Маржан Арапбаева: Әнші болмасам аспаз болар едім
Жақында қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі, «Жас қанат», «Азия дауысы», «Славян базары» сияқты халықаралық байқаулардың жеңімпазы Маржан Арапбаева Өскеменге келгенде әңгімелесудің сәті түскен еді.
Байқауға қатысу үшін таныс емес, талант керек
– Отбасыңыз жөнінде айтып берсеңіз. Ата-анаңыз өнерге жақын адамдар ма?
– Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Әкем мен анам өте мейірімді жандар болатын. Егер қателікке бой алдырып жатсақ, барлығын ақылмен түсіндіретін. Бізге еш уақытта дауыс көтеріп, ұрсып көрген емес. Марқұм анамның әкемді құрметтегені сонша бізге үнемі: «Әкелеріңнен сұраңдар. Егер ол кісі қарсы болмаса, мен де сендерді қолдаймын» дейтін. Анам тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан әрдайым ел Тәуелсіздігінің қазақ халқына оңай келмегенін айтып, бізді ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтауға шақырып отыратын. Ал әкем еңбек жолын қатардағы агрономнан бастап, ұжымшар директоры, әкімнің орынбасары қызметтеріне дейін көтерілді. Қазір зейнеткерлікке шығып, немерелерінің қызығын көріп отыр. Бала кезімізден әкеміздің қабағына қарап-ақ, нені дұрыс, нені бұрыс істегенімізді бірден біле қоятын едік. Біз әрқашан әкемізбен мақтанып өстік. Себебі, оның бойындағы адамгершілік, қасиеттерді көп адамның бойынан таба бермейсіз. Біз отбасында үш ұл, үш қыз болғандықтан, бәріміз бауырмал болып өстік. Ата-анамыз үш баласын қазақша, үш баласын орысша оқытты. Көпұлтты ауылда тұрғандықтан әке-шешеміз балаларын тіл үйренсін, білімді болсын деп қазақ-орыс сыныптарына берді. Құдайға шүкір, қазір барлығымыз екі тілде емін-еркін сөйлейміз.
– Бала Маржан қандай болды?
– Кішкентай кезімде өте бұзық болдым. Көбінесе, ұл балалармен жақсы ойнайтынмын. Бала күнімде өзім шамалас ұлдарды бір-біріне қарсы қойып, төбелестіріп қойғанды ұнататынмын (күліп). Кейде біздің аулада тұратын ұл-қыздарды жинап, концерт өткізетін едік. Алайда, бойжеткен соң барлық еркелігім қалды. Әкемнің айтуынша, мен кішкентай кезімнен бастап айтқанымнан қайтпайтын ерік-жігері мықты бала болыппын.
– Өнер жолына түсуіңізге не себеп болды? «Жас қанат», «Азия дауысы» сияқты халықаралық байқауларға қатысу үшін қандай сынақтардан өттіңіз?
– Мектеп қабырғасында оқып жүргенде ән айтатынмын. Бірақ ол кезде ешкім маған әнші деп қарамайтын. Кейін орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің музыка факультетіне оқуға түстім. Мұнда оқыған кезімде әртүрлі кастингтер мен ән байқауларына қатысатынмын. Алайда қазылар алқасы: «Талабың жаман емес. Дайындық керек» деп шығарып салатын. Кейін анам маған: «Қызым өнер жолы өте ауыр. Сондықтан ұстаз бол. Шәкірт алғысын алғаннан артық бақыт жоқ» деген соң мектепте бір жыл музыка пәнінен сабақ бердім. Бірақ қазақ эстрадасының әншісі болуды армандап жүрген мен үшін бұл жұмыс қол болмады. Бір күні достарымның бірі телефон соғып, Алматыдағы бір мейрамханада ән айтуға ұсыныс жасады. Ақшасы да жаман емес еді. Сондықтан бірден келістім. Сол жерде жұмыс істеп жүріп, әртүрлі жанрда ән салып, бағымды сынап көрдім.
