Ауыл шаруашылығы

Майлы дақылдарды егуге машықтанады

  Көгі майса, жұрты жайсаң Шығыс өңірі қашан да өзінің ауыл шаруашылығы өнімдерімен мақтана алатыны белгілі. Дақылдың қай түрі болмасын өнім беретін өңір әсіресе майлы дақыл өсіруде елімізде алдыңғы қатарда тұрған өлке екені де рас. Дегенмен, аймақтағы шаруалар мұнымен тоқтап қалмайтын сыңайлы. Бұдан былай, бұл көрсеткіш еселене түспек. Неге дейсіз бе? Өйткені, облыста майлы дақыл егілетін алқаптардың көлемін ұлғайтуға байланысты арнайы бағдарлама қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жеті экожүйенің бірі болмақ

Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл – биылғы Президент Жолдауындағы агросектор саласына қатысты айтылған ой. Демек, алдағы жылы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелерді, атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы сияқты мәселелерге көбірек назар аударылады деген сөз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу үшін жеті ірі экожүйе қалыптастыруға болатынын алға тартқан Мемлекет басшысы майлы дақылдарды өңдеу мен олардан өнім өндірудің де маңыздылығын атап өтті. Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеп, инвестициясы ауадай қажет аграрлық сектордың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын дайындамақ.

Жалпы, қолданыстағы агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Сол себепті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында алдағы бес жылға арналған жаңа әрі сапалы Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Оның басты мақсаты – өзімізді отандық өніммен қамту, ауыл-аймақтағы миллиондаған халықтың табысын жоғарлату, еңбек өнімділігін еселеп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын екі есеге арттыру болмақ.

100 мың гектарға артады

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы май өнімдерін дайындайтын кәсіпорындарға шикізаттың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етпек. Осы ретте өңірде өсірілетін майлы дақылдар көлемін ұлғайтуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленді. Бұл мақсатта облыста өсірілетін күнбағыс алқаптарын 100 мың гектарға арттыру бойынша жоспар дайындалуда.

Жүргізілген талдау өңірде жыл сайын егілетін егістік көлеміндегі күнбағыс алқаптарының үлесі 32-33 пайыз, кейбір аудандарда 40-45 пайызға жететінін көрсетті. Осы себепті, облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер егіс алқаптарын азғана мөлшерде, яғни 20,7 мың гектарға ұлғайта алады. Осылайша, 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 458,8 мың гектарға, 2022 жылы 481,8 мың гектарға, ал 2023 жылға қарай 505,9 мың гектарға жеткізіледі.

Пайдасы шаш етектен

Күнбағыс өңдеу бойынша Алтай және Катонқарағай аудандарындағы шаруалардың пайдасы шаш етектен. Бірінші топқа жататын бұл аудандарда күнбағыс өсірудің пайдасы 107 пайызды құрайды, ал Глубокое, Бородулиха және Шемонайха аудандарында бұл көрсеткіш 72 пайыз. Ұлан, Көкпекті және Үржар аудандарында 46 пайыз, Семей қаласы мен Жарма және Бесқарағай өңірлерінде 32 пайызды құрайды.

Майлы дақылдар шикізатының өндірістік көлемі өткен жылы облыс бойынша 596,2 мың тонна болса, оның ішінде күнбағыстың үлесі 556,6 мың тоннасын құрады. 2019-2020 жылдары аралығында қайта өңдеуге жіберілген өнімнің мөлшері 272 мың тоннаны құрап, өндірілген өнімнің 46 пайызына жетті. Осылайша, осы аралықта облыстағы май өнімдерін дайындайтын кәсіпорындардың шикізатты өңдеу көлемі жылына 376 мың тоннаны құрап, жұмыс көлемі 72,3 пайызды құрады.

Үш зауыт салынады

Жалпы, облыстағы майлы дақылдар өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында жаңадан үш қайта өңдеу зауытын ашу, оған қоса майлы дақыл шикізатын өңдейтін бір өндірісті кеңейту жоспарланған.

Атап айтсақ, Семей қаласындағы «QAZAQ-ASTYQ GROUP» кәсіпорнында өсімдік майын өндіретін май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Аталмыш зауыт тәулігіне 1000 тонна күнбағыс және 800 тонна рапс пен зығыр дәндерін сығып отырмақ. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында бұл зауытқа тәулігіне 500 тонна күнбағыс дәні жеткізіліп тұрмақ. Яғни, ол жоспарланған көлемнің 50 пайызын толтырып отырмақ. Осылайша, зауыт рафинатталмаған гидратирленген өсімдік майын, күнбағыстың қабығы аршылған дәндерін, жоғары протеинді өсімдік күнжарасы, фосфатталған концентрат пен түйіршіктелген қауыз, рафинатталған дезодорлы өсімдік майын өндіріп отырады деп жоспарлануда. Зауыттың құрылысы толық аяқталып, қолданысқа берілу уақыты 2020 жылдың желтоқсан айына межеленген.

Сонымен қатар, Глубокое ауданының Предгорное ауылында «ALTYN ШЫҒЫС» ЖШС-нің қолдауымен тәулігіне 1000 тонна күнбағысты, 550 тонна рапсты, 500 тонна сояны өңдейтін автоматтандырылған кешен салу жоспарланып отыр. Аталмыш зауыт күнбағыс майын, рапс күнжарасын, соя майын, соя күнжарасын, жүгері майын, жүгері күнжарасын шығаруды жоспарлауда. Зауыт құрылысы 2021-2023 жылдары аралығында жүргізілмек.

Шетелге шығарылады

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, биыл облыстағы егістіктің 420,5 мың гектарын күнбағыс алқаптары алып жатқан көрінеді.

– Облысымыз негізінен майлы дақылдарды экспорттауға машықталған. Мысалы, өңірден күнбағыс, зығыр және рапс сияқты майлы дақыл түрлері алыс-жақын шет елдерге экспортталады. Атап айтсақ, күнбағыс Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және Қытайға, зығыр Ресейге, Өзбекстанға, Австрияға, Бельгияға, Моңғолияға, Польшаға, ал рапс Ресейге, Австрияға, Иранға, Моңғолияға және Данияға экспортталады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушысы Диляра Жылқайдарова.

Оның айтуынша, биыл майлы дақылдардың түсімі де жаман болмайтын көрінеді. Мамандардың есептеуінше, үстіміздегі орақ маусымында күнбағыс түсімі әр гектарына 10 центнер болса, сояның көрсеткіші гектарынан 9, ал рапстікі 10,6 центнерден болмақ екен.

***

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, ауыл шаруашылығы саласының мамандары жоғарыда аталған жобаларға байланысты алдағы үш жыл көлемінде облыстың майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындары жұмысын ұлғайтып, жылына 1 092 мың тонна шикізат өңдейтін деңгейге жеткізетін көрінеді. Осылайша, шикізат өңдейтін кәсіпорындардың жұмысы 80 пайызға жетіп, 2023 жылға қарай майлы дақылдар шикізатының тапшылығы 490 мың тоннаға жетуі мүмкін. Міне, осыған дайын болу үшін майлы дақылдар егілетін егіс алқаптарының көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар бүгіннен бастау алуы қажет дейді құзырлы мекемелер.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button