Экология

МАРАЛДЫДАН МАРҚАҒА АТПЕН БАРДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желіге жариялап тұрып берген арнайы тапсырмасынан соң былтыр тамыз айында Ішкі істер министрлігі Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында ұзақ уақыт бойы браконьерлікпен – майқан балығы уылдырығының заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың жолын кескен арнайы операция өткізіп, жеке тұлғалармен бірге екі қорық инспекторын да ұстаған болатын.

Марқакөл көліндегі қылмыстық топ осылайша Мемлекет басшысының араласуымен арнайы операция жүргізуден кейін барып қана құрықталды. Әйтпесе, жергілікті жердегі қылмыстық топтың әрекеті әлі күнге дейін жалғасар ма еді, кім білсін?! Қолға түсіп, қазіргі күні  тергеу абақтысында отырған екі қорық инспекторымен қоса кейіннен, қарашаның соңында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тағы бір қызметкер қамауға алынған. Анау-мынау адам емес. Марқакөл қорығының бұрынғы директоры. Қамауға дейін ол облыстағы басқа  бір мемлекеттік қорықтың директоры қызметін атқарған.

Марқакөл қорығына қатысты сот ісі әлі тергеліп жатыр. Айрықша қорғалатын нысанда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің орнына браконьерлермен бірге ұйымдасқан қылмыс тобын құрды делініп отырған олардың қылмысы дәлелденсе, Қылмыстық кодекс баптары бойынша 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Осы атышулы операцияға дейін Марқакөл мемлекеттік қорығы аумағында инспекция мамандарының жүргізіп келе жатқан рейдтері кезінде ұзақ уақыт бойы балықтарды қырып келген браконьерлерді ұстау мүлде мүмкін болмаған. Марқакөл мемлекеттік қорығына бақылу жүргізетін мекеме – облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясының инспекторлары алдын ала хабарламай, әлденеше рет шұғыл рейдтер жүргізгенімен, нәтиже бермеген. Оның себебі елге арнайы операциядан соң (қорық инспекторлары  қоса ұсталған) белгілі болғаны аян.

Марқакөл МТҚ аумағында майқан (ускуч) балығын браконьерлік жолмен аулауға қатысты қылмыстық іс бойынша сот, полиция департаменті басқа да органдардағы мемлекеттік қорықтың ресми заңды өкілі болып отырған инспекция қызметкері Дина Алматова  Марқакөл қорығындағы браконьерлік қылмысқа қатысты бұрын тоқтатылған төрт қылмыстық іс былтырдан бері өндіріспен қайта жүргізіліп, тергеліп жатқанын  айтады.

Бұрын тоқтатылған сол төрт істің бірі 2018 жылдың жазында болған екен.

… 2018 жылдың 10 маусымында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық аумақтық инспекциясының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің екі инспекторы Е.Дайырбаев пен Д.Хамидуллин Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығындағы бірнеше участокты тексеруге машинамен емес, тікұшақпен де емес, атпен аттанады. Желмен жете ме, қайдан, кімнен жететіні белгісіз, рейд жүргізілгелі жатқанын  қай кезде де алдын ала естіп-біліп, әбден әккі болып, қорық инспекторларына да, инспекция өкілдеріне де ұстатпай келе жатқан браконьерлерді Өскеменнен шыққан инспекторлар осылай постыдан өтпей, жолмен жүрмей, тірі жанға көрінбей таудан түсіп, ойда-жоқта тұтқиылдан ұстамақ болады. Өскеменнен Маралдыға дейін көлікпен барып, ол жерден екеуі екі атпен Алтайдың күркіреген өзендерінен өткел тауып, жартасты тауларын қиялай өрлей отырып, жолда бір күн түнеп, Марқакөлге, Ұрынхайға дейінгі араға екі күн жүріп, үшінші күн дегенде қорыққа жеткен. Кенеттен келіп, кәнігі топты қалайда қолға түсірмек болған ойлары алдамапты. Үшінші күні қалың шаттың ішінен шығып, «Глухова» учаскесі тұсына жеткенде, осындағы арнайы бақылау постынан 400 метр жердегі Тополёвка өзені жағасынан 20 литрлік пластмасса бидонды тауып алады. Ашып қараған кезде іші лық толы ускуч балығының жаңа ғана алынған икрасы болып шыққан. Инспекторлар бидонды ғана емес, анадай жерде жүрген, тек жүрмеген, аяқтарына ұзын резеңке етік киіп, осы жерге арнайылап икра алуға асай-мүсейін алып, сайланып келген үш адамды да бірден байқап, ұстап алады. Алайда олар өздерімен-өздері жүргендіктерін, икра толы бидонның олардікі емес екенін  айтып, қылмыстарын  мойындамаған. Мемлекеттік қорыққа 1млн. 75 мың теңге шығын келтірген бұл оқиға қылмыстық іс ретінде тіркеуге алынғанымен, ол жердегі браконьерлерді ұстау дерегі бейнетаспаға түсіріліп, тергеуге жіберілгенімен, тергеу орта жолдан тоқтап, қылмыстық  іс соңына жетпеген.

БІР ҮЙДЕ 300 АДАМ «ПРОПИСКІДЕ» ТҰР

Бұл оқиғаға дейін де, одан кейін де облыстық инспекцияда Алматы, Ақмола облысы инспекторларының, Семей орманы резерватының, басқа да қызметтердің өкілдерімен жедел топтар құрылып, комитеттің бұйрығымен Марқакөл қорығына апта сайын рейдтер ұйымдастырылған. Майқан балығы уылдырық шашатын  мамырдан бастап маусым айының соңына дейін тексерулер тіптен күшейтіледі. Алайда рейдтер кезінде арнайы операция кезіндегідей бірнеше миллион шығын келтірген ірі браконьерлік қылмыстар анықталмай келген. Былтыр Марқакөл қорығы аумағында барлығы 56 заңбұзушылық анықталған, екі қылмыстық іс, 12 әкімшілік жауапқа тарту тіркелген, 53 хаттама толтырылған.

Қорық маңында браконьерлікпен айналысып, бұғып жүргендер былтыр күздегі үлкен рейдтен  үркіп, үрейленіп қалған сияқты. Кенеттен жүргізілген операция браконьерліктің тамырына балта шаппағанымен, бұдан былай бұл маңда оны «гүлденбейтіндей» еткен сынды. Осы уақытқа дейін жасырынып, қашып құтылып немесе  ебін, тілін тауып, заңсыз балық аулап, икрасын  сатып келгендер бұл жерде енді ондай бола қоймайтынын ұқса керек.

– Бұрын үй сирек сатылатын Ұрынхай ауылында арнайы операциядан кейін үйлер сатылымға шығарыла бастағаны байқалады. Оған тергеу ісінің, тексерулердің де әсері болып отыр. Заң бойынша Марқакөл көлінен балықты арнайы участокта жолдама арқылы тек жергілікті тұрғындарға ғана аулауға рұқсат етілген. Матабай, Ұрынхай, Жоғары Еловка сияқты көл жанындағы ауыл тұрғындарына күніне бес келі балық аулауға болады. Жолдама алу үшін тұрғын сол ауылдарда міндетті түрде тіркеуде, «пропискада» болуы керек. Тексере келгенде, Ұрынхайдағы тұрғын үйлерде бірнеше адамның, тіпті 300 адамға дейін уақытша тіркеуге тұрғаны анықталып отыр, балық аулауға рұқсат, жолдама алу үшін. Балық аулау үшін ауыл тұрғындарына берілетін жолдама уақытша тіркеуде тұрғандарға беріле ме? Ол заңда көрсетілмеген. Ауылдағы бір үйге қанша адам тіркеуге тұруға болады? Осының бәрінің аражігін ажыратып, анықтап алмайынша, бұл жайтқа тосқауыл қойылмасы анық. Біз осы мәселені министрліктерге қойып отырмыз. Жергілікті әкімдікке, полиция бөліміне де жаздық, – деген инспекция қызметкері Дина Алматова ауылда тұрғандарға, яғни тіркеуде тұрғандарға балық аулауға рұқсат беретін бұл заң тәртібін браконьерлердің оңтайлы пайдаланып келе жатқанын айтады.

