қатар 1500 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік кредиттер биыл бес қызметкерге төленді. Бұдан бөлек аудандағы медициналық мекемелерге жұмыс істеуге келген мамандарға үш пәтер бөлінді.

Медицина қызметкерлерінің сапасын арттыру бағытында да бірқатар жұмыс атқарылып, біліктілікті арттыру жоспары бойынша 51 адам оқытылды. Бұған дейін облыстық бюджет есебінен шетелде жеті маман шеберліктерін шыңдап келген болатын.

Жалпы, соңғы төрт жыл көлемінде аудандық аурухана күрделі жөндеуден өткізіліп, перзентхана бөлімшесі заманауи құрылғылармен жабдықталды. Сондай-ақ аурудың алдын алу бағытындағы шаралар күшейтіліп, бастапқы буын деңгейіндегі скринингтік бағдарлама енгізілді. Нәтижесінде, биыл нозологияның алты түрі бойынша скринингтік тексерулер жүргізу жоспарланып, онкопатология, қант диабеті, колоректоралды обыр, сүт бездері обыры, жатыр мойны обыры сияқты қауіпті дерттерді скринингтеу жүргізіліп, анықталған науқастар диспансерлік есепке алынды. Оған қоса аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл-аймақтардың халқын да скринингпен қамту жүргізілді.

 

 

Осы айдарда

Back to top button