«Дидардың» қонағы

Майя Бекбаева, тележүргізуші: – Ғалымдар Алаш қозғалысы кезеңін «мәдени-ренессанс дәуірі» деп бағалаған

Майя Бекбаева, тележүргізуші: - Ғалымдар Алаш қозғалысы кезеңін «мәдени-ренессанс дәуірі» деп бағалаған


Елімізге танымал тележүргізуші, жерлесіміз Майя Бекбаева «Жетінші арна», «Хабар» телеарналарында еңбек етеді. Ол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов жайында деректі фильмдер түсіру үшін туған қаласы Семейге келген екен. Шаһардағы Абайдың қаражатына сатылып алынған Әнияр Молдабаевтың үйінде біраз көріністер түсіріпті. Ол қазір «Мұхтар Әуезов және алаш арыстары» музей үйі деп аталады. Бұдан соң Майя шаруасы тығыз болғандықтан Абайдың тарихи-мемориалдық мұражайында түсірілімдерде болды.

Майя екеуіміз Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің ғимаратында кездестік. Оның айтуынша, бұл жер ол үшін аса ыстық. Себебі, 1963 жылдан 1987 жылға дейін атасы Асылхан Бекбаев осы оқу орнының директоры болған. Колледжге Мұхтар Әуезовтің есімін бергізген сол кісі екен.

Әжем де – Татьяна, анам да – Татьяна

– Мен мектепте жүрген кезімнен журналист болатынымды білдім, – дейді Майя әдемі жымиып, – жергілікті газетте мен туралы мақала басылды, онда былай делінген: «1 Б сыныбының оқушысы Майя Бекбаева АҚШ Президенті Рональд Рейганға өзіндік ұсыныс жасады…». Бала кезімнен саясатқа, қоғамдық өзгерістерге құлағым түрік болды. Орыс тілі мен әдебиетін тек «беске» оқыдым. Осы тілді жетік меңгеруім мені журналистикаға алып келді. Оның үстіне әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ге түсуге менің газеттерге шыққан көптеген мақалаларым септігін тигізді. Үржарда 7-сыныпта оқып жүрген кезімде, «Пульс времени» атты аудандық газеттің қоғамдық тілшісі болдым. Басылым редакторы Зоя Асылханқызы маған: «Майя, сен мықты журналист боласың!» деп үміттендіретін. Атам Асылхан Бекбаев та журналист болуыма ықпал етті. Бойымдағы қасиеттің бәрі атамнан дарыған дей аламын. Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезде, курстастарым сияқты мен де жұмыс істей бастадым. Телевидение саласын таңдадым. «Таң», «Шахар» деп аталатын арналарда жұмыс істедім. Сосын «Қазақстан» телеарнасының шақыртуымен Астанаға ауыстым. Бұнда «Личная территория», «Статус столицы» бағдарламаларын жүргіздім. Сонау бала кезімде сахнадан түспедім десем де болады. Анам Татьяна балерина, хореограф еді. Үржардағы балалар хореографиялық ансамблі анамның арқасында әлемге танымал болды. Ал әкем Төлегеннің даусы да ерекше, оған құрдастары «неге тележүргізуші болмағансың» деп отыратын. Өзі – тарих пәнінің оқытушысы, содан болар бәлкім, мен бүгінде Семей қаласына, Алаш қайраткерлерінің өміріне қатты қызығып, көптеген фильмдер түсірдім. Бала кезімнен билеп, ән салып, өлең айтып үйренген едім. Осының бәрі маған журналистикада септігін тигізді.

Жасы тоқсаннан асқан атам Асылхан Бекбаев туралы ерекше атап айтқым келеді. Ол 1924 жылы туған. Семей педагогикалық институтын бітірген. Соғыс жылдары Ресейдің Петропавл қаласындағы Селище авиация техниктері әскери мектебінің курсанты болыпты. Әскери мектепті бітірген соң 6-гвардиялық бомбалаушы авиадивизия құрамында Белоруссияны, Прибалтиканы, Шығыс Пруссияны азат етуге қатысқан. Кеңес Армиясы қатарында 8 жыл қызмет атқарған. Атам Асылхан Белоруссияны азат ету барысында Турки ауылына тап болады. Ауылды жаулар өртеп кетсе керек. Жертөледен 18 жастағы белорус қызы табылады. Кейінірек, атам соғыста жараланып қалғанда, госпитальда жатқан оған жаңағы жас қыз көп көмектеседі. Сөйтіп, атам бір босаған сәтінде Татьянаны Қазақстанға алып келіп, өзі қайтадан майданға аттанады. Соғыстан аман-есен оралып, үйіне келсе Татьяна әжеміз қазақшаны үйреніп алыпты. Қазақтың салт-дәстүрін жатқа айтып, атамды таңғалдырады. Анам Татьяна да орыс қызы. Әкем екеуі бірін-бірі қатты сыйлайды.

