Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі: – Ақша талантты тудыра алмайды
Өскемендегі «Үлбі» мәдениет сарайында өткен «Жұлдыз болғың келсе» байқауынан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері Майра Ілиясованы әңгімеге тартып көрген едік. Өнерде өзіндік орны бар әнші өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертті.
Жобама қатысушылар тек қазақ тілінде ән шырқайды
– «Қазақ әншілері тоқырауға ұшырады. Қазір қолында қаражаты бардың бәрі танымал», – деген пікір қалыптасқан. Бұған сіз не дейсіз?
– Бұл пікірмен келіспеймін. Ақша талантты тудыра алмайды. Танымал болу үшін адамның бойында алдымен таланты болуы керек. Мейлі көп ақшаң болса да, дарынсыздан әнші шығара алмайсың. Менің ойымша, соңғы жылдары керісінше, қазақ әншілерінің ән қоржыны молайып келе жатқан сияқты. Сонау жылдардан бастау алған ұлттық өнерімізді жоққа шығаруға болмайды. Кешегі Париж төрінде ән шырқаған Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебеков сынды өнердегі аға-апайларымыздың еңбегін бағалай білуіміз керек. Рас, қазіргі қазақ эстрадасындағы әншілердің кейбірі әннің мәтініне назар аудармайды. Бірақ соған қарап, қазақ әншілері тоқырауға ұшырады деуге болмайды. Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкімән, Ерлан Рысқали, Айгүл Қосанова, Сәуле Жанпейісова сияқты басқа да өнерлі жандар тұрғанда, қазақ ән өнері шарықтай беретініне сенемін.
– Сіздің «Сағындырған әндер-ай», «Күміс көмей, жез таңдай», «Жұлдыз болғың келсе» сияқты бірқатар жобаңызға қатысушыларға қандай талаптар қоясыз? Әншілерді қалай іріктеп аласыз? Жобаларыңызға танымал әншілерді тегін шақырасыз ба?
– Талап өте жоғары. Жобаға қатысушылардың репертуарына шектеу қоймаймын. Алайда, оларға міндетті түрде қазақ тілінде ән шырқау керектігін бірден ескертемін. Жасырмаймын, жеке жобаларыма танымал әншілерді өнер көрсетуге шақырамын. Өйткені, олардың әнін тыңдап, олармен естелікке фотосуретке түсу үшін келетін халық болады. Әрі солардың арқасында билет сатылады. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Сағындырған әндер-ай» байқауына 60 пайыз жастарды қатыстырдым. Содан не таптым? Бар тапқан «пайдам»: көрермендердің алдында сынға ұшырадым. Кейін ойлап қарасам, кемшілігім бар екен. Әдетте екі сағатта бітетін концерт төрт сағатқа дейін созылды. Содан халық жалықты. Осы жайт маған үлкен сабақ болды.
– Құпия болмаса, шамамен алғанда, бір концертті ұйымдастыруға қанша қаражат кетеді?
– Аз дегенде 100 мың доллар жұмсаймыз. Концертті ұйымдастыруға жиналған қаражаттың дені жарыққа, сахнаны безендіруге, дыбыс қоюға, сондай-ақ, сахналық киімдерді тіктіруге жұмсалады. Бір қуантарлығы, жобаларым шығындарын толығымен жабады. Кейде қалталы азаматтар қол ұшын беріп жатады. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Жалпы, әншілер қауымы жеке шығармашылық концертін берердің алдында дауыстарына ерекше күтім жасап жатады. Оған да біршама қаражат кетіретін жандар бар.
– Дауысыңызға күтім жасайсыз ба?
– Өнер адамдары дауыстарын күтіп, дене бітімдерін сақтауға тырысып жатады. Алайда мен ондай емеспін. Қалаған уақытымда суық сусындарды ішіп, әртүрлі тағамдарды жей беремін. Көбінесе, суды жылытып ішуге тырысамын. Сондай-ақ ыстық шай ішпеймін. Басқа әріптестерім сияқты фониатр маманның көмегіне жүгініп көрген емеспін. Тыңдарман қауымға түсінікті болуы үшін айта кетейін, фониатр деген – әншілердің дауысымен жұмыс істейтін дәрігер.
Шоу-бизнесте танымалдық көп рөл ойнайды
– Сіз қандай бала болдыңыз?
