Денсаулық сақтау

Медициналық орталыққа Бағдат Шаяхметовтің есімі берілді

Медициналық орталыққа Бағдат Шаяхметовтің есімі берілді

Кеше Өскемендегі Жаңа Согра кентінде Бағдат Шаяхметов атындағы медициналық орталық ашылды, яғни, мекеме өз жұмысына толығымен кірісті. Осыған орай, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ емханаға барып, оның жұмысымен жан-жақты танысты.
Титан-магний комбинаты облыс әкімдігімен осыдан үш жыл бұрын қол қойылған жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясындағы меморандумға сәйкес Жаңа Согра кентінде медициналық орталықты салып шықты. Атап өтерлік жайт, бұл – осы кентте алғаш рет бой көтеріп отырған заманауи деңгейдегі консультативтік-диагностикалық емхана. Үш қабатты ғимарат шамамен екі мың шаршы метр аумақты алып жатыр, мұнда сексеннен астам кабинет бар.
Құрылыс жұмыстарына комбинат 2012 жылдың қазан айында кіріскен болатын. Былтыр желтоқсанда кент тұрғындары мен комбинат жұмысшылары үшін орталықтың таныстырылымы өткізілген-ді. «Титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының тұңғыш президенті Бағдат Шаяхметовтің өңіріміздегі әлеуметтік саланы дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін және аталған орталықты салу жөніндегі жеке бастамасын ескере отырып, кәсіпорынның директорлар кеңесі орталыққа оның есімін беру туралы шешім шығарған.
Бұл емхананы жобалауға әлемге әйгілі бельгиялық «ВК Инжиниринг» компаниясының мамандары тартылған. Жобаны әзірлеу барысында астаналық, алматылық және өскемендік құрылысшылардың ұсыныстары да қаперге алынып, медициналық орталықтар салу жөніндегі әлемдік озық тәжірибе сараланған.
Орталық шипалы сумен, батпақпен, түрлі шөптермен, пантымен емдеу бөлімшелерінен және тәулігіне 240 адамға қызмет көрсететін кеңес беру-диагностикалық емханадан тұрады. Бұл мекемеде әлеуметтік-кәсіби медициналық көмек, диагностика, оңалту, күндізгі стационар бөлімдері бар, олар Германиядан, Аустриядан, Испаниядан, Жапониядан, Оңтүстік Кореядан және өзге де елдерден жеткізілген қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақталған.
Мұнымен қатар, келушілерге ыңғайлы болу үшін орталықта дәріхана, асхана және бірегей сәулелік диагностика кабинеті де жұмыс істейді. Ал осындағы ультрадыбыстық зерттеу кабинеті кардиологиялық, урологиялық, онкологиялық, гинекологиялық және басқа да ауруларды алғашқы кезеңінде-ақ анықтауға мүмкіндік береді.
Орталықта 135 білікті әрі жоғары кәсіби маман еңбек етпек. Медициналық қызметпен жылына 30 мыңнан астам адам қамтылатын болады, олар – комбинат жұмысшылары, Өскемен қаласының шығыс бөлігінде және оған жапсарлас Винное, Тарханка, Бобровка ауылдарында тұратын адамдар.
Емхананы салуға және оны жабдықтауға Өскемен титан-магний комбинаты 1 миллиард 16 миллион теңге көлемінде жеке қаржысын жұмсаған.
«Өскемен ТМК» акционерлік қоғамы президентінің міндетін атқарушы Әсем Мамытованың айтуынша, комбинат ұжымы қала жұртшылығы алдындағы өз уәдесін қысқа мерзім ішінде орындап, нысанды мерзімінде пайдалануға беріп отыр. Себебі, кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілігін сезінеді және өз еңбеккерлерінің, жалпы, кент тұрғындарының денсаулығына ұдайы қамқорлық көрсетіп келеді.
Медициналық орталықтың бас дәрігері Мұрат Нұрбикенов аймақ басшысына орталықтың кабинеттерін көрсетті. Атап айтсақ, облыс Әкімі кешеннің флюрография, рентгенография, кәсіптік тексеру, салауатты өмір салты, эндоскопия, стоматология, офтальмология және өзге де бөлмелерінде, сонымен бірге, биохимиялық зертханасында болып, құрылғылардың мүмкіндіктерімен танысты. Емхана дәрігерлерінің айлық жалақысын да сұрап білді, мұндағы қызметкерлердің еңбекақысы орта есеппен 120 мың теңгені құрайды екен. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ орталықтың жарақтандырылу деңгейіне, кадрларының біліктілігіне айрықша мән беріп, енді қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button