Өзі туып-өскен Семей қаласы мен Үржар ауданын туған жерім деп білетін және үнемі келіп, атамекенін қасиеттеп жүретін Майяның осы айтқандары мені едәуір ойға жетеледі. «Татьяна» есімі біз үшін, әсіресе Абай ауданында туып-өскен ұлы ақынның ұрпақтары үшін аса қастерлі де қымбат. Себебі, Абайдың «Татьянаның әні» өлеңі ойға орала кетеді. Семейдің ерке өскен қызы Майяға келесі сұрақты қойдық.

– Майя, біздің атаңыз Асылхан Бекбаевқа деген құрметіміз ерекше. Ал енді өз отбасыңыз жайында не айтар едіңіз?

– Жұбайым, яғни, семейліктердің күйеубаласы Әділ Нұртаймен Астанада, «Қазақстан» телеарнасында таныстым. Ол Қостанай мемлекеттік университетін бітірген, жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі еді. Ал мен «Бизнес-жаңалықтар» бағдарламасын жүргіздім. Шыны керек, орыс мектебін бітіргендіктен, шіркін, қазақ тілін еркін білетін адамға тұрмысқа шықсам ғой деп армандайтынмын. Арманым орындалды. Әділ қазақ мектебінде, университетте қазақ бөлімінде оқыған, өз ұлтының тілін, тарихын өте жақсы көреді. Мұхтар Мағауин мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туындыларын оқығанды ұнатады. Содан болар, «Жетінші арна», «Хабар» телеарналарында қазір жүріп жатқан «Ұлы қазақтардың тағдыры мен құпиясы» («Тайны и судьбы великих казахов») атты жобамызды бірден бастап кеттік. Онда алаш қайраткерлері, қазақтың талантты адамдары, барлығы қамтылған. Айтпақшы, М.Мақатаев туралы фильмде Әділ Мұқағалидың рөлін сомдап, біраз деректі эпизодтарды жасауыма көмектесті. Мен сценарий жазып, хабар жасасам, монтаждаумен, эфирге жіберумен Әділ айналысады. Жақында ғана Ыбырай Алтынсарин туралы фильм түсіріп келдік. Таңғалғанымыз, жерлестері ұлы ағартушыны ерекше құрметтейді екен. Мектеп, интернат, мұражай, көше, барлығы – Ыбырай Алтынсариннің атындағы өз алдына үлкен бір кешен. Ал енді қараңызшы, бізде Әміре Қашаубаевтың музейі жоқ. Біз ол туралы фильм түсірген кезде сол заманның интерьерін қолдан жасауымызға тура келді. Содан кейін әрине «Жан сырым» атты бағдарламам да көрермендердің ықыласына ие болды.

Туған жерімді бала күнімнен қастерлеймін

– Сіз қазақ телевизиясының дамуына үлес қосып, өте үлкен жобаларды бастадыңыз. Жаңалықтарды, ток-шоуларды жүргізесіз. Отбасыңыз бар, бәріне қалай үлгересіз, әлде көмекшіңіз бар ма? Журналистикаға қалай келдіңіз?

– Әрине, продюссерлер, ассистенттер, операторлар мен режиссерлер барлығы көмектеседі. Ең бастысы – жолдасым Әділ Нұртай жанымда. Біз өз балаларымыз Айлин мен Жәңгірді де жан-жақты етіп өсіруге тырысамыз. Айлин екі жыл бойы гимнастикамен айналысты. Биледі және сән үлгісін көрсетуші модель ретінде таныла бастады. Ұлымыз әлі кішкентай болса да, талпыныссыз емес. Лингвистикалық орталыққа барып, тіл үйреніп жүр.

Өзім де солар сияқты белсенді болғанмын. Үржарда мектеп бітірдім. Оның табиғаты керемет. Біз неше түрлі шаралар өтетін тоғайлы жерде тұрдық.
Айналамызда таза мөлдір бұлақтар атқылап жататын. Әрбір шаралар аяқталған сайын келген-кеткен халықтың соңынан небір қоқыс-қалдықтар шашылып қалатын. Содан бала болсам да, мен жергілікті газетке мақала жаздым. Ініміз Асыл екеуіміз күн сайын бұлақтардың басын тазалауды әдетке айналдырдық. Ауылдастарым менің мақаламды оқып, мақтан тұтатын.

Ал қазір журналистика жолында да мен сол бұлақ тазалап жүргендей әсердемін. Тазалаймын, түсіндіремін, қайта тазалаймын.