– Бала кезімнен өжет болдым. Бес жасымнан бастап ән айтып, ауылдағы мерекелік шараларға қатыстым. Әкемнің айтуынша, кішкентай кезімде «Р» әрпіне тілім келмесе де, ұялмай өнер көрсете береді екенмін. Өкінішке қарай, анам үш
жасымда өмірден өтті. Әкем жұмыста болғанда, өзім орындыққа шығып алып, өзімше концерт ұйымдастырып жүріппін (күліп). Алайда, бала күнімде әнші болуды армандаған емеспін. Мектеп бітірген соң отбасылық жағдайыма байланысты екі жылдай үйде отырып қалдым. Кейін әкем экономист мамандығына оқуға жіберді. Содан институтта оқып жүрген кезімде Жарқын Шәкәрім: «Айналайын, бұл сала саған ертең қол болмайды. Сен өнер адамысың ғой» деп, мені Қайрат Байбосыновқа алып барды. Сөйтіп, сол кісінің алдында өнер көрсеттім. Осылайша, үлкен сахнаға қадам бастым. Кейін «Актриса-әнші» мамандығын меңгеріп шықтым. Киноға шақыртулар көп болды. Бірақ мен актриса емес, әнші болуды қаладым.
– Туған жеріңізге оралу ойыңызда бар ма?
– Біздің халық «Туған елдей ел болмас, Туған жердей жер болмас», – деп бекер айтпаса керек. Туып-өскен ауылымды сағынамын, барғым келеді. Бірақ отбасым Астанада болған соң, Арқада жүруіме тура келеді. Биыл бұйырса, Тарбағатайға барып,
жеке шығармашылық кешімді өткізсем бе деп ойластырып жүрген жайым бар. Елмен қауышып, туған жердің топырағына аунап-қунап қайтқым келеді. Әрі концерттен жиналған қаражатты су тасқынынан зардап шеккен жерлестеріме беруді жоспарлап отырмын. «Кең болсаң, кем болмайсың» ғой. Жалпы, бізде соңғы жылдары өнер көшінің ауыл-ауылды аралайтын дәстүрі кенжелеп барады, оны қайта жаңғырту қажет. Өйткені, әнші мен тыңдарман арасында байланыс болуы тиіс.
– Сынға қалай қарайсыз?
– Айтылған сынның барлығын дұрыс қабылдаймын. Бәріміз де пендеміз, қателеспейтін адам жоқ. Мақтау айтылған жерде жамандау да жүреді. Тек біржақты пікір айтылуы мүмкін емес.
– Қазіргі қазақ эстрадасында қандай проблема бар?
– Ең үлкен проблема – қаражаттың тапшылығы. Өнер жолына алғаш қадам басқан жастар қаржының жоқтығынан қолдары байланып қалады. Ал халыққа танымал, той-бизнесте сұранысқа ие әншілер жақсы өмір сүруде. Шынымды айтсам, шоу-бизнесте танымалдық көп рөл ойнайды. Егер көпшіліктің сүйікті әншісі болсаңыз, сізді еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, тойларына шақырады. Сондайға халық екі миллион төлейтін де әнші бар, 800 долларға шығатын, тіпті 50 доллардың өзін қанағат тұтатын да әншілері¬міз бар.
– Жалпы өмірде қандай адамсыз?
– Ешкімнің көңілін қалдырғым келмейді. Алайда шындықты тура айтқанды ұнатамын. Жалпы, менің қандай адам екендігімді отбасымнан, жора-жолдастарымнан сұрау керек шығар. Әйтпесе, «Өмірде осындай керемет жанмын» деп айта алмаймын. Негізі туыстарыммен тату-тәтті ғұмыр кешіп, әдемі, бабымен қартайып келе жатқан жайымыз бар. Әрине, ешкім де қартайғысы келмейді ғой, дегенмен әр пенденің осы бір шау тартқан шағы байсалды болса деймін. Еңбегінің зейнетін көріп, немере-шөбере бағып дегендей. Күнделікті отбасының қамымен жүгіріп жүргендіктен, қартаятын да, оны ойлайтын да уақыт жоқ бізде (күледі).
– Егер әнші болмасаңыз, кім болар едіңіз?
– Мұғалім немесе журналист мамандығына баратын едім. Киелі Шығыстың қызы, Абайдың елінен болған соң, құдайға шүкір, тілім бай, кейде сценарийді өзім жазып тастаймын. Жалпы, балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Қысқа-нұсқа:
– Туған жеріңіз?
– Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келдім.
– Туған жылыңыз?
– 1956 жыл.
– Сүйікті түсіңіз қандай?
– Ашық түстерді ұнатамын.
– Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
– Жайма-шуақ жаз айын жақсы көремін.
– Отбасы мен өнерді қатар алып жүру қиын емес пе?
– Жоқ. Отбасым барлығына түсіністікпен қарайды. Сыйластық пен татулық бар жерде ешқандай қиындық орын алмайды. Менің жалғыз қызым бар. Қазір ол тұрмыс құрған. Отбасы бар.
– «Жұлдыз» ауруына шалдыққан кезіңіз болды ма?
– «Жұлдыз» емеспін. Әкем бала күнімнен бастап: «Балам, атақ-даңқ саған жолдас болмайды. Қаншалықты биік болсаң, соншалықты төмен бол» деп жиі айтып отыратын.
– Ұстанымыңыз…
– Жақсы ниет – жарым ырыс.
Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова