«Дидардың» қонағы

Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын:- Әкемнің елге келгенде бір уыс топырақты қолына алып, солқылдап жылағаны есімде

Марфуға АЙТҚОЖИНА, ақын:- Әкемнің елге келгенде бір уыс топырақты қолына алып, солқылдап жылағаны есімде

Қазақ поэзиясының тасын өрге сүйреп жүрген қазақ қыздары аз емес. Соның бірі – «поэзия аққуы» атанған Марфуға Айтқожина. Жақында ақынмен тілдесудің сәті түскен-ді.

Ақындық ата-бабамнан дарыған қасиет

– Марфуға апай, қазақ поэзиясының талантты өкілдерінің бірісіз. Осы ақындық қасиет сізге кімнен дарыды екен?

– Мен көрсе, көз тойғысыз көркем табиғаттың аясында дүниеге келдім. Мынау Іле, Алтай, Тарбағатай табиғаты керемет жерлер ғой. Құдай менің маңдайыма сол көркем де ғажап мекенде дүниеге келуді жазыпты. Жоңғар Алатауының сілемі ары қарай созылып жатыр. Сайрам дейтін сұлу көл бар. Қыста Құлжа қаласын қыстап, жазда сол Сайрамның жағасына қуана көшетінбіз. Көз жауын алатын орман-көлдер мен таулар менің жанымды қуанышқа бөлейтін. Табиғаттың бар мейіріміне қанып өстім. Бәлкім, жанымның сұлулыққа құмарлығы, сұлулықты соншалықты сүйетіндігім де осыдан болар. Өлеңдерімнің де сұлу болғанын қалаймын. Қысқасы, табиғаттың әсері болар, мен киген киім, жүрген жүріс, бүкіл болмыстың сұлулығын ұнататын адаммын. Сондай-ақ, ата тегімнен қаныма сіңген қасиет те болуы мүмкін. Үлкен атам Айтқожа суырыпсалма шешен болған адам екен. Он төрт жасында-ақ билік айтып, көзге түсіпті. Міне, ақындық маған сол ата-бабамнан дарыса керек-ті. Қазір ән шығарып жүрмін, кейбір әндерім орындалып та жүр. Музыкаға деген әуестігім де нағашы жұртымнан келген деп білем. Шешем керемет әнші кісі еді. Таңды таңға ұрып ән айтатын. Тіпті, әкемді «халық жауы» деп ұстап әкеткенде де шешем қиналып жүрсе де, жағы тынбай ән салады екен. Сонда қамшының астына алып, үнін өшірмек болғысы келгендер де табылыпты. Соған мойымастан, итжеккенге айдап жіберген қажы атам Айтқожаны, түрмедегі әкемді әнге қосады екен. Ашаршылықта қыршынынан қырылған әпке-ағаларымды жоқтайды екен. Бұл жоқтаудың ішінде халқымыздың тағдыры да жатыр ғой. Сөйтіп, сай-сүйекті сырқыратып, жоқтау айтып отыратын көрінеді.

– Тағдырдың жазуымен кіндік қаныңыз өзге елде тамды. Тарихи атамекеніңізге деген махаббат, құштарлық қай кезде пайда болды?

