Ауыл шаруашылығы

Марал шаруашылығымен мақтанамыз

Шығыс өңіріндегі ерекше кәсіптің бірі марал шаруашылығы екені белгілі. Бір кездері тоқырауға ұшыраған шаруашылық қазір қайтадан өркендей бастады. Ғасыр бұрын күрт азайған бұғы саны бүгінде сегіз мыңнан асып жығылады. Бұл жерде өңірдегі марал өсірушілердің еңбегі ерен. 16 шаруашылықтың ісін ілгерлеткен өңір үшін панты өнімдерін өндіріп, кәдеге жарату, медициналық туризмді дамыту – бірінші кезектегі мақсат. Міне, бүгінгі әңгіме Шығыстың брендіне айналған осы шаруашылық жайында.
Адамзаттың бұғы шаруашылығын меңгергеніне бірнеше мың жыл болды. Дегенмен, маралды қолға үйретіп, жартылай үй, жартылай түз тағысына айналдырмас бұрын адамның оған істеген қиянаты аз болмағаны белгілі. Сібір халықтары бұғыны аздап қана үй шаруашылығында қолданса, негізінен жабайы жануарды қынадай қырып, одан түскен шикізатты Қытайға тонналап өткізіп келгені рас.
Қытай және кәріс жазбаларына сенсек, марал мүйізінің емдік қасиетін адамдар осыдан төрт мың жыл бұрын анықтаған. ХVIII ғасырдың 60-шы жылдары ескі көзқарастағы кержақтар қытайлық әскерилердің марал мүйіздерін жапа-тармағай сатып алып жатқанын білген. Деректерге сүйенсек, ол кезде бір келі марал мүйізі бір келі күміске айырбасталған. Пайдасы мол кәсіп марал басының күрт азаюына әкеліп соқты.
Мұны өткен ғасырларда Оңтүстік Сібір өлкесін зерттеген зерттеушілер де растайды. Қытайлық көпестер марал мүйізі мен «лу-тайды» (буаз маралдың жетіле бермеген жатырдағы бұзауы) көптеп сатып алған. Маралды әлі қолға үйрете қоймаған адамдар кәсіпті аңшылық арқылы жүзеге асырды. Жаз басында орман-тауды кезген аңшылар бұғыны шалмалап, орға, тұзаққа түсіріп ұстап, мүйізін шауып алған соң жараны тазартып, таңбастан қоя берген. Қансыраған марал орманда өлетін. Осылайша жыл сайын 150 мың бас марал ауланып, Алтайдың жануарлар әлеміне орасан зор шығын келтірілді.

Теңбіл бұғының тектілік құпиясы

Марал шаруашылығымен мақтанамыз

Маралды аяусыз қырып-жою өзінің кері әсерін тигізді. Қытай нарығы пантыға, «лу-тайға», бұғының құйрығы мен сіңірлеріне, терісіне деген сұранысты үсті-үстіне арттыра берді. Бұқтырма өзенінің маңын жайлаған аңшылар Ресейдің Алтай өңіріне шамамен 400 шақырым қашықтыққа дейін барып, марал іздегенімен еш нәтиже болмаған. Міне, осы кезден бастап маралды қолға үйретуге алғашқы талпыныстар басталды. Өйткені, марал басын сақтап, панты өнімін одан әрі дамытудың бір ғана жолы осы болды.
Маралды қолға үйретуді алғаш рет ХІХ-ғасырдың 30-шы жылдары қазіргі Катонқарағай ауданының аумағындағы Фыкалка (қазіргі Бекалқа) ауылының тұрғыны қолға алған. Ауыл тұрғыны Савелий Ушаков Бұқтырма өзенінің маңынан аталық бұғыны ұстап, бақшасында біраз ұстаған соң Авдей Шараповқа сатады. Бұғыларды арнайы қоршауда ұстаған Авдей Шарапов кейін біраз маралды Язевая ауылындағы қайын атасы Егор Лубягинге сатқан. Осылайша, маралды қолға үйрету Өр Алтайда бастау алады.
Кеңестік кезеңде Катонқарағай ауданында марал асырауға машықтанған бірнеше кеңшар құрылды. Бүгінде Ресей, Қазақстан, Канада, Қытай және Жаңа Зеландия сияқты бес мемлекет осы шаруашылықтың тамырына қан жүгіртіп отыр. Алайда, әлемдік нарықта Ресей мен Қазақстанның Алтай тауларын жайлаған маралдың өнімдері ерекше бағаланады. Неге дейсіз бе? Ендеше қараңыз, мұндағы басты құпия осы өңірде ғана өсетін маралтамыр өсімдігімен байланысты дейді мамандар. Бұл өсімдік Алтайдан басқа жерде өспейді. Тіптен еліміздің Көкше және Алатау өңірлерінде соңғы уақытта қолға алынып, өсірілген марал Алтай кербұғысының қасиетіне жете алмайды. Десек те, өз тауарының сапасыздығын білген қытайлық және жаңа зеландиялық шаруалар марал өнімдерінің халықаралық нарықтағы бағасын төмендетіп, арзанға сататын көрінеді. Осы себепті отандық шаруалар өндірген өнімді негізінен өзімізде қолданып, күш-жігерді медициналық туризмді дамытуға бағыттаған.
Бұған қоса, жабайы табиғаттағы марал басы да екі мыңнан асты. 1996 жылы экологтар жабайы маралдың 200 бас қана қалғанын айтып дабыл қаққан болатын. Бұл көрсеткіштің өсуіне де марал өсірушілер септігін тигізді. Шаруалар маралды бірде табиғатқа арнайы босатса, енді бірде жануар қоршаудан секіріп өтіп, қалың жыныс арасына сіңіп кететін.

