Денсаулық сақтау

Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмау үшін не істеу керек?

Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмау үшін не істеу керек?


Елімізде 2020 жылы жұмыс істей бастайтын медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сауалдар оқырмандарымыздан әлі де толастар емес. Біз бұған дейін де жүйенің қандай артықшылықтары барын, қанша мөлшерде жарна төленетінін түсіндіріп жазғанымызбен, ақпаратпен толық қамтылмай қалған жандар әлі де кездеседі. Әсіресе көпшілікті өзін-өзі қамтушылар мен мүлде жарна аудармайтындардың ертең дәрігерлік көмекті кімнен, қалай алатыны толғандырады екен. Сақтандыру жүйесін енгізуді бастапқы мерзімнен кейін шегеруге не себеп болды? Медициналық қызметтер алдағы уақытта қалай көрсетіледі, сақтандыру полисі беріле ме? Міне, осы және басқа да сұрақтарды біз Әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалы директоры Болат Алиевке қойған едік.

– Болат Хайроллаұлы, елімізде медициналық сақтандыру 2020 жылы күшіне енетіні белгілі. Алайда жарналарды жинау 2017 жылы басталып, әлі де жалғасып келеді. Мұны қалай түсінуге болады?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) енгізу реформасы Қазақстан заңнамасына сай қолға алынған. Оған біртіндеп өзгерістер енгізілді. Қазіргі таңда МӘМС қорына жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер жалдамалы жұмысшылары үшін аударымдар жасауда. Бұл төлемдер қорға 2017 жылдың шілде айынан түсе бастады.

Медициналық сақтандыруды енгізу не себепті 2020 жылға шегерілгенін еске алып көрейік. Өйткені МӘМС жүйесіне тұрғындардың барлық санаттарының қатысуы үшін бірқатар өзекті проблемаларды, әсіресе өзін-өзі қамтушыларға қатысты, шешу керек болды.

ҚР Еңбек министрлігінің ресми мәліметтері бойынша, 2019 жылдың басында елімізде тіркелген жұмыс істейтін барлық азаматтардың 16% формалды емес жұмыс істеушілер. Арасында өздерін «жалдамалы жұмысшылармыз» дейтіндері де бар, бірақ олардан не зейнетақы қорына, не болмаса басқа да қорларға төлемдер жасалмайды. Кейбір жұмыс берушілердің өздері кейде еңбек қатынастарын бекітуден жалтарады, осы іс-әрекетімен жұмысшысын әлеуметтік қорғаудан шеттетеді, болашақта МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметке қол жеткізуіне кедергі келтіреді. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде бір жарым миллионнан астам азамат заңды экономикалық аймақтың шеңберінен тыс қалған. Сол себепті өзін-өзі қамтушылардың МӘМС жүйесінен тыс қалу қатерлерін жою, олардың өздерін болашақта әртүрлі бақытсыз жағдайлардан сақтандыруына жағдай тудыруөте маңызды.

-Бұл үшін қандай механизмдер қолданылуда?

– Қазақстанда 2019 жылы өзін-өзі қамтушылар үшін арнайы Бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Бұл төлем жұмыс істейтін барлық азаматтарға міндетті болып саналатын төрт төлем түрін: жеке кіріс салығын, әлеуметтік сақтандырудың Мемқорына әлеуметтік аударымдарды, БЖЗҚ-на зейнетақылық төлемдер мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымды біріктірген.

Еліміздің астанасы мен республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент қалалары, облыс орталықтарының ( ШҚО-да Өскемен, Семей қалалары) тұрғындары үшін бұл төлемнің көлемі 2019 жылы 1 АЕК мөлшерін құрайды, бұл – 2 525 теңге. Басқа қалалар мен елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК немесе 1 263 теңге.

Бірыңғай жиынтық төлемді басқа жеке тұлғаларға жалданбай, қызмет көрсететін адамдар төлей алады. Мысалы, азамат өзінің омартасы есебінен күн көреді делік. Немесе тігінші әйел үйінде тапсырыс бойынша басқаларға киім тігеді, не болмаса бала күтеді, өз бақшасының өнімдерін сатады. Бүгінде репетиторлық сабақтар жүргізетін жастар көп. Шақырту бойынша компьютерлерге бағдарламалар орнату да кең тараған. Міне, осындай қызмет көрсетумен айналысатын адамдардың кез келгені БЖТ төлей алады, олар үшін бұл барынша тиімді.

– Сонда БЖТ төлегендер нақты не ұтады?

– Ең алдымен, БЖТ төлеушілерінде базалық зейнетақыны жоғарылатылған мөлшерде алу мүмкіндігі туады, себебі олардың жұмыс өтілі есептеледі.

Екіншіден, МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін медициналық қызметті толық көлемінде ала алады. Бұл өте маңызды. Үшіншіден, әлеуметтік сақтандырудың мемқорынан да төлемдерді толық алуына болады. Өмір болғасын, әртүрлі жағдайлар кездеседі. Мысалы, жүктілігіне байланысты немесе босану мен бала бір жасқа толғанша күтім жасауға берілетін жәрдемақылар бұл азаматтарға да тиесілі. Жазатайым еңбекке жарамдылық қабілетін жоғалтып, мүгедектікке шалдығып қалған болса, онда да жәрдемақы тағайындалады. Бұдан басқа асыраушысынан айырылғанда, жұмыссыздыққа байланысты, бала асырап алғанда және басқа да жағдайларда мемлекеттен берілетін толып жатқан жәрдемақыларды алуға құқылы. Бір сөзбен айтқанда, өзін өмірдің бұралаңдарында кездесетін сәтсіздіктерден қандай да бір дәрежеде сақтандыруға мүмкіндік береді.

– Бірыңғай жиынтық төлемнің сомасы қалай бөлінеді?

– Жоғарыда айттым, азамат 2 525 теңге аударды делік. Бұл сома «Азаматтар үшін Үкіметтің» есепшотына келіп түседі. Мемлекеттік корпорация бұл ақшаны төрт санатқа бөліп, аударады.

10 пайызы немесе 253 теңге ЖКС ретінде жергілікті бюджетке түседі;
20 пайызы немесе 505 теңге аударған адамның атына, Мемқордағы әлеуметтік сақтандыруға;
30 пайызы немесе 757 теңге – жеке зейнетақы есепшотына;
40 пайызы немесе 1 010 теңге – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі. Көріп отырғандай, медициналық сақтандыруға төлемніңең үлкен бөлігі аударылады.

– Бірыңғай жиынтық төлемді қайда төлеу керек?

– БЖТ-ді Қазақстанның кез келген банкінде, сонымен қатар банктердің мобилді қосымшалары арқылы, сондай-ақ «Қазпоштаның» бөлімшелерінде төлеуге болады. Ол үшін жеке бас куәлігінің түпнұсқасы керек. Төлеуші ақшаны өзінің ИИН арқылы «Азаматтар үшін Үкімет» мемкорпорациясының банктік шотына аударады. Бірыңғай классификатордағы БЖТ коды – 183.

Азамат өзінің ИИН енгізген кезде тұрақты тіркелген жері бойынша төлемнің мөлшері шыға келеді. Мысалы, ол Астанада жұмыс істегенімен, тіркеуі ауылда болса, ай сайын 1 263 теңге төлейтін болады.

Тағы бірескеретінжәйт, Қазпошта бөлімшелері мен банктерде ақша аударған үшін көп мөлшерде, тіпті 500 теңгегедейін комиссия алады.

Сол себепті Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі балама ретінде БЖТ-ді СМС хабарламасы арқылы төлеуді ұсынады. Бұл қызметтің комиссиясы 100 теңге, ағымдағы ай үшінұсталады. Олүшін 5505 нөміріне \”gorodesp ИИН\” мәтіні (астана, республикалықмаңызы бар қалалар мен облыс орталықтары үшін) және \”seloesp ИИН\” мәтіні (басқа елдімекендердің тұрғындары үшін) жазылған SMS жолдаса, болғаны. Мысалы, gorodesp 1234567890 .

-Сонымен өзін-өзі қамтушылардың жүйеге қалай қатысатынын жан-жақты талдадық. Оқырмандарға барлығы түсінікті болар деп ойлаймын. Ал енді мүлде ештеңе төлемейтіндердің жағдайы қалай болмақ? Олар келесі жылдан бастап дәрігерлік көмексіз қалама?

– Жоқ, ешкім де медициналық қызмет аясынан тыс қалмайды. Мемлекет ақша аудармаса да, 2020 жылдан бастап барлық азаматтарға, оралмандар мен ҚР-да тұрақты тұратын шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ жандарға минималды әлеуметтік стандарт – медициналық көмектіңтегін пакетін( ТКМКК) ұсынады. Оған жедел жәрдем, санавиация қызметі, алғашқымедициналық-санитарлық көмек, белгілі дерттермен ауыратын науқастарды емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жедел емдеу мекемесіне жатқызу мен стационарды алмастыратын көмек, паллиативті көмек кіреді.

Сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмек аз шеңберде көрсетіледі. Ал МӘМС жүйесіне қатысушыларға, керісінше, 2020 жылы Медициналық сақтандыру қоры қаржыландыратын медициналық қызметтердің кеңейтілген пакеті беріледі.

Біз мұндай тәсіл сақтандырылмаған азаматтардың өзеріктерімен жарна төлеп, сақтандырылғандар қатарына өтулеріне жақсы стимул болады деп санаймыз.

Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмау үшін не істеу керек?

-Тұрғындар өздерінің сақтандыру жүйесіндегі статустарын қалай анықтай алады?

-Әлеуметтік статусты egov.kz. порталында көруге болады. ИИН-ді енгізсе болғаны, қай топқа жататыны шыға келеді. «Жұмыс істеуші», «Әлеуметтік төлемдерді алушы», «18 жасқа дейінгі балалар», «Тіркелген өзін-өзі қамтушылар» немесе «Стасу анықталмаған» деген санаттар бар. Егер статус анықталмаса, оны дереу жөндеу керек, әлі уақыт бар. Егер жұмыссыз болсаңыз, ХҚҚО-ға, жұмыспен қамту орталығына не әкімдікке тіркелу қажет. Егер экономиканың формалды емес секторында бір нәрсемен айналыссаңыз, онда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, БЖТ төлей бастау керек. Тағы маңызды қадам, 2020 жылдан бастап МӘМС пакетіндегі қызметтерді алу үшін тұрғылықты немесе уақытша тұрып жатқан жердегі емханаға тіркелу керек.

-Болат Хайроллаұлы, көпшілік медициналық сақтандыру дегесін қызметтерді алуға міндетті түрде сақтандыру полисі берілуі қажет деп түсінеді. Біздің жүйеде полис қарастырылған ба?

– Жоқ, ешқандай полис берілмейді. МӘМС жүйесінде мәліметтердің бірыңғай электронды базасы жасалады. Сақтандыру жүйесінің қатысушысы ИИН арқылы анықталады. Бұл адамдар үшін өте қолайлы, өзімен бірге қосымша құжаттарды алып жүрудің қажеті болмайды. Медициналық көмекке жүгінген кезде жеке бас куәлігін ұсынса, жеткілікті.

Әзірлеген – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button