Денсаулық сақтау

Әмбебап диагностикалық      медициналық кешен

Облыс орталығына  аудандық орталық ауруханалар үшін мобильді диагностикалық медициналық кешен жеткізілді.

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Сәуле Байгерееваның  мәліметі бойынша,  Үкіметтің резервтік қаражаты есебінен алынған мұндай медициналық кешендермен облыстағы 10 аурухана қамтамасыз етілді. Бұл тізімде  біздің де аудандық аурухана бар.

-Қазіргі күні медициналық автобустың құжаттары рәсімделіп, лицензиясы алынуда. Жақын арада жылжымалы медициналық кешен өз жұмысын бастайды. Ауылдарға шығу кестесі жасалынады, ауылдық округ әкімдеріне халықты қабылдау уақыты туралы хабардар етеміз, – дейді бас дәрігер.

Диагностикалық медициналық кешен тұрғындардың  денсаулық жағдайын  жіті зерттеуге, емдеу мекемелерінен, яки ауруханалардан  тыс  жерлерде сапалы әрі уақытылы профилактикалық, консультативтік-диагностикалық және амбулаториялық-емханалық жәрдем көрсетуге арналған. Аталмыш кешен цифрлық рентген, сондай-ақ   УДЗ, ЭКГ аппараттарымен жабдықталған. Сонымен бірге, мұнда зертханалық талдау жасауға болады.

Жылжымалы кешеннің ішінде жалпы қабылдау және маман кабинеттері, функционалдық диагностика, акушерлік-гинекологиялық тексеру,  зертханалық талдауды қабылдау аймағы және тағы басқа кабинеттер жұмыс істейтін болады.

Науқастарды дәрігер-терапевт, окулист, педиатр, УДЗ дәрігері, зертханашы қабылдайды.

Одан бөлек,  диагностикалық медициналық кешенде скринингтік тексеруден өтуге де ыңғайлы болмақ. Кешендегі құрылғылар  профилактика жүргізуге және ауруларды ерте анықтауға, адамдардың денсаулық жағдайын тексеруге тиімді әсер етпек.  Сонымен қатар медкешенде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандус та орнатылған.

 Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button