– Ел мен жердің ештеңеге кінәсі жоқ қой. Бұл – сол жерді қақ бөліп, шекара орнатып, халықты қырғынға ұшыратқан заманның қасіреті. Сондықтан, халықты кінәлауға болмайды. Мейлі, ол жақтағы ел болсын, мейлі, мына жақтағы ел болсын мен үшін айырмашылық жоқ. Әкем мен шешемнің ауыздарынан ақ май ағып отырғанның өзінде «туған жерімізден бір уыс топырақ бұйырса, арманымыз жоқ» деп айтып отыратын. Ол кезде мен жаспын, іштей: «осыншама керемет жағдайда отырып, әдемі өмір сүрсе де неге туған жерлерін аңсай береді екен» деп ойлайтынмын. Оның үстіне әкем үлкен қызметте істейтін. Әрине, баламын, көп нәрсенің қадіріне жетпеймін. Шешем 1956 жылы қытай жерінде өмірден өтті. Ол кісіні еліне, жеріне деген сағыныш алып кетті. Ал бізге 1958 жылы атамекенге көшіп келу бақыты бұйырды. Осы арада мына бір ғажап көріністі айтқым келеді. Таңға жақын уақыт еді. Күз айы. Шөптің басындағы күміс шық жылтылдап тұр. Ешкіөлмес тауының баурайына келген тұс. Былай қарағанда, қу дала болып көрінді маған. Шынын айтқанда, жерді менсінбеген ой келді көңіліме. «Құдай-ау, сондай керемет жерден біз қайда келе жатырмыз» деп іштей мазасызданғанымды да жасырмаймын. Сонда әкем көлікті тоқтатуын бұйырып, жерге түсті де, басындағы сусар бөрігін қолына алды. Өзі қыр мұрынды, шекесі торсықтай әппақ кісі болатын. Бір кезде салалы саусақтарымен еңкейіп жерден бір уыс топырақ алып, тоңазып жатқан топырақты құшырланып иіскеді-ай. Содан кейін әлгі топырақты кеудесіне басты. Бір кезде жолдың жиегіне етпетінен жата қалып, әкем солқылдап жылады. «Совет үкіметінің шпионы» деп айыпталып, қытайдың азапты түрмесінде бес жыл отырса да қайыспаған қайсар қазақтың мына қу далаға келіп, солқылдап жылап жатқан қылығын мен сонда түсінбедім. Бірақ әкемнің бүкіл қимыл-әрекетіне қарап тұрдым.

– Көңіл толқытарлық жағдай екен. Сол анаңыз әнге қосып, әкеңіз аңсап жеткен қастерлі Отан сіздің де жүрегіңізді жырға бөледі емес пе?

– Әкем 1971 жылы мен Мәскеуде оқып жүрген кезімде дүниеден өтті. Сол кезде жүрегім езіліп, қайғыдан еңсем түсіп қабірінің басында тұрғанда «Бір уыс топырақ» атты өлең туды. Көзімнен жас, жүрегімнен жырлар төгіліп орнымнан түрегелдім. Әрине, ол кезде менің есейген кезім. КазГУ-ды бітіріп, Мәскеудегі Горький атындағы университет жанындағы 2 жылдық жоғары әдеби курсты оқып, бітірейін деп жүрген кезім. Бұл кезде ел, жер дегеннің қадірін де жақсы білетінмін. Сонда әкемнің «Бір уыс топырақ бұйырып өлсек, арманымыз жоқ» деген сөзінің де қадіріне жеттім.
Қаншама артық болса да басқа қала
Жетер ме өз туған жер тас қораңа?
Алыс жүрсең құс болып сағынышың
Құшақтай ма жартасы, жастана ма?
Әлде оған сырлы ыстық жас тама ма?
Әлде одан көтере ме алғаш рет?
Шырылдап жатқаныңда асқақ ана
Әлде адам сарқып барып бар тірлігін
Бір уыс топырағын жастана ма?!.
Мен кейде тағдырдың дауылын кешіп, жүрегі туған жерге деген махаббатқа тұнған елдің қайғы-қасіреті, теңдессіз сағынышы, арманы мені ақын етіп кетті-ау деп ойлаймын. Анам мені тал бесікке бөлегенде де елге деген сағынышты жырларымен тербеді ғой. Көрдіңіз бе?! Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған дүние мені еріксіз ақындық әлемінің өкілі етті. Соның әсері болса керек, ел мен жер туралы өте көп жаздым. Әлі күнге осы тақырыпқа қалам тербеп келем. Жас ұлғайған сайын сол сезім ұлғаймаса, азаймайды екен. Міне, қырыққа жуық өлең кітабым шықты. Сол дүниелерімнің бәрінде де туған жердің қадірін асқақтататын тақырыптар жоқ емес. Қытай елінде менің жастық шағым өтті. Алла тағалам маған өмір беретін болса, алдағы уақытта ес білген кезден көрген-білгенімнің бәрін естелік кітап етіп жазып шықсам деймін.

Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков секілді ағаларымның аялы алақанын сезіндім

– Елге келгеннен кейін шығармашылығыңыз қалай өрбіді? Әдеби ортаға тез сіңістіңіз бе?