Содан қазақ әншілерінің репертуарында жоқ шығармашылық туындыны жаздырғым келді. Сөйтіп, итальяндық әнші Лаура Паузинидің әнін орысшаға аударып, оны өңдеп беретін композиторды іздедім. Сонда таныстарым маған Қайрат Жәнібековке баруды ұсынды. Ол кісі менің дауысымды естіген соң: «Сен неге үлкен сахнаға шықпай жүрсің? Байқауларға қатысып, бағыңды сынап көрмейсің бе? «Алма піс, аузыма түс» деп қол қусырып отыра бергеннен ештеңе түспейді. Егер келіссең мен сені «Жас қанат» байқауына ұсынайын. Бұған қалай қарайсың?» деп сұрады. Бірақ ол кезде мен Қайрат ағаның сөзіне аса мән бере қоймадым. Себебі, жас кезімде республикалық және халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын байқауларға қатысу үшін қалтаңызда қомақты қаржы болуы керек деп ойлайтынмын. Алайда, менің бұл пікірім қате болып шықты. Арада үш-төрт ай өткенде маған Қайрат Жәнібеков хабарласып: «Маржан, сен дайындала бер! Биыл «Жас қанат» байқауына қатысасың. Сенің әніңді танымал режиссер Александр Пономарев пен «Жас қанаттың» бас директоры Марат Ерғалиевке тыңдаттым. Олар сенің болашағыңнан үлкен үміт күтіп отыр», – дегенде таңғалдым. Кейін аталмыш байқауға қатысып, дипломант атанғанда қуанышымда шек болмады. Біраз уақыт өткен соң «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне шақырту алдым. Бұл байқаудан үшінші орынды иеленіп қайттым. Сосын Шанхайдағы халықаралық Азия музыка фестиваліне қатысып, ол жақтан да жүлделі орынға ие болдым. Бұдан кейін «Славян базарында» өнер көрсетіп, екінші орынды иелендім. Осылайша, әртүрлі байқаулардан топ жарып, көрермен қауымға танылған соң, халық мені «Байқаудың әншісі» деп атап кетті. Сол кезде респубикалық және халықаралық байқауларға қатысу үшін таныс емес, талант болса, жеткілікті екеніне көзім жетті.
Қаншалықты биік болсаң, соншалықты төмен болу керек
– Сіздің бойтұмарыңызға айналған «Қазақ елі осындай» атты әніңізді румыниялық әнші Люминита Ангел тарту етті деп естідік. Бұл қаншалықты рас?
– Үлкен сахнаға қадам басқанда әрбір әнші өзіндік стилін қалыптастыруы қажет. Негізінен, жеке репертуарымдағы әндердің көбін өзім жазамын. Шыны керек, өнерсүйер қауымға мені танытып, өнер жолымдағы бағымды ашқан «Қазақ елі осындай» әні екенін мойындау қажет. Бұл шығармашылық туынды үлкен экранға жол тартқан соң, біраз уақытқа дейін радио мен теледидардан жиі көрсетіліп тұрды. Сол кезде мен іштей: «Тыңдарман сүйіп тыңдайтын әндерді ғана орындауым керек. Алдағы уақытта үлкен экран арқылы көрермен қауымға жол тартатын бейнебаяндарым да көрер көзге жағымды болуы тиіс» деген шешімге келдім.
Расыменде, «Қазақ елі осындай» деген әнді маған румыниялық әнші Люминита Ангел тарту етті. Ол екеуіміз кезінде «Азия дауысы» байқауына бірге қатысқан едік. Сонда Люминита маған өзі өңдеткен үш шығармашылық туындыны сыйлаған болатын. Біріншісі, ағылшын тілінде жазылған болса, екіншісі, француз тіліндегі Лара Фабианның «Je t,aime» әні болатын. Ал үшінші туынды «Қазақ елі осындай» әні еді. Бұл шығармашылық туындының сөздері румын тілінде болғандықтан, біраз уақытқа дейін оны қазақша өңдетуге батылым жетпей жүрді. Бір күні осы әннің мәтінін қазақ тіліне аударып отырғанымда: «Иә, солай! Иә, солай! Қазақ елі осындай!» деген қайырмасы ойыма келе бастады. Содан бірден алматылық Дениз Беляев деген өңдеушіге хабарласып, аталмыш туындыны өзгеше етіп өңдеп беруін өтіндім. Арада біраз уақыт өткен соң, Дениз маған бұл әннің аранжировкасын жасап берді. Кейін әннің мәтінін жаздырту үшін Әбдірахман Асылбек ағамыздың көмегіне жүгіндім. Ол кісі маған патриоттық сарындағы мықты туындыны жазып берді. Сөйтіп, «Қазақ елі осындай» атты ән менің репертуарыма енді
– Дауысыңызға күтім жасайсыз ба?