Саны өсіп, сапа жақсарды

Марал шаруашылығымен мақтанамыз

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта өңірімізде жұмыс істеп тұрған 16 марал шаруашылығында 8071 марал бар көрінеді. Марал шаруашылықтары негізінен Катонқарағай ауданында шоғырланса, Алтай, Зайсан, Көкпекті, Күршім және Ұлан аудандарында да бір-бір шаруашылықтан бар. Осы іске мықтап ден қойған шаруалар бас-аяғы он жыл төңірегінде Күршімдегі марал басын – 231-ге, Зайсанда – 349-ға, Алтайда – 405-ке, Көкпектіде – 1142-ге, Ұланда – 1428-ге жеткізсе, катонқарағайлық марал өсірушілер бұғы санын 4516-ға ұлғайтқан.
Катонқарағай ауданындағы «Катон-Карагайский олений парк» шаруа қожалығы концервацияланған пантыны Оңтүстік Корея еліне экспорттауды қолға алған. Панты өнімдеріне сынаулардың хаттамалары, ветеринарлық-санитарлық, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылары алынуы қажеттігін алға тартқан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Тұрысбеков өнім Кеден Одағының «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» және «Азық-түлік өнімдерінің таңбалануы туралы» талаптарына сәйкес жүргізілетінін атап өтті.
– Бүгінгі таңда марал шаурашылығы бойынша кооператив құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы. – Шаруашылықтар кооперативтерге бірігуі арқасында біріншіден, мемлекеттік қолдауға қол жеткізеді. Екіншіден, өнімділік артып, өнімдерін экспорттауға мүмкіндік ашылады. Марал шаруашылықтары кооперативтерін құру бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі болып саналады. Бұл саланы дамыту облыстың 2018-2022 жылдарға арналған бағдарламасында нақты көрсетіліп, жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Шаруашылықтарды кооперативтерге біріктірумен қатар, облыстық басқарма марал басын асылдандыру ісіне де көңіл аударуда. Атап айтсақ, бұл іс бұғы басын субсидиялау арқылы жүзеге асырылуда. 2016 жылы еліміздегі марал өсірушілер республикалық марал өсірушілер палатасына біріккен болатын. Осы жылы аталмыш бағыт «Ауыл шаруашылығы кешенін дамыту» жобасының басым бағыттарының бірі болып белгіленді. 2017 жылдан бастап алғаш рет марал басын асылдандыруға субсидия бөліне бастады. Құзырлы мекеме өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта өңірімізде 14 шаруашылық асыл тұқымды маралдармен селекциялық жұмыс жүргізіп, қолдан ұрықтандыру арқылы төл алудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізіп отырған көрінеді.
– «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108-бұйрығындағы Ережеге сәйкес, маралдарға селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізгені үшін субсидия нормативі бір бас аналық маралға 10 мың теңге мөлшерінде белгіленген, – дейді Арман Жұмаханұлы.

***
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» түйсек, бүгінде марал мүйізінен алынатын панты өнімдеріне деген қызығушылықты көрші Қытай тарапы да білдіріп отыр. Мұның бір көрінісі биылғы жылдың 26 ақпаны күні өткен мəдени-туристік көрме болды. Екі ел арасындағы туристік кластерді дамытуға бағытталған іс шараға облыс аумағындағы туроператорлармен қатар, бұғы өсіретін шаруашылықтар, пантымен емдеу орталықтары да қатысты. Қытайлықтармен əріптес болу – бірінші кезекте қызметті халықаралық стандартқа сəйкестендіру. Осы ретте пантымен емдеу орталықтарының базасын кеңейтіп, көрсетілетін қызмет санын көбейту міндеті пайда болды.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button