– Алғашқы кітабым 1962 жылы «Балқұрақ» деген атаумен жарыққа шықты. Содан кейін «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ» деген кітаптарым оқырманға жол тартты. 1968 жылы Мәскеуге оқуға кеттім. Ол жақта жүргенімде де көп өлеңдер жаздым. Кітаптарым орысшаға да аударылды. Алғашқы жырларым Қытай жерінде басылса да, тұманың көзін аршығандай «Көптен күткен ақынымыз, міне, қасымыздан табылды» деп қуанып, өлеңдеріме алғысөз жазып, сәт сапар тілегендер көп болды. Әсіресе, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков секілді ақын ағаларымның аялы алақандарының жылуын сезіндім. Мен жас кезімде сондай атақты ақын-жазушылардың кітаптарын жастанып жатып: «Шіркін, солардың қасында жүрген адамдардың армандары жоқ шығар» деп ойлайтынмын. Кейін сол киелі ордаға мен де тап болдым ғой. Ол кезде Көркем әдебиет баспасы бар болатын. Сол баспаның поэзия бөлімін Ғафу ағамыз басқарып отырған кез. Шәміл Мұхамеджанов, Төлеужан Ысмайылов, Тұманбай Молдағалиев сынды мықты ақындардың жас кезі. Менің де уыздай үлбіреген кезім. Олар маған қызығады. Жас кезде адамның бәрі көрікті, келбетті болады ғой. Оның үстіне басқа жақтан келген менің жаным да таза, жүрегім де тұнық. Жырларым да сондай төгіліп тұр десем де болады. Міне, осы керемет уақытта сол бөлімге мен де қосылдым. Осы орта маған көп әсерін тигізді. Қазақтың атақты ақыны Тайыр Жароков – сол баспаның бас редакторы, Мұхамеджан Қаратаев – сол ұжымның басшысы еді. Міне, осылай маған бір кездері өзім армандаған, шығармаларын жата-жастана оқыған ақын-жазушылардың ортасында жұмыс істеу бақыты бұйырды.

Өлеңді қыстыгүні көп жазамын

– Поэзия әлемінің шыңын бағындырып жүрген нәзік жандылардан кімдерге көңіліңіз толады?

– Менің соңымнан үзеңгі қағыстырып келе жатқан қатарлас ақындар баршылық. Өмірден өтіп кеткен, керемет төгіліп тұрған, табиғаты тұнық ақын Ырза Қонақова, ақындығы Ақсудың өзеніндей сарқырап келген Қанипа Бұғыбаева, өзіммен қатарлас, кеше ғана өмірден озған марқұм Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова бар. Бұдан бөлек біздің өкшемізді басып келе жатқан Гүлнәр Салықбаева, анау Қызылордадан шыққан әрі сазгер, әрі ақын Елена Әбдіхалықова сынды көптеген талантты қыздарымыздың аяқ алысына ризамын. Жалпы қасиетті қазақтың қай өңіріне табаның тие қалса, керемет ақын-жазушыларға тап боласыз.

– Ақын Марфуға Айтқожина жауһар жырларын жазарда қуатты қайдан алады екен?

– Маған шабыт қыстыгүні көбірек келеді. Алатаудың ақ сеңгір шоқыларын қар басып, оның бергі қапталдары әппақ көрпеге оранып жатқанда бойымды шабыт буады. Терезеден Алатауға қарап, сұлулыққа тамсанып отырғанда Алла тағалам жүрегіме сұлу жырларды құяды. Төрт құбыланы ұстап тұрған – махаббат құдіреті. Сол бойға жинаған махаббаттың күшімен ер жетеміз. Елді, жерді сүю үшін де адамда үлкен махаббат болуы керек. Егер осы сезім болмаса, табиғаттың сұлулығын да көре алмас едіңіз. Сондықтан, адамға сол сезім ауадай қажет. Таза махаббат, сүйіспеншілік, шексіз мейірім арқылы сіз елді сүйесіз. Ал менде бұл қасиет асып-тасып жатыр. Өйткені, есімді білгелі осы сезімнің асқақтығын құлағыма сіңіріп өстім.

Сұхбаттасқан – Мөлдір Жанбаева

Осы айдарда

Back to top button