Тарих

«Мауқыбай асуы», «Шамажан асуы» деп қалай аталды?

Тарихыңды тани жүр

 

Біздің әңгімеміз ата-бабаларымыздан бізге мұра болып қалған, сан ғасырдың сырын қойнауына бүккен киелі де құтты мекеніміз Тарбағатай тауының қойнауындағы жер аттарына байланысты. Мұны жас ұрпақтарымыз өзінің жер-суының тарихын, елінің басынан өткізген неше қилы тарихтарын біліп өсуі керек.

Сонымен 1983 жылдың Желтоқсан айының басқы күндерінің бірінде Асусай ауылының қадірменді ақсақалдарының бірі Нұрғазы ауылдың ақсақалдары мен апаларын, ағайын-туыстарын, көрші-қолаңдарын халқымыздың ежелгі дәстүрімен соғым басына шақырған болатын. Олардың ішінде Нұрғазы ата мен Күмісай апамыздың замандастары, ауылдың аузы дуалы қадірлі қарттары бар еді. Совхоздың түйешісі Қайдар ата, жылқышы Қабдолда ата, ауылдың шебер ұстасы Салық ата және Әпи мен Қатша апаларымыз да бар. Аталарымыз Тарбағатай тауының күнгейі мен теріскейін бес саусағындай білетін жандар. Жеріміздің өткен-кеткен тарихынан мол хабардар, естігендерін естеріне ұзақ сақтайтын, құйма құлақ, ой-өрістері мықты, шежіреші адамдар еді. Үлкен ақсақалдар отырған жерде әңгімесіз болмайтыны белгілі. Сыбағаларын жеп, Қайынжамалдың құрт қосқан сорпасын іше отырып, тауымыздың арғы-бергі тарихынан, жер-су атттары мен ел арасындағы біз білмейтін талай оқиғаларды бірі бастап, бірі қостап бірталай әңгімелердің басын қайырып тастады. Сол әңгіме үстінде мен ол кісілерден «Асудан ары – асу бар» демекші, Асусайдан Қотанашы жайлауына баратын жолдағы Шамажан асуы мен Мауқыбай асуының шығу тарихын сұраған едім. Өйткені, бұл туралы әркім әрқалай айтатын. Сөз тізгінін ұстап отырған Қайдар атамыз ел мен жердің тарихын бір кісідей білетін адам еді. Халық арасындағы ескі әңгімелерге де жүйрік, естігенін ұмытпайтын нағыз құйма құлақтың өзі. Өзі отырған жерде басқаларға оңайшылықпен сөз бере қоймайтын сөзшең де адам болатын. Біздің сұрағымызға байланысты Қайдар ата бұлай деді: «Қытай жерінде жүргенімде Мауқыбай мен Шамажан туралы үлкендерден талай әңгіме естігем. Осы отырған төртеуіміз де арғы беттен келгендерміз ғой. Бұлардың да Мауқыбайлар туралы естіген әңгімелері бар шығар. Мен айтып көрейін, бұлар менің қате кеткен жерім болса түзетіп, қосатындары болса айта отырсын»,- деп әңгімені бастады.
– Бұл оқиғалар Тарбағатай өңірін қалмақтардан тазартқаннан кейін біраз жыл өткен соң Жұмық, Тоғас (ру аттары) балаларының Тарбағатайға қайта кеп орналасқаннан кейінгі болған оқиғалар болса керек. Қалмақтардан көп зәбір көрген, олармен өте жақын қоныстанған біздің Жұмық балалары екен. Тарбағатайдың күнгейін иемденген қалмақтар теріскейде отырған Жұмық ауылдарын дүркін-дүркін шауып, адамдарын өлтіріп, қыз-келіншектерді тұтқындап, жылқыларын қуып әкетіп отырған. «Жылқы ысқырса желдікі, қуса жаудікі» деген сол. Бұған қарсы тұра алмаған Жұмық аталарымыз Сыр бойына ауып, онда тұрақтай алмай, одан Сарыарқаға барып біраз жыл сонда болып, одан көшіп Қалба тауына, Қызыл-су, Шарды мекендегені тарихтан белгілі. 1775-80 жылдары бос қалған атамекендеріне қайта кеп қоныстанады. Қазақтың малсыз күні жоқ. Малды жау алды, қалғанын көшіп-қонып жүргенде пайдаланды. Сол кезде Жұмық балалары малсыз еді. Әсіресе жылқы. «Жылқы – қазақтың жаны»,-деп бекер айтылмаған. Ел ішіндегі еті тірі азаматтар елді малсыз қоймаудың қамына кіріседі. Ол үшін арғы беттегі бай Сібе, Солаңдарды, Мәнжулер мен Торғауыт, Қалмақтарды барымталау керек болды. Басқа амал да жоқ еді. Осы іске ағайынды Мауқыбай мен Шамажан да белсене кіріскен екен. Бұл шамамен 1810-1820 жылдары болса керек. «Барымталап әкелген жылқыларын елге таратып беріп отырыпты»,- дейтін бұрынғы үлкендер»,- деп Қайдар ата бір тоқтады. Бұл рас сөз.
