«Дидардың» қонағы

Маратбек Ақанов, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым: -Шежіреге жаңаша көзқарас керек

Таяуда қазақ руханияты тағы бір  құнды ғылыми еңбекпен толықты. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы-ғалым Маратбек Ақановтың «Қазақтың ру-тайпа атауларына ғылыми көзқарас» атты кітабы  баспадан жарық көріп, А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада тұсауы кесілді. Осы орайда қазақтың шежіресіне, ру-тайпа атауларына тың көзқарас тұрғысынан қарап, алғаш рет ғылыми еңбек жазған ғалыммен сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз.

 Жеті атаны түгендеу оңай емес

-Маратбек аға,  жақында ғана  баспадан «Қазақтың ру-тайпа атауларына ғылыми көзқарас» атты кітабыңыздың жарыққа шыққанын білеміз. Жалпы, бұл еңбекті жазуға не түрткі болды?

-Жетпіс жылдан астам уақыт кеңес өкіметі тұсында өмір сүріп, шежіреге мән берген жоқпыз ғой. Шежіре – ол ескіліктің көзі  дегендей ұғым қалыптасып, оны зерттеуге тосқауыл қойылды. Десе де егемендігімізді алған  тоқсаныншы жылдардың басында  шежіре жазушылар көбейді.  Оның ішінде арзанқол шежірелер қаптап кетті. Жалпы, мен шежіреге қарсы емеспін. Көпшілігі жеті атасын жазады ғой. Бірақ қарап отырсаңыз, сол жеті атаны жазудың өзі  оңай емес. Бір кіндіктен тараған адамдардың ұрпақтары да белгілі бір уақыт өткен соң дүйім елге айналады. Осы тұста қазақтың жеті ата буынынан таралатын ұрпақтардың санын қарапайым арифметикалық тәсілмен есептеп шығарып көрейік. Әрбір атаға жуық мәнмен үш баладан беріп өз кезегінде 3-ке көбейтіп отырайық: 1-ші ата 3 бала, сәйкесінше, 2-9, 3-27, 4-81, 5-243, 6-277, 7-2187 адам. Жетінші атаға барғанда 2200 ұрпақ болады екен.  Бір атаға орта есеппен жиырма бес жыл берсек, сонда жеті ата 175 жылды қамтиды. Сонда бір кездегі жалғыз адамның ұрпағы 175 жылдан кейін екі мыңнан асып кетеді. Адам дүниеге не үшін келеді? Әрине, дүниеге ұрпақ жалғастыру үшін келеді. Бірақ  сол екі мыңнан астам адамның өзін орындарын шатастырып алмай жазу өте ауыр жұмыс қой. Мысалы, кез келген адам өзінің әкесін біледі. Өйткені оның көзін көрді, жақсы біледі. Атасын да біледі, оны да көзі көрген болуы мүмкін. Ал үшінші атасына келгенде әкесінің немесе атасының сөзіне сүйенеді. Төртінші атаға келгенде бұлыңғырлана бастайды. Бесінші атаға келгенде жаңағы бұлдыр қоюлана түседі. Алтыншы ата, жетінші атада атын ғана білесің. Ал ол қалай өмір сүрді? Қалай тіршілік етті? Оның әйелі кім еді? Кіммен араласты? Ол жағын ешкім білмейді. Әкеден балаға, баладан немереге ауызша жетіп отырады ғой. Бірақ әрбір жаңадан айтушы өзінің жанынан бір өтірікті қосып қояды. Шындығын айтқанда, жетінші атаға келгенде ақиқат алыстап кетеді. Жарайды, жетінші атаң батыр болса, би болса, бір белгілі адам болса, оны білуің мүмкін. Ал өмірде  қаншама қарапайым адамдар бар. Қоңырқай ғана тіршілік кешіп, күнделікті нанын тауып, отбасын асырап жүрген, халыққа, Отанға сіңірген керемет бір еңбегі жоқ адамдар туралы қалай жазасың? Ал кейбір шежірешілер  түпкі атаңа дейін кетіп қалады. Тіпті Найман деген кісі болыпты, Ақсопыдан туыпты, бәленбай, түгенбай деп мың жыл бұрын болған бір оқиғаларды айтады.  Бұл – ертегі. Оны мен айтып отырғаным жоқ, мұны талай филолог ғалымдар, фольклортанушылар да айтып кеткен.  Мың жыл бұрынғы оқиға шежіре емес, ертегіге ұласып, фантастика болып кетеді. Міне, осыны біздің шежірешілер көп есепке алмайды.  Аңыз-әңгімені қалай естіді, солай жаза береді. Оған сын көзбен қарамайды.  Шежірелердің дені көңілімнен шықпаған соң, мен бұл мәселеге ғылыми  тұрғыда қалам тартуға бел будым.

Плана Карпини көшпелілер туралы не деді?

-Қазақта  әйелдің атымен аталатын рулар бар екенін білесіз.  Мұны қалай түсінуге болады?

– Әйелдердің ішінде  дана, ақылды әйелдер көп екені шындық. Тіпті еркекке бергісіз әйелдер болған. Бірақ олар руға өз аттарын  бере  алмайды. Рас, анау тас дәуірі кезінде бізде матриархат болды, аналық рудың орнағанын жоққа шығармаймыз. Бірақ қола дәуірінде жағдай күрт өзгереді. Мал шаруашылығы, егіншілік, металл өңдеу пайда болады. Ал мұның бәрі еркектің күшін қажет ететін ауыр жұмыс. Сөйтіп, қола дәуірінде еркектер алға шығады да, матриархат патриархатпен ауысады. Қоғамда еркектер жетекші рөл атқарған сол қола дәуірінен бері қарай руға еркектердің аттары беріледі. Міне, шежірешілер осыны ескермей,  кейбір ру-тайпаларды әйелдің атынан шығарады.  Мысалы, Найманның ішінде Қызай деген ру бар.  Содан кейін шежірешілер  Найман мен Керейді Күңкеден тарапты дейді тағы да. Ақсопы  Күңкеге үйленіпті, Күңкеден Найман туыпты дейді, содан кейін Ақсопы ерте қайтыс болып Күңке оның інісі Қоянбайға күйеуге шығыпты, Қоянбайдан Күңке Керейді туыпты,  «Найман мен Керей енелес» деген сөз содан қалыпты дейді шежірешілер. Бұл да мүмкін емес. Енді,  шындыққа келейікші. Ерте заманда мұсылман дінінен бұрын бізде Тәңір діні болған. Тәңір діні кезінде көшпелілер – аспанға, айға, күнге, жұлдыздарға табынған.  Бұл туралы 1245-1247 жылдары Дешті Қыпшақ даласымен Орталық Моңғолиядағы Қара Қорымға барып қайтқан италиялық миссионер  Плана Карпинидің естелігінде жазылған. Сонда саяхатшы Плана Карпини өзінің күнделігіне: «Мына көшпелілер қызық,  Күнді айдың шешесі деп атайды, себебі ол жарықты күннен алады» деп жазады. Сонда көшпелілердің ұғымы бойынша, Күн – Айдың шешесі, Ай – Күннің қызы болып шығады. Енді Қызай руын қараңыз, Айқыз, Қызай. Яғни,  Айға табынған кезіміздегі дүние бұл.  Ал енді Күңкені қараңыз, Күн-Ана, Ай оның қызы. Найман да, Керей де Күңкеден туды деген сөз негізсіз. Ауыз әдебиетінде «Күн астындағы Күнекей қыз» деген ертегі де бар ғой. Міне, осыны шежірешілер көп ескере бермейді.

Иә,  шежірешілердің бәрін адам ретінде көргісі келетінін білемін. Өйткені  дәстүрі солай. Мысалы, шежірешілер Найманның өзін кісі деп айтады.

-Сонда Найман деген кім? Кісінің аты емес пе?

– Найман деген ешқандай кісі жоқ.  Найман  деген сегіз тайпаның да одағы емес.  Найман деген парсының сөзі. «Най» сөзі парсы тілінде қурай, қамыс, труба, кернай дегенді білдірсе, «Ман» деген шабарман, атарман дегендегі секілді «кісі» деген ұғымды білдіреді. Найманның ішінде Өкіреш Найман деген бар. Ол туралы шежірешілердің аңызы бар.  Найман атамыздың жасы 90-ның о жақ бұ жағына келген кезде жалғыз баласы Шұбартай қайтыс болыпты. Содан кейін осы атам ұрпақсыз қалмасын деп келіні бір жас қызға үйлендіріпті дейді. Бірінші неке түнінде Найман өкіріп жатып өліпті, содан оны Өкіреш деп қойған екен дейді. Бұл мүмкін емес. Өкіретін не? Өкіретін керней. Кернейді тартқан кезде дауысы бұқаның дауысына ұқсап  өкіріп шығады. Оны жауға үрей тудыру үшін соғыс кезінде пайдаланған ғой. Өкіреш дегеннің өзі де адамның аты емес, кернейді айтып тұр.  Міне, көрдіңіз бе, шежірешілер барлығын адам ретінде көргісі келеді.  Ал  ғылыми көзқарас басқалай болады. Мысалы, Найманның  Байжігіт руын алайық.

Шежірешілер Байжігіттерді  Мақта деген әйелден таратады. Мақта апай түркістандық  Тоқтарқожа деген адамға күйеуге шығып, содан Байжігіт және Жанжігіт деген екі бала тауыпты дейді.  Кейін Тоқтарқожа өмірінің соңында Байжігітті анасымен нағашыларында қалдырып, Жанжігітпен Түркістанына кетіп қалған екен дейді.  Шежірешілердің өзі әйелдің атын Мақта деп өздері айтып тұр. Мен бұл жерде Мақтаны  адам деп қараған жоқпын. Мен Мақтаны кәдімгі өсімдік деп қарадым.  Содан қарап отырсам,  парсы сөздігінде «чигит» деген сөз бар екен. Мағынасы «мақтаның тұқымы, ұрығы» дегенді білдіреді. Бұл чигит сөзі жігітке оңай ауысып кетеді. Қазақтар жігіт дей салады. Яғни, ешқандай Мақта деген әйел болмаған. Бірақ шежірешілер  Байжігіттің Мақтаның тұқымы екенін білмей тұр. Яғни, Байжігіттер ертеде қайда тұрған? Мақта қай жерде өседі? Мақта апайдың күйеуі Тоқтарқожа қайда кеткен? Шымкентке кеткен. Бірақ шежірешілер соны ғылыми деңгейде түбіне жеткізіп жаза алмай тұр. Сөйтіп, осылай шежіре ертегінің төңірегінде қалып қояды.

Ғылыми-сараптама орталығы керек

  • Қалай ойлайсыз, жарық көрген шежірелерді сараптайтын ғылыми орталық қажет пе?
  • Әрине, қажет. Шежірелерді бір ізге салатын сараптама орталығы болса, мұндай жүйесіздік орын алмас еді. Ол орталықта ғалымдар, тарихшылар, этнографтар, филологтар, фольклортанушылар ғана емес, содан кейін тіл мамандары да болуы тиіс. Тіл мамандары болғанда, тек қазақ тілі мамандары ғана емес, бұл жерде парсы тілін жақсы білетін, қытай, араб, моңғол, көне түрік тілін жақсы білетін мамандар болғаны жөн. Онсыз өте қиын болады. Мысалы, біздің қазақ тілінде моңғолдың да сөздері бар. Мысалы, нағашы деген сөз нені білдіреді? Әрине, бәріміз нағашы дегеннің шешенің туыстары екенін білеміз. Бірақ сөздің мағынасы қандай? Осы қазақ тіліндегі нағашы деген сөздің мағынасын ешкім айта алмайды. Моңғолдың тілінде «нагач» деген сөз бар.  «Мазалану», «мазасыздану» дегенді білдіреді екен. Нағашы жұрт дегеніңіз жігіттің ең жақын, ең адал  жұрты ғой. Яғни, нағашы жұрт ойлап, мазасызданып отырады. Қайын дегеннің өзі де қазақтың сөзі емес. Қайын деген  парсының сөзі, қияметшіл дегенді білдіреді.

-Сіз кітабыңызда Шыңғысханның этникалық тегіне де үңілесіз. Айтыңызшы, біз  Шыңғысханды қазақ етуге неге ұмтыламыз?

-Әрине, қазақтың бір баласы ретінде Шыңғысханның қазақ болғанын мен де қалаймын. Бірақ шындық олай емес. Шыңғысханның моңғол екенін мойындағанымыз жөн. Көне түркі тілі өз заманында Еуразия даласында халықаралық қатынас құралы қызметін атқарған.  Моңғолдар өз тілімен бірге түркі тілін де жетік білген.  Бірақ  бұл Шыңғысхан қазақ деген сөз емес.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button