Маралдыдағы жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында
Күршім ауданы, Маралды ауылындағы алтын қазушылардың мәселесін аймақ басшысы Даниал Ахметов өз бақылауына алды. Облыс әкімі жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызған бұл проблема заң аясында шешілетінін айтты.
«Құрметті жерлестер! Мен бүгін өз сөзімді бірінші кезекте, Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындарына арнағым келеді.
Онда күрделі жағдай қалыптасып отыр. Ауыл тұрғындарының бір бөлігі құрамында алтын бар кенді өңдейтін алтын өндіру фабрикасының құрылысына қарсылық білдіруде.
Жобаның бастамашысы – «ВСАМ Продакшн» ЖШС.
Ауыл тұрғындары фабрика жұмысы, соның ішінде жару жұмыстары мал жайылатын жерлерге зиян келтіріп, аймақтың экологиясына кері әсерін тигізеді деп алаңдауда.
Фабрикаға және оның жұмысына қатысты кез келген шешім қатаң түрде, еліміздің қолданыстағы заңдарына сәйкес қабылданады деп сеніммен айтамын.
Мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне бірнеше рет хат жолдадым. Онда жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты бақылау жүргізу, экологиялық келісімнің негізділігіне және қазіргі уақытта сот рәсімдері жүріп жатқан жер учаскелерін берудің заңдылығына тексеру жүргізу қажеттігіне ерекше назар аудардым.
Бұдан басқа, Жер кодексінің 43-ші, 90-шы, 97-ші баптарында және Экологиялық кодекстің 236-шы, 237-ші баптарында анықталған заңдық қайшылықтарға аса басымдық берілді.
Қазіргі уақытта менің орынбасарым және жауапты мамандар тобы аталған министрліктерде жұмыс жүргізуде.
Мені қазіргі жағдай және зауыттың қоршаған ортаға, адам денсаулығына әсері қатты алаңдатады. Әсіресе, кәсіпорын алтын өндіруде натрий цианидін қолданатынын ескерсек. Біз осы технологияны алмастыру мүмкіндігін қарастыратын боламыз. Сондай-ақ Маралды ауылының маңындағы алтын кенішін игерудің әсеріне бағалау жүргізілетін болады. Тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізу үшін Л.Гумилев атындағы университеттің ғалымдары тартылды.
Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша тиісті қорытындылар ұсынылады.
Осылайша тұрғындарды алаңдатқан барлық сұраққа жауап алынады.
Алдағы барлық іс-қимыл тек заңнама аясында жүзеге асырылатын болады. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда», – деп атап өтті аймақ басшысы Даниал Ахметов Инстаграм желісіндегі парақшасында.
Оқырманға түсінікті болу үшін тарқатып айта кетейік, Күршім ауданы, Маралды ауылының маңында алтын өндіруші компания бағалы металл өндіру ісін қолға алған. Жоба бастамашысы – «ВСАМ Продакшн» ЖШС-ның бұл әрекетіне наразы болған ауыл жұрты «табиғатты бүлдіріп жатыр, оның зардабы жан-жануарлармен қоса адамдарға да тиеді» деп дүрлікті. Құзырлы орындарға хабарласып, нәтиже шығара алмаған соң облыс әкіміне хат жолдаған. Аймақ басшысы ауылдағы ағайынның талап-тілегін ескеріп, түйткілді мәселенің заң жолымен шешілуін тікелей бақылауына алды.
Didar ақпарат