Денсаулық сақтау

Медициналық туризмді дамытуға ықпал етеді

 

Катонқарағай мемлекеттік табиғи паркінің базасында марал өсірушілердің халықаралық семинары өтті. Өңірдегі марал өсіруші шаруалар мен шетелдік сарапшылардың және мемлекеттік органдар басшыларының басын қосқан отырыста аталмыш шаруашылық саласы сараланып, панты өнімдерін өндіру жайы талқыланды.

– Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда аудандағы 11 шаруашылықта 4,3 мың марал мен теңбіл бұғы бар. Марал саны бойынша Катонқарағай ауданы облыс пен республикада алдына жан салмайды. Жыл сайын ауданның марал шаруашылықтарында төрт тонна шикі немесе екі тонна мөлшерде консервіленген панты өндіріледі. Бүгінгі күні аудандағы алты шаруашылық марал басын асылдандыруды қолға алған. Соңғы үш жылда марал шаруашылығына республикалық бюджеттен 83,3 млн. теңге субсидия бөлінді. Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес, аудандағы марал шаруашылықтары 2018 жылы 12 млн. теңге мөлшерінде субсидия алды. Аудандағы 11 пантымен емдеу орындары медициналық туризмді дамытуда ерекше рөл атқарады. Ақсу ауылында биологиялық белсенді қоспалармен байытылған пантыны бал, емдік шөптерді қолдана отырып өңдейтін «Ақсу ДЭЕН» АҚ-ның шағын цехы жұмыс істейді. Осындай өнімді Қазақстан бойынша «Катонқарағай теңбіл бұғы паркі» және «Баян» шаруа қожалықтары өндіріп сатады, – деді аудан әкімі Ренат Құрмамбаев.

Семинар барысында ауданның марал өсіру шаруашылықтарының ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыстары қорытындыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы директорының ғылым жөніндегі орынбасары, республикалық марал–бұғы шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаров марал шаруашылығын дамыту, өнімді қайта өңдеу және саланың әлеуетін тиімді пайдалану перспективалары жайын айтса, қытайлық маман, профессор Ксю Сю Мей Қытайдағы марал шаруашылығын дамыту, марал ұстау және азықтандыру тәжірибесімен бөлісті.

Бұдан бөлек, марал шаруашылығы басшыларының көкейкесті сұрақтарына мемлекеттік органдар басшылары жауап беріп, «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасының атынан семинар қатысушыларына арнайы сертификаттар табыс етілді. Семинарға қатысушылар Белқарағай ауылдық округіндегі «Баян» марал шаруашылығында болып, мүйіз қайнату және кептіру технологияларымен танысты.

Тұрсынқан Базарбаев

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button