«Байжігіттің соңғы батыры» атанған Сайболат Қоңыз батыр жанына 15-тей жолдас ертіп, арғы беттегі Орқашар, Қобықта отырған Сібе, Солаңдар мен Қалмақтарды бірнеше жыл барымталап, әкелген жылқыларын Жұмық балаларына бөліп беріп отырған. Ол туралы жергілікті ақын, шежіреші Қанапия Түбекбайұлы бүй дейді:
Он рет сол арадан алған жылқы,
Батырдың олжасы ортақ, елдің мүлкі.
Баласы алты Жұмық олжа алған,
Кейінгі сол деп айтады, малдың ұрқы.
Құрбанқажының (Қоңыз) өз ұлы Мырзасадық әкесі 1925 жылы 86 жасында қайтыс болғанда шығарған жоқтауында:
Жұмық ауып Манасқа,
Азып-тозып барғанда,
Бес мың жылқы әпердің,
Жұмық жаяу қалғанда,-дейді.
– Сонымен Мауқыбай мен Шамажан кезекті жорығына дайындала бастады,- деп әңгімесін жалғады Қайдар ақсақал.
– Ол заманда барымтаны ұрлық деп санамаған. Бұл тек ер жүрек, батыр жігіттердің қолынан келетін жортуыл, мал табудың бірден-бір жолы осы деп білді. Сондықтан да ешкімнен жасырынбай, астындағы атын, қолданатын қару-жарағын әбден сайлап алып жортуылға аттанатын. Бұлар барымтаға үнемі екеуі ғана барады екен. Олардың мұнысы өздеріне сенгендері болса керек. Мауқыбай төртбақ келген, өте қарулы, ешкімнен сескенбейтін, ер жүрек, аса қайратты адам еді,- дейтін айтушылар.
Екеуі де ат үсті айқасқа әбден бейімделген, айла-амалды барынша меңгерген, атқа тақымдарының беріктігімен қоса, әдісқой, жылпос және өздерінің ешкімге алғызбайтынына сенімді болған. Бұлардың ат үсті айқас кезінде қолданатын қарулары – әбден мейіздей қатқан қайың сойыл мен өзегіне қорғасын қосып өрген он екі өрім бұзау тіс дырау қамшы. Қамшының тобылғы сабына, айқас кезінде үзіліп кетпеу үшін, түйенің төс терісінен істелген қайыс бүлдіргі тағатын. Бұл қамшымен қандай мықтымын деген жігіттің жон арқасынан ала бір тартқанда ат үстінен өкіріп түседі екен.
Сойыл ат үсті ұрыста негізгі қарудың бірі болса, олжа жылқыларды саулатып қуғанда құрық болады. Бұлардың мінген аттары да өздеріне сай болған. Мауқыбайдың астында есік пен төрдей, ұзақ жортуылға жаралған, қара жон, қақпан бел, сарбауыр күрең аты болған. Қуғыншылармен болатын ат үстіндегі аралас ұрысқа қолайлы, ылпың-жылпың, жылдам қимылдайтын ат екен. Мауқыбай ұрысқа кірісерде аттың тізгінін ердің алдыңғы қасына іле сап, ұрыс кезінде атты тақымымен басқарады дейтін. Иесінің әр қимылын бағып, ат та соған қарай әрекет ететін. Ат та бұған әбден төселген. Екі қолы да босаған Мауқыбай қаруды кезек жұмсай береді десетін. Шамажан да осал болмаған, қара күші қалың әлеуетті адам болған. Өзіне жабылған 4-5 қуғыншыны аттан түсіріп кете беретін. Шамажанның астында одан салса мыннан шығатын, жер-су баспайтын, қуса жететін, қашса құтылатын Көк қасқа жүйрігі болыпты. Барымта кезінде ағайынды екеуі 15-16 қуғыншыны бірін-біріне қоспай, қуа жүріп, қаша жүріп ұрыс салады екен. Қашатыны топтанған қуғыншылардың ортасына түсіп қалмау үшін топты ыдыратып, оларды бір-бірлеп аттан түсірудің амалы болса керек. Ұрыс кезінде қуғыншылардың біреуінің басын жарып, бірінің қол-аяғын сындырып, бір қаншасын аттан түсіріп, қуғыннан құтылып кете береді екен. Олар әсіресе адам шығыны болмау үшін қаруды абайлап жұмсайтын болған. Осы Мауқыбай жауырыншы да адам болыпты,- деп Қайдар ақсақал бір тоқтады.
