«Маратың»  мизер емес

Өскемендегі әрбір үшінші автобус қаланы көк түтінге көміп жүр.

Экологиялық қауіпсіздік орталығы (ЭКО) мен қоғам белсенділері әкімшілік полицияның жол-техникалық  инспекциясы қызметкерлерімен бірге автобустардан бөлінетін ластаушы заттарды тексеруге орай рейд өткізді. Рейд қорытындысында  әрбір үшінші автобустың қаланы көк түтінге толы газға көміп жүретіні анықталып отыр. Тексерілген он автобустың үшеуі: (27а, 19, 4а) ластаушы заттарды нормадан тыс шығаратыны, тағы да үшеуінің  (ластаушы заттар қалыпты көрсеткішті көрсеткенімен) қара түтінді шектен тыс бұрқыратып жүретіні тіркелген. Шаһар көшелерін көк түтіндетіп жүрген ақаулы автобустардың бәрі желіден алынып, жөндеуге жөнелтілген.

– Рейдтің қай жерде жүргізілетінін оған қатысушылардың  өздері де білген жоқ. Бұл жолы автобустар ҮМЗ маңындағы «Заводская» және «Өзен вокзалы»  аялдамаларында тексерілді. Заң бойынша жолаушы тасымалдаушы көліктерінің техникалық жағдайының дұрыстығына жауап береді. Жол-техникалық инспекциясының қызметкерлері автобустардың газ шығаратын трубаларынан бөлінетін ластаушы заттарды газоанализатор арқылы тексерді, – дейді ЭҚО маманы Елена Полянцева.

«Маратың»  мизер емес

Автобустардан ластаушы заттардың қалыптағыдан тыс көп бөлінуіне, олардың осындай ақаулы жағдайда желіге жіберілуіне тасымалдаушы компанияның басшылары, жүргізушілері мен механиктері жауапты. Алайда оларды автобустардың жағдайы алаңдатар емес. Қоғам белсенділері әсіресе «Марат-М» компаниясына тиесілі автобустардың жағдайы қанағаттанарлықсыз екеніне назар аудартуда. Олардың айтуынша, өзінің  көлігі жоқ, жекеменшік автобус иелерімен келісімшарт жасау негізінде жолаушы тасымалдап жүрген компания басшылығы ескертулер мен тексерулерден қорытынды шығармай келеді.

– Тасымалдаушы біздің ескертулерге құлақ аспайды екен, мұндай рейдті жиі жүргізу керек. Басқа көліктерден гөрі, автобустар қаланың экологиясына көбірек зиян шектіріп жатыр, өйткені олар қаланы шыр айналып, кем дегенде 12-14 сағат бойы көшеде түтіндетіп жүреді, – деген облыстық қоғамдық кеңестің сараптамалық тобының жетекшісі Геннадий Корешков ескертуге миземейтін «Марат-М» сияқтылардың автобустары тұрғындардың денсаулығын құртып жатқанын айтады.

Жамал Ермен