Медициналық қызметтің жаңа деңгейіне көтерілеміз

Кеше облысымызға Ұлттық ғылыми кардиология орталығының басқарма төрағасы, атақты кардиолог-хирург Юрий Пя, Ұлттық нейрохирургия орталығы Басқармасының төрағасы, профессор Серік Ақшолақов және Травматология мен ортопедия ғылыми-зерттеу институтының директоры Нұрлан Батпенов келді.
Республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары облыстың бірқатар емдеу мекемелерін аралап, келешекте бірге жұмыс істеу мақсатында облыстық аурухана мен Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігерлерімен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Облыстық аурухананың кардиология орталығы ашылғалы Юрий Пя жетекшілік ететін республикалық клиникамен тығыз қарым-қатынас
орнатқан.Аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмаханов Юрий Пяны соңғы төрт жылда емдеу орнында орын алған өзгерістермен таныстырып шықты.
Облыстық аурухана тұрғындарға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Емдеу орнында үш ангиограф аппараты орнатылған, олардың үшеуінде үш түрлі ота жасалады. 2016 жылы алынған ангиограф қондырғысында жүрек пен мидың тамырларына, 2012 және 2007 жылы алынған ангиографтарда аяқтардың тамырларына тексерулер жүргізіледі.Бас дәрігердің сөзіне қарағанда, 2007 жылы алынған құрал күрделі жөндеуден өткенімен, оны алмастыру қажет.
2018 жылға дейін біздің кардиологтар күрделілігін 8 балды шкаламен есептегенде, 4-дәрежелі оталарды жасап келсе, өткен жылы күрделілігі 6-дәрежелі алты операция, 7- дәрежелі күрделі бір ота жасады. Бұл ең алдымен ұлттық кардиология орталығы мамандарының көмегінің, солар өткізген шеберлік сыныптарының нәтижесі, – дейді бас дәрігер.
Ал Юрий Пя біздің жергілікті кардиохирургтердің 2018 жылдың қаңтар айында астаналық кардиологтармен бірігіп теңдесі жоқ ота жасағанын айтады. Тіпті мұндай операцияны Ресейдің өзінде тек Новосибирск қаласында ғана жасайды екен.
-Өкпе гипертензиясы кезінде жасалатын бұл отаны тіпті әлемде бірен-саран адам жасайды, – деп атап өтті танымал ғалым-кардиохирург.Осы жолы да атақты ғалым шығысқазақстандық кардиологтарға шеберлік сыныптарын көрсетті. Екі адамға жасалған операция кезінде біздің дәрігерлерге ақыл-кеңесін айтып тұрды.
Астаналық ғалымдар бұдан кейін облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жұмысымен танысты.
Орталықтың бас дәрігері Юрий Старокожев емдеу орны көпсалалы болғандықтан, негізінен перифериялық қан тамырларын тексеруді дамытуды көздейтіндерін айтты. Өйткені жылына 322 аяқ кесіледі екен. Науқастардың 95-96 пайызына жедел түрде қызмет көрсетіледі.
-Облыста қазір бес инсульт орталығы жұмыс істейді. Олардың үшеуі үшінші деңгейлі, Аягөз бен Алтай қаласында ашылған екі орталық екінші деңгейлі. Олар қазіргі таңда 320 мың тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Егер бұрын ауыр науқастарды темір жолмен, санавиациямен үлкен қалаларға жеткізуге тура келсе, қазір өте қолайлы. Аз уақыттың ішінде төрт мыңнан астам адам тексеріліп, 400 науқас инсульт орталықтарында емделіп шықты, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақов бүгінгі таңда осы сала бойынша науқастарды бір протоколмен емдеу жүйесі қолға алынып жатқанын жеткізді.
-Инсульттің өзін емдегеннен оның алдын алуға тырысу керек. Дүниежүзілік денсаулық ұйымының деректері бойынша, он инсульт жағдайының сегізінің алдын алуға болады екен. Сол себепті дерттің профилактикасына көбірек көңіл бөлген дұрыс. Қант ауруымен ауыратындар, артық салмағы барлар, қан қысымы жоғары жандар және жүрегінің қағысында ақауы барлар тәуекел тобына жатады, бұлар үнемі кардиологтың қадағалауында болғаны дұрыс, – деген кеңесін де берді нейрохирург-ғалым Серік Қуандықұлы.
Ұлттық ғылыми орталықтардың ғалымдарын облыс әкімі Даниал Ахметов қабылдады.
-Мен сіздердің келгендеріңізге қуаныштымын. Біздің емдеу орындарының жабдықталуын көрдіңіздер. Жетпей жатқан тұстары болса, айтыңыздар, құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге дайынбыз. Биылдың өзінде осы мақсатқа 6 миллиард теңге бөлініп отыр, 18,8 миллиард теңгенің құралдары алынды. Біз медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне көтерілуіміз тиіс, – деп атап өтті облыс басшысы.
Семей жедел жәрдем ауруханасындағы ангиограф – Қазақстанда ғана емес, барлық еуразиялық кеңістіктегі жалғыз осындай құрал. Облыс әкімі «алдағы міндет – аталмыш аурухана халықаралық GSI стандартының сертификатына қол жеткізуі тиіс» деді.
Семей қаласында бірнеше бағытты қамтитын гибридті операция бөлмесін жабдықтау қолға алынбақ, травматология саласына өткен жылы 330 миллион теңгеге құрал-жабдық алыныпты.
Республикалық ғылыми-зерттеу институттарының директорлары мен облыстық ауруханалар және Семей жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігерлері ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Айна Ескенқызы