-Сонымен Мауқыбай мен Шамажанның кезекті барымтаға аттанатын күні де келіп жетеді,- деп жалғады әңгімесін Атамыз. Орқашар, Қобық қайдасың деп екі аттың бөкен желісімен бір қанша жер ұтып алып, бірде қасқыр бүлкегіне сап, ара-арасында қарсақ жортақпен араға бір қонып, келесі күні түс ауа межелі жерге Қобыққа да ілінді. Бұлар бір биік тұрғыдан бақылау жасап, қалың жылқы ауылдарынан 15 шақырымдай алыста жатқанын, жылқы шетінде бес жылқышының жүргенін көрді. Екеуі жылқыны қалай алу керек деп ақылдаса келіп, жылқыға таң қараңғысында тиіспек болды. «Қалың жылқыдан бұйырғанын бөліп алған соң сен жылқыларды қуып алыстай бер, бес жылқышыны амандық болса мен біржайлы етермін»,-деді Мауқыбай Шамажанға. Екеуі таң қараңғысына дейін аз мызғып алып, келіскен мерзімде атқа қонды. Енді дыбыстарын шығармай қалың жылқының шетіне іліну керек. Әбден әккі болған аттар аяқтарын тасқа тигізбей сақтанып, мысықша басады. Бұлар қалың жылқыға таяп кеп, бір шетінен түре тиіп, бұйырғанын бөліп алып, келісім бойынша Шамажан қуа жөнелді. Жылқылардың дүрліккен дыбысынан оянып кеткен жылқышылар бір пәленің болғанын біліп, айғайды сап олар да жетті. Олар төртеу екен. Келе-ақ Мауқыбаймен айқаса кетті. Мауқыбай бірін сойылмен, бірін дырау қамшымен ұрып айқасып жүр. Бұлар да қара-жаяу емес, талай барымташылармен айқасып жүрген жырындылар. Мауқыбай оларды біріне-бірін қоспай қаша жүріп, сүт пісірімге жеткізбей төртеуін де аттан түсіріп кетті. Төртеуінің аттарын алдына сап қуған беті недәуір ұзап кеткен Шамажанды қуып жетті.
-Кешегі бесеудің біреуі жоқ, оны ауылдарына хабар беруге жібергені анық,- деді Шамажанға. –Енді қуғыншы шығады, біз неғұрлым ұзай берейік десіп, жылқыларды тоқтатпай қуып, бұлар да алыстап кеткен еді. Жер жағдайын жақсы білетін бұлар жылқыларды анда-санда сәл тыныстатып алып, түнімен жүріп отырып, шекарадан асып кетті. Таңертең байқаса өз жерлері Қотанашы жайлауына да таяп қалған екен.
-Торғауыттың ауылдары жылқыдан хабар келген соң дереу кісі жинап, барымташыларды қууға дайындалады,-деп әңгімесін жалғады Қайдар ата. Барымташыларды қуу үшін, азда болса дайындық керек. Уақыт болса сырғып өтіп жатыр. Бұлар недәуір уақыт «жоғалтып» барып, он бестей адам қуғынға шығады. Басшылары Торғауыттың бір мықтысы екен. Алдында өңгерген найзасы бар (Торғауыттар қалмақтың бір табы). Бұлармен ілесіп шыққан бір жауырыншы, көріпкел қалмақ та бар екен. Бұлар алдымен жылқышыларға кеп жолығып, мән-жайға қанығады. Төрт жылқышы да аман екен, біреуінің қолы сынып, қалғаны жеңіл жарақаттаныпты.
–Барымташы қанша адам?-деп сұрайды басшылары.
–Екі адам,-дейді жылқышылар шынын айтып. Біреуі бөліп алған 5-6 үйір жылқыны қуып кетті де, біреуі бізді аттан ұрып түсіріп кетті,- дейді. «Олар екеу қана болса, бұлар Мауқыбай мен Шамажан болды»,-десті. Мауқыбайлар бұлардан да неше дүркін мал алған еді. Мауқыбайлардың дақпырты, бұларға әлдеқашан жеткен. Бұлар тездетіп қуғынға кірісіп, сол қуғаннан қуып отырып шекараға да тақайды. Бірақ, барымташылардың қарасын да көре алмайды. Олар ұзап кеткен екен. Қалмақтың көріпкел, жауырыншысы көпті көрген адамның залымы, өте айлакер неме екен.
– Бүйтіп қуа бергеннен түк шықпайды, бұларды айламен алмасақ, басқа амал жоқ,- дейді басшыларына.
-Қандай айла бар?- дейді басшысы.
-Менің естуім де Мауқыбай да «жауырыншы» дейтін. Ол бір тоқтаған кезінде жауырынға қарары сөзсіз. Өйткені олар өз жерлеріне ендігі таяп қалған болар. Біздің қарамызды көрген жоқ. Сондықтан «Артымызда қуғыншы бар ма, жоқ па»?- деп жауырынға қарап тексерері анық. Сол үшін біз аттарымызға ертоқымды теріс ерттеп алып, қуғынды жалғастыра берейік. Мауқыбай жауырынға қараған кезде, «жауырынға ерттеулі аттың басы түспейді, ертоқымның алдыңғы қасы түседі». Мауқыбай ертоқымның алдыңғы қасының теріс (артқа) қарап тұрғанын көріп, «қуғыншылар жете алмайтынын біліп, қайтып кеткен екен»,-деп ойлап, сақтықты ұмытып, қамсыз болар, біз осы кезін аңдырмыз,- дейді көріпкел. Олар ертоқымдарын теріс ерттеп алып қуғынды жалғастыра береді.
-Мауқыбайлар Қотанашы жайлауына жетіп, Терісайрықтан өткен соң «Көш сай» деп аталатын көш жолымен (1,5-2 км болатын жайлау жолындағы тік асу) «Манастың қызылының» (биік ұзын жал) үстіне шықты. Дәл осы кезде жайлауда ел жоқ, әлі көшіп келмеген еді. Жайлау иен болатын. Мауқыбай жауырынды қыздырып алып, жауырынға қарап жіберіп: «А, Шамажан қуғыншылар қууға шығуын шығыпты, жете алмайтынын біліп қайтып кетіпті. Қайдан жете алсын, біз тым ұзап кеттік қой, жәнесінде біз ауылдың іргесіне де келдік. Ал сен жылқыларды «Тақа бұлағына» (қазіргі Шамажан бұлағы) қарай жылжыта бер, мен осы жерге біраз аялдайын»,- деп Шамажанды құлдатып жіберіп, атын қаңтарып қойып, біраз дем алмақ болып жата кетеді. «Ұйқы – дұшпан» деп бұрынғылар бекер айтпаған. «Ұйқыға қанша мықтымын» деген ер жігіттің де босаңситын кезі болады. Ол да ет пен сүйектен жаратылған адам. Төрт-бес күнгі суыт жүріс, қалмақтармен айқас, дұрыс қанбаған ұйқы, әсіресе өзінің жауырынға қатты сенетіндігі, бәрі жиналып келер қатерді ойлатпады «Батыр аңғал» деген осы, сақтықты ұмытады. «Аз ғана дем алам»,- деп қисайған батыр қалай қалың ұйқыға кеткенін білмей де қалды. Аяр да залым көріпкелдің айласына түсіп қалғанын Мауқыбай білмеген еді,- деп Атамыз бір тоқтады.
-Сіздің жаңағы айтқан «Тақа бұлағы» деген бұлақты естімеген едік, бұл қай бұлақ?- деп отырғандардың бірі сұрақ қойды.
-Ол қазіргі «Шамажан бұлағы», ертеде «Тақа бұлағы» деп атапты. Оның себебі: ертеде бұл жер Досқана Тақа деген кісінің иелігінде болған, осы бұлақтың бойында «Тақа қыстауы» деген қыстау да болған. Қазір орыны жатыр. Тақа өздерің білетін Досқана Сапа мен Бөкейханның аталары Тақаның шын аты – Мұқамәди екен, – деді Қайдар атамыз.
-Қуғыншылар да Мауқыбайлардың ізімен «Манастың қызылының» биігіне шыға кеп, анадай жерде атын қаңтарып қойып, екі қолы екі жақта шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан Мауқыбайды көреді. Қуғыншылардың басшысы да осал адам емес, ол да батырмын деп жүргендердің бірі. Ол көптігіне сеніп Мауқыбайды оятпақ болады. Бірақ залым көріпкел ояттырмайды,- деп әңгімесін жалғады Қайдар ата.
-Оятпа,- дейді басшысына көріпкел жауырыншы, -оянып кетсе не істейтінін қайдан білесің, жатқан жерінде жәйрат. Оның уәжін жөн көрген басшысы Мауқыбайдың шұрқылтайынан найзасын бірақ ұрады. Есіл ер не болғанын білмеген күйі сол жерде жан тапсырыпты. Мауқыбай жанына келген қалың аттының дүбіріне де оянбаған ғой. «Батырдың ұйқысы» деген сол ма. Әлде «Қан басып» жатты ма екен. Қуғыншылар енді «Шамажанды қалай аламыз»?- деп ақылдасады. Тағы сол көріпкелі былай деп кеңес береді:
-Ең қауіпті Мауқыбайдан құтылдық, енді Шамажанды да жайрату қиын болмас. «Артта Мауқыбай бар»,- деп Шамажан да сақтықты ұмытқан шығар. Сен Мауқыбайдың сауыты мен дулығасын киіп, сарбауыр атын мін де, көш жолымен, сезік тудырып алмай, ақырын аяңдап құлда. Секем алатын қимыл жасама. Алыстан сені көріп, ағасының сауыты мен дулығасын және Сарбауыр атын танып, сені Мауқыбай деп ойлап, тіпті алаңсыз болар. Қашан жанына таяғанша сені танымас. Біз де сай-саймен, жылға-жылғамен қалқаланып, сен жеткен шамада біз де сол жерде болармыз. Аманшылық боп, сәтін салса, Шамажанды да бір жәйлі етерміз,-дейді.
-Шамажан Мауқыбайдан бөлінгеннен кейін алты шақырымдай құлдап барып, жылқыларды «Тақа бұлағының» бойына қаптатып жіберіп, Көкқасқа атын да шылбырын сүйретіп қоя беріп, өзі сол жердегі кезеңнің үстіне шығып дем алып отырады,- деп жалғады әңгімені Қайдар атамыз. Әрбері отырғаннан кейін қышынған соң, Шамажан көйлегін шешіп, бит барма деп қарап отырыпты, – деп айтатын, маған осы әңгімені айтқан бұрынғы үлкендер.
Содан бір қанша уақыттан кейін, көш жолымен аяңдап келе жатқан «Мауқыбайды» көріп, еш нәрсені қапер қылмай, алаңсыз отыра беріпті. Атты кісінің Мауқыбай емес, бөтен адам екенін, жанына таяп келгенде бірақ біліпті жарықтық. Дәл сол кезде жанындағы сайдан 15-тей қуғыншылар да сау етіп шыға келіп, бәрі Шамажанға жабыла кетті. Жан бермек оңай ма? Өзі жаяу, өзі жартылай жалаңаш Шамажан, қолындағы сойылмен ұрып, екеуін аттан түсіріпті. Жаудың аты – жау, көптің аты – көп.
«Қаумалап жауың жабылса,
Жігерің жасып құм болар»,- демекші, жау көптігін істеп, атсыз, жаяу Шамажанды сол жерде өлтіріп, Мауқыбай мен Шамажанның аттарын да қосып, жылқыларын алдарына салып, тездетіп қараларын батырыпты. Мұның бәрін Жантемірдің (жер аты) биігінде, қой жәйіп тұрған қойшы көріп, елге хабар берген екен. Халық жиылып кеп, екеуін өздері қайтыс болған кезеңдердің үстіне қойыпты. Халық сол жерлерді «Мауқыбай асуы», «Шамажан асуы», «Шамажан бұлағы» деп атап кеткен екен. Бұрынғылар айтқан екен:
«Бұтынан ет кеткен соң ат желмейді,
Мал үшін жігіт адам қайда өлмейді»,- деп.
Малсыз, жаяу қалған елді малдандырамыз деп жүріп, ойламаған жерден қапылыста, айлакер Қалмақ көріпкелінің алдауына түсіп қалған қос батыр осылай қаза болыпты. Бұлар айқас кезінде ешкімге алдырмайтын әбжілдігімен қоса, ештеңеден тайсалмайтын жүректі де адам екен. Екеуі де ердің ері, адамның көкжал бөрісі еді,- дейтін әңгімені айтушылар. Амал не Алланың жазуы солай болған шығар. «Жан бар жерде қаза бар» деген. Олардың ажалдарының жеткен жері осы болды.
«Қанша батыр болсаң да, алтын басың жерде қалар»,- деп бұрынғылар бекер айтпаған,- деп тоқтады Қайдар атамыз.
-Мауқыбай мен Шамажанды ағайынды бірге туған адамдар деп айтады осы әңгімені айтушылар. Соның жөнін айта кетсеңіз,- деп сұрақ қойды әңгіме тыңдаушылардың бірі.
-Менің естуімде де, Шомбин Смағзам ақсақалдың шежіресінде де былай: Сайболаттың бес баласының бірі Жаныс одан Бәйімбет, Сырымбет бұлар Сырымбет: оның бірінші бәйбішесі Мападан: 1.Қарақай, 2.Досқана, 3.Байтөбет, 4.Құтанай, 5.Байсал, 6.Сүйіндік, екінші бәйбішесі Шәшті апайдан: 1.Есіркеп, 2.Қаржау, 3.Қапқара, 4.Шамажан. Осы Қапқарадан ұрпақ жоқ. Шамажаннан: Туматай одан Уәли.
Уәли ертеде Қытай асып кетіпті, содан бері хабарсыз, ұрпақтары бар ма, жоқ па ол да белгісіз.
Ал Мауқыбай туралы шежірелерде ештеңе айтылмайды. Меніңше Қапқара дегені Мауқыбай болуы әбден мүмкін. Мауқыбайдан да ұрпақ жоқ. Ол заманда қосалқы, жанама аттар айтыла берген. Сырымбет бабамыз жайлау кезінде ылғи Кеңбұлақ жайлауындағы Қытаймен шекарадағы Шәшті көлде отырады екен. Сол кездің өзінде көл Шәшті бәйбішенің атымен аталып кеткен,- дейтін бұрынғылар деп Қайдар атамыз әңгімесін аяқтады. Қайдар атамыз бастап, қазыналы қарттарымыз Нұрғазы, Қабдолда және Салық аталар өз білгендерін қосып толықтыра отырып, Мауқыбай мен Шамажан туралы айтқан әңгімелерінің ұзын-ырғасы осындай.
Елі үшін жанын қиған, батыр бабаларын ұрпақтары әлі ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Оған мысал: Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері, Жетіаралдың тумасы Сағынбек Ақанов өзінің «Ғасыр көші» кітабында Мауқыбай туралы былайша толғанады:
Ұлы-қызы жанын қиған халқының қайғысына,
Батырдың ерлігі тігілген өмірдің бәйгесіне.
«Мауқыбай», «Шамажан» деп аталады,
Жер аты қойыла ма жәй кісіге.
Қорым тастар жасырған, ашылмаған көп сыр бар,
Жетелі ұрпақ үңілсе, ол сырлар да ашылар.
Шежірелі жерімде, бабамның ізі сайраған,
«Мауқыбайды» ойласам, мауқым менің басылар,- десе, Асусайдың тумасы, өзінің өскен жерлері туралы былай деп ой қозғапты:

Қотанащы, Қоянбай, Қаракезең,
Бастау алып Терісайрық аққан өзен.
Шамажан мен Мауқыбай асып түссем,
Туған жердің самалын бірден сезем.

Тайға мініп қозы, лақ жамыратқан,
Май шыланған талқанның дәмін татқан.
Қою шайын әжемнің ұмытпаймын,
Тезек жағып демдеген, қаймақ қатқан,- деп туған жерлерін жырға қосқан екен.

Құдайберген АСЫЛҒАЗИН,
еңбек ардагері, Тарбағатай ауданының
Құрметті азаматы.
Жетіарал ауылы.

Осы айдарда

Back to top button