– Әншілердің барлығы дерлік дауыстарын күтіп, дене бітімдерін сақтауға тырысып жатады. Алайда, мен ондай емеспін. Қалаған уақытымда суық сусындарды ішіп, әртүрлі тағамдарды жей беремін. Көбінесе, әріптестерім: «Суды жылытып алып келіңізші. Тамағым ауырып қалады. Дауысымды күтуім керек» деп жатады. Ал мен мақтанғаным емес, еш уақытта өзіме арнайы күтім жасап көрмеппін. Әлі күнге дейін есімде, Қазақ мемлекеттік қыздар институтында оқып жүрген кезімде еліміздің еңбек сіңірген әртісі Бақыт Әшімова маған: «Маржан сен опера әншісі болуың керек. Сенің дауысың өте жоғары ноталарды ала алады», – деп мені Алматыдағы консерваторияға оқуға жібермек болған. Өкінішке қарай, сол кезде денсаулық жағдайыма байланысты аталмыш оқу орнына ауыса алмадым. Сөйтіп, операны ұмытуыма тура келді. Тіпті, мейрамханада жанды дауыста ән салып жүргенімде дауысымнан айырылып қала жаздаған кезім болған. Сол кезде маған таныстарым фониатр маманға барып қаралуға кеңес берді. Осылайша, дауысымды қалпына келтіріп алдым. Жалпы, фониатр деген – әншілердің дауысымен жұмыс істейтін дәрігер екенін айта кеткен жөн.
– Өнердегі достарыңыз кім? Қай әншілермен етене жақын араласасыз?
– Өнердегі ең жақын дос-жарандарым ретінде Мәдина Сәдуақасова, Әлішер Каримов, Еркін Мәулен, Қайрат Баекенов, Тамара Асар, Қарақат Әбілдинаны айта аламын. Ал менің өмірлік достарымның өнерге ешқандай қатысы жоқ. Олардың барлығы қарапайым жандар. Жалпы, мен ешқашан лауазымды адамдармен араласуға ұмтылған емеспін.
– Егер өнер жолына түспесеңіз, қандай мамандық иесі болар едіңіз?
– Қолымнан ән айтып, тамақ істеуден басқа ештеңе келмейді. Сондықтан әнші болмағанда, аспаз болатын едім. Себебі, бос уақытымда тамақ әзірлегенді ұнатамын. Мақтағаным емес, тәтті-дәмділер мен итальян, француз тағамдарын ерекше етіп дайындай аламын.
– Өскеменнен алған әсеріңіз қандай? Бұл қала сізге несімен ұнады?
– Өскемендегі «Нұрлы жол» саябағы өте әдемі екен. Бұдан бөлек, республика алаңындағы Абай ескерткіші де алыстан мен мұндалап көз тартып тұр. Былтырдан бері Өскеменге жиі келіп тұрамын. Маған шығысқазақстандықтардың өнерге деген құрметі ерекше ұнайды. Өскемен күн санап көркейіп, жайнай берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Қысқа-нұсқа:
– Туған жеріңіз?
–Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек би ауданы, Боралдай ауылында дүниеге келдім.
– Туған жылыңыз?
–1978 жылы 6 ақпан.
–Сүйікті түсіңіз қандай?
– Ашық жасыл, сары, көк түстерді ұнатамын.
– Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
– Барлық мезгіл ұнайды.Себебі, табиғаттың әр маусымы өзінше әдемі.
– Продюсеріңіз бар ма?
– Жоқ. Мен біреуге тәуелді болғанды ұнатпаймын. Сондықтан өз-өзіме продюсермін (күліп).
– Отбасы мен өнерді қатар алып жүру қиын емес пе?
– Жоқ. Жолдасым менің өнерімді жоғары бағалайды. Сондықтан маған әрдайым түсіністікпен қарайды. Осылай гастрольдік сапарларға шығып кеткенде, баламды жолдасым мен ата-енем қарайды.
– Жұлдыз ауруына шалдыққан кезіңіз болды ма?
– Өзімді «жұлдызбын» деуден аулақпын. Халықаралық байқауларда бірнеше мәрте топ жарсам да, «жұлдыз» ауруына шалдығып көрмеппін. Себебі, ата-анам маған: «Балам, атақ-даңқ саған жолдас болмайды. Қаншалықты биік болсаң, соншалықты төмен бол» деп жиі айтып отыратын.
Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова