Марқакөлде қар қалың
Азамат Темірбеков
Биыл мал азығын артығымен дайындаған күршімдік шаруалар төрт түліктің қыстан қысылмай шығатынына сенімді.
Аудан әкімдігінің берген ақпараты бойынша, бүгінгі күні Күршім өңірінің ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтарының саны – 1136. Ал аудан аумағындағы төрт түліктің жалпы саны 200 мыңнан асып жығылса, оның басым көпшілігі ұсақ мал.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаевтың хабарлауынша, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан биылғы мал қыстату маусымына қатысты 151 мың тонна шөп, сабан және құрама жем сияқты мал азығын дайындауға тапсырма берілген екен. Осы бағытта жүйелі жұмыс атқарған ауылдық округтердегі шаруашылықтар шөп шабу науқанының нәтижесінде көрсеткішті артығымен орындап, биылғы мал қыстату маусымына 213 мың тонна мал азығын дайындады.
– Күршім ауданы бойынша биылғы қыстамаға жиналған жемшөп қоры жеткілікті, – дейді Қайрат Әзімбаев. – Алайда таулы аймақтарда қардың қалыңдығы 1,5 метрге дейін түсуіне байланысты мал тебіндеуіне қиындық туғызуда. Қардың қалыңдығына байланысты қыс созылып кетуі мүмкін. Осыған байланысты, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың қыстамаға жинаған жемшөп қоры жетпей қалу қаупі бар. Сол себепті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімі орынбасарының атынан малға қажетті жемшөп және орталықтандырылған арзан дизель отынын бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы хат жолданды.
Оның айтуынша, аудан басшылығы ауыл-аймақтарда мал азығы тапшы болған жағдайда қолдау көрсету үшін алдын ала ауылдық округтердегі жемшөп қорын анықтауды қолға алған көрінеді. Яғни, ауылдық округ әкімдіктеріндегі мамандар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне күнделікті шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтардағы мал қыстатуға байланысты жағдайды хабарлап отыр.
Биыл қыста аудан аумағындағы Ақбұлақ, Марқакөл және Төсқайың ауылдық округтерінде қар айтарлықтай қалың жауған. Осыған орай, ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен ауыл азаматтары тебіндегі жылқыларды қары жұқа аймақтарға қарай шығарған. Ал тебінге жарамайтын жас және арық-тұрақ мал қолда ұсталып, жемделіп отыр.
– Аудан орталықтарынан шалғай орналасқан ауыл-аймақтардағы шаруашылықтар мен жеке аулалардың жай-күйлері аудан әкімінің тұрақты бақылауына алынған. Сонымен қатар бүгінгі күні аудан аумағындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Былтырға жоспарланған аса қауіпті ауруларға қарсы профилактикалық егу шаралары жүз пайыз орындалды. Сондай-ақ мал ауруларының алдын алуға байланысты салынатын екпе препараттары жеткілікті, – деп қосты аудан әкімінің орынбасары.
Қазіргі уақытта Күршім өңірінде 83 ветеринардың жұмыс істеп жатқанын алға тартқан ол, әлі де болса осындай бағыттағы мамандардың жеткіліксіз екенін атап өтті. Анықтап айтсақ, бүгінде ауданға 25 жоғары білімді және тоғыз орта білімді маман қажет көрінеді. Аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінде аталмыш бағыттағы бос орындар үнемі ұсынылып отырады.