Қорық маңындағы ауылды тексеру кезінде басқаны қойып,  инспектордың өзінің үйінде  уақытша тіркеуге 300 адам уақытша «пропискіге» алынғаны белгілі болған. Қала емес, ауылда бір баспанаға осыншама адамның уақытша тіркеуге не үшін тұрғаны, әрине, айтпаса да түсінікті.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы құрып бара жатқан майқан балығын қорғап, көбейту үшін, браконьерліктің алдын алу үшін Ұрынхай ауылына адамдарды (баспана сатып алғаннан басқа)  тіркеуге алуды  тоқтату, өзен балықтарын аулауға ішінара үш жылға мораторий жариялауға және қорықтың қорғалатын аумағы ішінен өтетін бес өзенді қорық аймағына енгізуге орай тиісті министрліктерге ұсыныс та беріп отыр.  Ал балық аулауға тыйым салынса, жергілікті тұрғындар балықсыз қалмақ. Инспекция мамандары мұны да түсінеді. Бірақ қайткенде де браконьерліктің жолын кесіп, майқанды сақтап қалудың амалы жасалуы тиіс.

СУ ҚҰЗҒЫНЫ МАЙҚАННЫҢ СОРЫ БОЛДЫ

Бүгінде қорықтың табиғаты мен байлығын, ерекше балығын сақтап қалу мақсатында Марқакөл қорығы жанындағы жер участоктарын мемлекетке қайтарып алу мәселесі де өзекті болып тұр. Қорықтың сыртында екі  шақырымдық қорғалатын аумақ бар. Осы аумақта  жеке тұлғаларға берілген жер участоктары бар. Әрине, мал жайып, шөп шауып жүрген жер иелері өтемақы берілген күнде де ол участоктарын мемлекетке бергілері жоқ.

Марқакөл қорығының басындағы қауіптің енді бірі –су құзғыны (баклан) болып отыр. Балықтарды су бетінен емес, бірнеше метр тереңдікке дейін түсіп тарпа бас салып жейтін  бұл қомағай  құсты реттелетін жануарлар тізіміне кіргізіп, санын азайту туралы әлденеше рет ұсыныс та берілген. Заң бойынша бұл қорқау құстарды атуға болмайды. Сондықтан майқанның жауы браконьерлер ғана емес, қаптап кеткен су құзғындары да болып келеді. Күніне үш-бес келі көлемінде балық жейтін бұл құстарға қарсы қолданар шара болмай отыр. «Ютуб» каналында Қара Ертісте қытайлардың құзғындарды балық ұстауға қалай пайдаланатыны туралы бейнетүсірілімдер де толып жүр. Қытайлық балықшылар құзғынның аяғына арқан байлап, тамағын балық өтпестей етіп жіппен қысып байлап қойып, көлге жібереді. Суға сүңгіп, қуып жүріп балықты тістеп жағаға шыққан құстың аузынан балықшылар балықты жинап алып мәз. Аузы бос қалған құзғын қайтадан тайталасқа ұшып барады.

Қара Ертістің Қытай жағында  құзғынды қолға ұстап, олар арқылы балық аулауға машықтанып келе жатқандар қатары жыл сайын көбейіп жатыр. Мамандар бізге құзғындар сол жақтан келіп жатқанын айтып жүр. Оларды құртпаса, майқан да, басқа балық та құри бермек дейді мамандар осы уақытқа дейін біздің елде құзғын атаулы болмағанын айтып. Қорықтағы әр ағаштың басына ұя салып, жыл сайын  бірнеше мыңдап, еселеніп көбейіп жатқан өсімтал су құзғындарының саңғырығы да Марқакөлдегі  ағаш біткенді шірітіп, құртып жатыр.

Жанаргүл Мұқатай 

Осы айдарда

Back to top button