Құқық

Медиация мәмілеге келтіреді

Қоғам бірлігін нығайту мақсатында биліктің бір тармағы ретінде соттар кешегі билер дәстүрін жалғастырып, ел ішінде туындаған дауларды тиімділікпен шешуде. Оларды мән-мағынасы бойынша ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімгершілікке қол жеткізу жолдарын медиация арқылы ел арасында кеңінен насихаттауда.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде дауды бітімгершілікпен шешудің үш жолы қарастырылған. Олар: дауды татуласу келісімін жасау арқылы реттеу, медиация тәртібімен реттеу және парсипативтік рәсім тәртібімен реттеу. Татуласу рәсімінде тараптар өзара татуласу келісімін жасаса, медиация тәртібімен реттеу кезінде келісім медиатордың қатысуымен жүргізіледі. Ал парсипативтік рәсім деп екі тараптың адвокаттарының қатысуымен жүргізілетін келісімді айтамыз.

Осылардың ішінде ең кең таралғаны – дауды медиация тәртібімен реттеу. Бұл жерде медиаторлардың рөлі ерекше. Өкінішке қарай, ауданымызда кәсіби медиатор жоқ. Дегенмен, ауыл ішінде халыққа сыйлы, абыройлы, бүгінде бірқатар дауларды шешуге атсалысып жүрген қоғамдық медиаторлар Н.Қайыров, Ш.Мәденов, Н.Қисамбин, Е.Жангүдеевтердің  елеулі еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

13 отбасын ажырасудан сақтап қалды

Іс медиация тәртібімен аяқталса, төленген мемлекеттік баж талапкерге қайтарылады. Медиативтік келісімшарт міндетті түрде орындалуға жатады.  Бекітілген талап шартта көрсетілген мерзімде орындалмаған жағдайда сот ұйғарымы негізінде атқару парағы жазылып беріледі. Дауды медиация арқылы шешудің ұтымдылығы – уақыт пен қаржыны үнемдеу, құпиялылық, екі жақ тарап үшін де тиімділік.

Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап Азаматтық процестік кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Енді судьяның өндірісіне түскен арыз бойынша татуластыру мүмкін болған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде тараптарды татуластыру шаралары қабылданады.

Тараптар татуласқан жағдайда судья-медиатор дауды татуластыру тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітіп, істі өндірістен тоқтатуға құқылы. Ал татуластыруға қол жеткізілмеген жағдайда, іс өндіріске қабылданып, сот отырысында қарауға дайындалады.

Бәрімізге белгілі, көбінесе азаматтар сотқа ашу үстінде жүгінеді. «Сотқа беремін!» деген суық сөздің де ашу үстінде айтылатыны бар. Ағымдағы жылы Күршім аудандық соты 28,8 пайыз азаматтық істі медиация тәртібімен аяқтады. Бұлар – негізінен берешекті өндіру және некені бұзуға байланысты азаматтық істер. Некені бұзуға байланысты 30 азаматтық іс қаралса, оның  13-і, яғни 43,3 пайызы медиация тәртібімен аяқталған. Яғни 13 отбасы сақталып қалды. Бұл өте қуанарлық жағдай, өйткені осы 13 шаңырақтағы  балалар толық отбасында тәрбиеленіп өсетін болады.

Дауды сотқа дейін реттеудің тиімділігі

 

Демек, дауларды соттан тыс реттеудің де тиімді жолдары бар. Әйтсе де, халық бірден сотқа жүгінгенді жөн көреді. Ал соттасу тараптардың арасындағы сыйластықты жояды. Сотта тараптардың бірі «жеңіледі», бірі «жеңеді». Бұлардың арасындағы түйткілдің сот арқылы шешілгені орынды дегенімізбен, өзара түсінісіп, бір бітімге келуге болатын ұсақ-түйек даулардың сотқа дейін жетуі мақтанарлық жай емес. Азын-аулақ берешекті өндіру туралы талаптармен нотариусқа немесе медиаторға жүгінген әлдеқайда тиімді. «Сыйлассаң – сыйлы боласың» дегендей, медиация тараптардың арасындағы сыйластық қарым-қатынасты сақтап қалады.

Ауданымызда қолхатпен қарызға ақша беру жағдайы көп кездеседі. Қарызға ақшаны жақын әрі таныс адамдар береді ғой. Алайда уақыт өте келе, берешек тарап белгілі-белгісіз себептермен қарызды қайтара алмай қалады. Сөйтіп, екі тараптың арасында дау туындайды, қарым-қатынасқа сызат түзеді, сенім жоғалады. Мұндай дауларды нотариаттық тәртіпте шешудің тиімді жолы бар. Бұл – атқарушылық жазба жасау. Істі сотта қарау мерзімі – 2 ай, шешімнің заңды күшіне ену мерзімі – 1 ай. Осылайша, бұл іс жиыны 3 ай уақытты алады. Ал атқарушылық жазба тарап жүгінген күні жасалып, борышкерге жолданады. Борышкер атқарушылық жазбаны алғаннан кейін 10 жұмыс күні мерзімінде шағым келтіруге құқылы. Атқарушылық жазбаға шағым келтіру мерзімі өткеннен кейін, өндіріп алушы атқарушылық жазбаны орындату үшін жеке сот орындаушысына жүгіне алады. Яғни, бұл арада процестік мерзім екі апта немесе 10 жұмыс күні. Ал атқарушылық жазба жасағаны үшін төленетін төлемақы мөлшері жеке тұлғалар үшін өндіріп алынатын соманың немесе талап етілетін өзге жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 0,2 пайызы. Бірақ 0,5 айлық есептік көрсеткіштен кем емес және 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес соманы құрайды.

Ал мұндай даулар сотқа дейін медиация тәртібімен реттелетін болса, келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда өндіріп алушы тарап Азаматтық процестік кодекстің 135 бабына сай заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейінгі реттеу тәртібімен қаралған дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен реттеу жөніндегі  келісімдердің орындалуы жайлы сот бұйрығын шығару туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы. Бұйрық өндірісінде арыздар тараптардың қатысуынсыз 3 жұмыс күні ішінде қаралады.

Осылайша, дау-жанжалға ұрынған азаматтардың түсініктерін өзгерту мәселесінде қазақстандық сот өндірісін жетілдіру үдерісіне медиацияны жаппай енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бітімгершілік – ғасырлар бойы қолданылып, сонау ата-бабаларымыздан бастау алып келе жатқан, заманға сай жетілдірілген жүйе. Бітімгершілік жүйесінің артықшылығы – медиация процедурасы сотпен салыстырғанда уақытты аз алады, құпиялылық толық сақталады, дау бітімгершілікпен шешіліп, екі тараптың да мүдделері ескеріледі. Істерді медиация жолымен шешу екі тарап үшін де тиімді. Ол арқылы азаматтық-құқықтық, оның ішінде кәсіпкерлік және экономикалық қызметтерден, еңбек пен отбасылық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуге мүмкіндік мол.

Нұрлан Байжумин,

Күршім аудандық сотының төрағасы

Осы айдарда

Back to top button