«Дидардың» қонағы

Медеу АРЫНБАЕВ, әнші, сазгер: – Халыққа халтура емес, уыз өнер ұсынатын уақыт жетті

Медеу АРЫНБАЕВ, әнші, сазгер: – Халыққа халтура емес, уыз өнер ұсынатын уақыт жетті

Кейде фортепианомен мұңдасатыным бар

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы Республика сарайында Шөмішбай Сариев ағамыздың шығармашылық кеші өтіп жатқанда аяқ астынан бүкіл қалада жарық сөніп қалып, жұрт залдан шыға алмай қалған көрінеді. Сіз ешқандай аппаратурасыз, микрофонсыз үш мың көрерменді тірі дауыспен тырп еткізбей ұстап тұрыпсыз, сол рас па?

– Ондай жағдай болған, Шөмішбай ағамыздың кеші өтіп жатқан кезде бүкіл Алматыға электр қуатын жеткізетін жерде апат болып, дәл концерттің үстінде жарық сөніп қалған. Зал толы көрермен абдырап не істерін білмей қалды, «жарық қайта жанады» деп тосып отыр ғой енді. Бірдеңе істеуіміз керек, Республика сарайы болса үлкен, халық лық толы. Әншілердің бәрі сахнаға көтеріл дегенге бастарын шайқап жүрексініп қалды. Білмеймін, маған ғайыптан бір құдіретті күш келді ме, сахнаға сұранбай шықтым да әнге бастым. Тегі арқам да қозып кеткен болуы керек, әйтеуір еркімнен тыс бір тылсым күш мені қанаттандырып тұрды. Музыкалық сүйемелдеу халықтың шапалағы, қосалқы шамдар іске қосылғанша сөйтіп бір армансыз әндеткенім бар.

– Жас кезіңізде «жұлдыз ауруымен» ауырған жоқсыз ба?

– Танымалдылықтың шынымен де адамды өзгертіп жіберетін бір сиқырлы қасиеті бар. Мен осы ауырған жоқпын-ау деймін. «Медеу, сен қарапайымсың» деп жатады жұрт, демек адами қалпымнан танған жоқпын. Бұл індет көбінесе сырты жылтыр, іші бос өнерпаздарға әуес келеді.

– Кезінде бүкіл Азияны дүрілдеткен, еліміздің мақтанышы болған «Азия дауысы» байқауы еді, бұл халықаралық байқау не үшін тоқтап қалды? Дәрежесі төмендігінен бе, әлде басқа себептер болды ма?

– Өте мықты, өте керек байқау болатын. Алайда, демеушілердің байқаудан бас тартуына байланысты тоқтап қалды. Тек Азия елдерінен емес, алыс-жақын шетелдерден көптеген әншілер қатысатын. Өкінішке қарай тағдыры осылай болды. Алдағы уақытта қайта қолға алынып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сөзімнің тоқ етері, қандай байқау болмасын бізге керек. Тек солардың жоғары дәрежеде өтуіне көңіл бөлінсе болғаны.

– Репертуарыңыздағы әндеріңіздің бірқатары өзіңіздікі екендігін білеміз, жаңа туындыны өмірге қалай әкелесіз?

– Кейде белгілі бір дүниеге байланысты ойлар мазалайды, сол ойлардың жетегінде жүріп тебіренемін алдымен. Шығармашылық адамының ішкі жан дүниесі кәдімгі қазан сияқты болып келеді. Қазанда қайнап-қайнап әбден піскен дәм уақыты келгенде бұрқылдап-сарқылдап сыртқа сұрана бастайды. Әндерім дүниеге осылай келеді. Кейде фортепианомен мұңдасатыным бар, сол кезде жаныма диктофон қойып қоямын.

Байқауларда бұрмалаушылық орын алып жатады


– Шығыста өткен Шәмші әндерінің «Менің Қазақстаным» фестивалі қандай дәрежеде өтті, кәсіби музыкант ретінде сіздің көңіліңізден шықты ма?

– Менің ойымша аталмыш фестивальдің Шығыс топырағында өтуі жайдан-жай емес, түсінген адамға мұның жағрапиялық жағынан гөрі саяси мәні басымырақ. Ертіс пен Үлбі өзендері қосылар тұстан орын тепкен әдемі шаһарда шымырқана Шәмшінің әндері шырқалды. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісе отырып осы фестивальдың Өскеменде өтуіне күш салған екен, бұл аймақ басшысының өнерге деген құрметі, көрегендігі деп білемін. Қазіргі ән атаулының шынайлылыққа, яғни, тірі дауысқа сусап тұрған кезі емес пе? Шығыстағы концерт өзгеше өтті. Сахнада симфониялық оркестрмен орындалған саф туындылар тыңдарманға керемет рухани күш-қуат сыйлады, мен оны жаныммен сезіндім. Қазір не көп? Ойда да, қырда да фонограммасы бар әнші көп, композитор көп. Біз оның бәрінен өттік, енді шын дарындарды анықтап, халыққа халтура емес, уыз өнер ұсынатын уақыт жетті. Осы тұрғыдан алғанда «Менің Қазақстаным» фестивалінің шынайы өнерді бағалайтындар үшін берері мол болды.

– Сізді әртүрлі республикалық деңгейде өтетін өнер байқауларында қазылар қатарынан көреміз, жалпы бүгінгі қазылар үміткерлерге әділ баға бере алып жүр ме?

– Қай байқауда болмасын, бұрмалаушылық орын алып жатқанын көріп жүрміз. Өзім қазылар алқасында отырғанымда да жан-жақтан «көке, Жәке» деген қоңыраулар тыныштық бермейтін. Қазақпыз ғой мақұл деймін де қоямын. Алайда ол қоңыраулар менің баға беруіме ықпал еткен жоқ. Негізі «әділ қазы» деген атты көтеріп отырудың өзі өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біріншіден, олардың кім екеніне қарау керек. Мысалы «Жас қанатқа», басқа да жастардың байқауына, маған ренжімесін, үлкен жастағы аға-әпкелерімізді отырғызып қояды. Түсініп тұрған шығарсыз, олардың кімдер екенін. Жастардың сахнада билеп, неше түрлі дауыс иірімдерін, көрсетіп жатқан бар мүмкіншіліктерін ескермейді.

– Өмірлік жарыңызды көп іздеп, кеш үйленгеніңізді білеміз. Қанша жыл жұбайлық ғұмыр кештіңіздер?

– 29 жасымда танысып, 31 жасымда жанұя құрдық. Бір-екі жыл бірге жүрдік, жасыратын несі бар, бірге тұрдық. Жағдайымызға қарап, әне-міне қаражат болады деп неке тойымызды созып алдық. Есесіне бір-бірімізді әбден білдік, жақын таныдық. 14 жыл таныстығымыздың 12 жылында заңды некеде тұрдық. Бақыттымын. Осындай жар сүйдім, әке атандым. Сүйікті болдым. Құдайға шүкір, Айгүл маған аманат қып қалдырған ұлымыз, қызымыз өсіп келеді. Өткенде маған «Қандай арманыңыз бар?» деген сұрақ қойылды. Арманның арманы, арманның үлкені сол – балапандарымды аман-есен ер жеткізу. Одан басқа арманның барлығына жеттім. Қатарынан кем қылмай, білім беріп, тәлім-тәрбие беру. Екі құлынымды үйлендіріп, қызығын көру. Одан басқа арман жоқ.

– Жолға шығып кеткенде кіммен қалдырасыз?

– Үйде анам бар. Айгүл кеткелі анам қасымда. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген сөзге бұрын ән ретінде қараушы едік. Шынында да солай екен. Балаларым әже тәрбиесін де көріп жатыр. Қайда барсам да жанашырларым көңілдерін білдіріп, басу айтады. Ниеттеріне, тілектеріне рақмет.

– Әншілердің көбі бүгінде иман жолында ғой, намаз оқисыз ба?

– Құдайға сенемін, бір Алланың бар екені рас, бірақ намаз оқып, тақуаланып кеткен түгім жоқ. Әйтеуір жүрегімде иман бар, ешкімге қиянат жасамаймын, ешкімді алдамаймын, қасақана өтірік айтпаймын. Адамның имандылығы намаз оқығанында емес, оның тәрбиесінде деп ойлаймын. Дінге мәдениет ретінде ғана қараймын.

Әңгімелескен – Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button