Олар ұлтымыздың бағына туған ұлы тұлғалар еді

– Шәкерім, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды алып тұлғалар туралы фильмдеріңіз өткенімізді қайта бағалауға септігін тигізген ірі дүниелер болды. Ұлт тұлғалары жайында не айтар едіңіз?

– Семей ХІХ ғасырдың басында Ертістің оң жағалауында орналасқан шағын қала еді. Сол жағалаумен байланыстыратын көпір де болған жоқ, халық әрі-бері қайықпен жүзіп өтеді екен. Сол жылдары осында Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері келіп, Алаш ауылын ашып, жұмыстарын бастаған.
Міне, біз осыған орай Семей қаласының тарихының бір бөлшегіне алаш тағдыры да кіреді деп айта аламыз. Семейді халық «Абай елі» немесе «Алаш мекені» деп символды, ұнамды түрде атайды. Дегенмен, оның байырғы атауы қала сыртындағы Семейтаудан басталады. Семейтау мен Шыңғыстау қатар орналасқан. Шыңғыстауда Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды даналар туып-өскен. Шәкерімді түсіру үшін Жидебайдағы Абай, Шәкерім кесенесіне бардым.

Шыны керек, репрессияға ұшырап, түрлі ашаршылықты, зұлматты бастан кешсе де, қазақ халқы өзінің елдігін сақтап қалды. Маған да оңай емес, тарихи фильмдерді жазған кезде бір жылап аламын. Өйткені, мен рөлдегі актриса емеспін, халыққа кадр арқылы шындықты жеткізуім керек. Сондықтан да әр дүниемді жанымның сүзгісінен мұқият өткіземін.

Семейде сол Әлихан, Ахмет отырған ескі түрмелерге дейін барып түсірдім. Бір жақсысы барлығы сақталып қалған. Фильм жобасына дайындықты бастағанда Сұлтанхан Аққұлұлы, Тұрдықұл Шаңбай, Амантай Исин сияқты тарихшы ғалымдар, алаштанушылар көмекке келді. Өзім де алаштану саласына зерттеу жүргізіп, құнды мұраларды халыққа таныстыруға еңбек сіңіріп жүрген ғалымдардың кітаптарын оқыдым.

Алаш қозғалысының белсенді өкілі, заңгер Әлімхан Ермеков «Ол кiсi Петроград университетiнiң орман-ағаш факультетiн тәмамдаған. Заң факультетiне Ленинмен бiрге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай бiлiмдi ғалым болатын. Тоғыз тiлде еркiн сөйлеп, жаза бiлетiн. Бiздiң ақыл-ойымыз Тоқырауын өзенiндей болса, Әлихан Бөкейханов Балқаш көлiндей дария едi ғой!»-деп жазыпты алаш көсемі жайында. Былтыр 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілген Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5-наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бірақ қайтыс болған жері Мәскеу болғандықтан, сол жаққа барып, бауырластар зиратындағы қабіріне тағзым еттім. Мәскеуде ол тұрған үйді де түсіріп, көрермендерге көрсеттім. Ол 1914 жылы жазған мақалаларының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар, қалай да қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!» дейді.

ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың бас кезіндегі казақ қоғамының тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университеттерінің профессорлары қазақ зиялыларының алаш қозғалысына «мәдени-ренессанс дәуірі» деп баға берген.

Алашордалықтардың қайраткерлігінің арқасында ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ол Шоқан, ЬІбырай, Абайдың ағартушылық, демократтық бағдарларын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның ұстазы болды. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18-қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Осы оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлықты, әкесін соққыға жыққанды көріп, тітіркенеді. Фильмде Ахмет Байтұрсынұлының жұбайы жайында да деректер бар. Бұл жобаны Семейдегі «Мұхтар Әуезов және алаш арыстары» мұражай үйінде түсірдім.

– Сіздің жобаларыңызда, фильмдеріңізде сол тарихи уақыт талабына сай киінетіндігіңіз байқалады. Киімдеріңізді әдейі тіктіресіз бе, әлде дүкен аралайсыз ба?

– Дүкен аралауға, қонаққа баруға мүлде қолым тимейді. Өз фильмдерімде қазақстандық дизайнерлер ұсынған, астаналық дүкендерде сатылатын отандық өнімдерді киіп шығамын. Бос уақытым болса, оны тек отбасыма және балаларыма арнағым келеді. Қолымда енем бар, керемет ақжарқын, бауырмал адам. Өзім жұмыс істейтін «Жетінші арна» және «Хабар» телеарналарында жобаларымды алаңсыз атқарып, халыққа тың дүниелерді ұсынуды жалғастыра бергім келеді. Семейге келіп, Абай, Шәкерім жайында тың дүниелер жасап, тағы да халық назарына ұсынған жөн. Айтылмай, жазылмай, көрсетілмей жатқан дүниелер өте көп.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button