Медициналық сақтандыру қорына кім, қанша төлейді?

Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты жиі кездесетін сұрақтарды түсіндіруді жалғастырамыз. Бүгін кімнің, қанша мөлшерде жарна төлейтінін, оларды қалай аудару керектігін талдамақпыз. Материал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының көмегімен дайындалды.
– МӘМС қорына кімдер және қанша төлеуге міндетті?
– 2019 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тек жұмыс берушілер өздерінің жалдамалы жұмысшылары үшін қызметкерлерінің кірісінің 1,5 %-ы көлемінде аударым жасайды. Келесі жылы жұмыс берушілердің аударымы екі пайыз болады, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш үш пайызға жетпек.
Маңызды – қазір қызметкерлердің ешқайсының жалақысынан медициналық сақтандыру үшін ақша ұсталынбайды! Аударымдарды жұмыс беруші өз есебінен жүргізіп отыр. Кезінде жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салықтың көлемі 5% -дан 3,5%-ға азайтылған. Бұл жұмыс берушілерге қаржылық салмақ түспес үшін қарастырылған шара болатын.
Ай сайын қызметкерлер қолдарына алатын еңбекақы көлемі көрсетілген түбіртекте МӘМС үшін төленетін жарна бөлек жолда жазылатын болады. Егер қазір анықтап қарайтын болсаңыздар, қызметкерлерден ешқандай жарна ұсталынып жатқан жоқ. Жалақыдан жарна ұстау 2020 жылы басталады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ресми жұмысқа тұрған адамның кірісінің бір пайызы медициналық сақтандыру қорына аударылады.
– Жарнаны өз бетімен аудару керекпе?
– Жоқ. Егер сіз жұмыс берушімен еңбекшартына отырған болсаңыз. Бұл жағдайда бухгалтер өткен ай үшін барлық есептеулерді өзі жүргізеді де, ол түбіртекте көрсетіледі. Тағы да естеріңізге сала кетейік, қызметкерлердің өз есебінен ұсталатын жарна 2020 жылы есептелген кірісінің 1% , 2022 жылдан 2% көлемінде болады.
– Егер адам бірнеше жерде жұмыс істейтін болса, онда жарна қалай төленеді?
-Жарна барлық еңбекақысынан ұсталады. Алайда аударымдардың шектік өлемі бар – ол 10 ең төменгі жалақы мөлшерінен артпауы керек. 2019 жылы ең төменгі жалақы 42 500 теңге, оны онға көбейтсек, 425 000 теңге. Осы сомадан артық еңбекақыдан жарна ұсталмайды. Мысалы, егер сіздің кірісіңіз миллион теңге десек, оның тек 425 мыңынан ғана жарна ұстайды.
Медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдардың тұрақты түсіп тұруын қадағалау мемлекеттік кірістер департаментіне жүктелген.
Төлемдер уақытында төленбесе, әр кешіктірілген күн үшін – төлем күнін қоса алғанда ресми қайта қаржыландыру бағамының 1,25 еселенген мөлшеріне сәйкес өсім (айыппұл) төленеді. Егер 150 мың теңге жалақымен 30 күн кешіктірілсе, онда өсім 16,41 теңгені құрайды. Мұны әдетке айналдырғандардың есепшоты бұғатталады.
– Жалдамалы жұмысшылардан басқалары жарнаны қашан төлей бастайды? Олар қанша төлейтін болады?
– Жеке кәсіпкерлер өздері үшін 2020 жылдан бастап тиісті қаржы жылы үшін ең төменгі жалақының 1,4 есе мөлшерінен 5% көлемде жарна төлейді. Биылғы ең төменгі жалақы көлемінде мысал келтірсек: 42500 х 1,4 = 59500 теңге, 59500 теңгенің 5 % = 2975 теңге.
Жеке практика мен айналысатын тұлғалардың( адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар), шаруақожалықтары иелерінің төлейтін жарнасы да осы мөлшерде.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде қызмет көрсететін жеке тұлғалар, оларды фрилансердеп те атайды, 2020 жылдан есептелген кірісінің 1% , 2021 жылдан – 2 %, 2022 жылдан – 3% көлемінде жарна аударады.
Өз бетімен төлем жасайтындар, яғни, кәсіпкер ретінде ресми тіркелмеген, еңбек биржасында тұрмағандар 2020 жылдан ай сайын ең төменгі жалақының 5% мөлшерінде жарна төлеугетиіс.
– Қандай санаттағы азаматтар үшін төлемдерді мемлекет төлейді?
– 2020 жылдан бастап мемлекет 15 санаттағы азаматтар үшін төлем аудара бастайды. Олар: балалар, көпбалалы аналар («Алтын алқа»,«Күміс алқа» иегерлері немесе бұған дейін бала тууына байланысты мемлекеттік наградалары бар аналар), жұмыс істемейтін жүкті әйелдер және үш жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар. Осы жерде түсіндіре кететін нәрсе: үш жасқа дейін бала күтімімен әкесі де ( асырап алушы, қамқоршы) айналыса алады, бірақ ол үшін жарна егер ол отбасындағы осындай демалыс алған жалғыз адам болса ғана төленеді. Егер заңды демалысты анасы алса, әкесіне уақытша баламен отырғаны үшінжарна төленбейді. Бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алуға байланысты, баласы (балалары) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар.
Жеңілдікке ие басқа тұлғалар – зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек баланы бағып отырғандар, бала кезден бірінші топ мүгедегі болып табылатын жарымжан тұлғаның күтіміне байланысты үйде отырған жұмыссыздар, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыз азаматтар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар,жұмыс істемейтін оралмандар, орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар, сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторларында отырғандар.
Аталмыш санаттардағы азаматтарға мемлекет 2020 жылдан бастап осыған дейінгі екі қаржылық жылдың орташа айлық еңбекақысының 1,4 % көлемінде, 2021 жылы – 1,6 %, 2022 жылдан – 1,7 % мөлшерінде жарна төлейтін болады.
Дайындаған – Айна Ескенқызы