«Дидардың» қонағы

Марқадан шыққан маңмаңгер

Марқадан шыққан маңмаңгер


Шығыстан шыққан сегіз қырлы, бір сырлы жігіттердің атын атап, түсін түстейтін болсақ, біраз жерге барып қаларымызға дау жоқ. «Бірі әнші болғанда, бірі күйші, бірі ақын болғанда, бірі жыршы» дегендей, олардың кез келгені арнайы уақыт бөліп сұхбаттасып, сырласуға тұрарлық тұлғалар. Оларды қанша жерден «Өнер адамдары» деп бір салаға топтастырғанымызбен, әрқайсысының шыққан тегі мен бір-біріне ұқсамайтын тағдырлары, таңдаған тарау-тарау жолдары мен алған мамандықтары, араласатын ортасы, қала берді отбасы бар дегендей…

Бүгінгі кейіпкеріміз де өнер адамы. Ол – жастайынан бойындағы бар өнерін халқына тарту етіп келе жатқан жезтаңдай әнші, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұстаз, ағаштан түйін түйген шебер Амангелді Смағұлов.

Бір қараған адамға Әбекеңнің өзі секілді өнер адамдарынан бәлендей артықшылығы да, айырмашылығы да жоқ секілді. Дегенмен, ел аузында, көп алдында жүрген азаматпен жүздесіп, өзі жайлы, өнерге келген жолы жайында сыр шертісіп, бүгінгі тіршілігімен танысып қайтуды жөн санағанбыз.

– Туып-өскен жерім бұрынғы Марқакөл ауданына қарасты Ақбұлақ ауылы.

– Ағаш шебері болу, оның ішінде домбыра жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер ғой. Тегі, әкейден үйренген боларсың?

– Әкемнің айтуынша, біздің жеті атамызда домбыра жасайтын шеберлер болған көрінеді. Раздық деген арғы атамыз домбыраның құлағында ойнаған күйші болған дейді. Бірақ аталарымыздың өнері менің әкеме қонбапты. Әкем домбыраны шаппақ түгілі, тарта да алмайтын. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, қарапайым шаруа адамы болды. Бертінге дейін совхоздың малын бақты. Қайта, әкеме қарағанда шешем өнерге бір табан жақын еді. Атағы елге жайылмаса да, аздаған ақындығы, ел ішіндегі той-томалақтарда бір ауыз әу дейтіні бар болатын. Адал еңбегінің арқасында үш ұл, төрт қызын өсіріп-жеткізді, қатарымыздан қалдырған жоқ.

Сахара сахнасының сардары

– Әнші болу бала күнгі арманың болды ма, болмаса біреу баулыды ма?

– Шынымды айтсам, дәл осы «Әнші болсам шіркін!» деген арманым болған емес. Бала күнінде адам әсіре әсершіл, ерекше қияли келе ме, менің де «Анау болсам, мынау болсам!» деген бала армандарым болған. Ал әншілікке деген әуестігім, кәдімгі радиоқабылдағыш бар емес пе, содан басталған. Күні бойы қой жайып жүріп радиоқабылдағыштан қазақтың әндерін тыңдайтынмын. Әсіресе домбырамен айтылатын әндерге әуес болдым. Жас күнінде адамның есте сақтау қабілеті мықты болады-ау деймін. Бір әнді екі-үш рет тыңдасаң болды, әуені де, сөзі де санаңда жатталып қалатын. Әлгі үйренген әндерімді күні бойы қой соңында жүріп айта берем. Қысқасы сахнам – ұшы-қиырсыз дала, тыңдарманым – бір отар қой болатын.

– Мектеп қабырғасында алдыңғы қатарлы әншілердің бірі болған шығарсың?

– Сол Ақбұлақ мектебінде білім алдым. Мектептегі ұстазым елге танымал өнерпаз, ақын ағамыз Нәбиолда Кемешев болды. Даладан өз бетімше үйреніп келген әндерімді қалыпқа салып, түзейтін жерін түзеп, күзейтін жерін күзеп дегендей, әрмен қарай әншілік өнерге баулыған сол кісі болды. Мектеп бітіргесін көп ұзамай әскерге аттандық.

– Өнер өлкесіне қалай келдің?

– Әскерден оралғасын көппен бірге мен де оқуға түссем деген ниетпен үмітімді үкілеп Алматыға бардым. Бірақ жолым болмады. Алматыдағы «СМУ-15» құрылыс мекемесіне плотник болып жұмысқа орналастым. Күндіз жұмыста, кешкісін боспыз. Бір күні кешкілік бөлмемде домбыра шертіп отыр едім, бір жігіт келді. Кеңес Әукенов деген Зайсанның азаматы екен. Танысып, біраз әндерімді тыңдағасын:

– Сен мына құрылысшылардың арасында неғып жүрсің? деп сұрады.

– Осылай да, осылай, оқуға түсе алмай қалып, құрылыста жүрген жайым бар, – деп жағдайымды баяндап бердім.

Ол сәл ойланып қалды да: – Осында әншілерді даярлайтын эстрада-цирк өнер студиясы бар. Мына өнеріңмен ол жерге түсіп тұрсың. Босқа қор болмай сонда барсаңшы, – деді.

– Мен Алматыға өнер қуып келмеген едім, – деп шынымды айттым.

Сөйтсем, ол өзі бір жылға жуық сол студияда оқып, әлдебір себептермен шығып кетіпті. Содан қояр да қоймай алып барды. Барсақ, ойдан-қырдан келген өнерпаз қыз-жігіттер толып жүр. Бірі домбыраларын, енді бірі гитара, баяндарын арқалап алған. Тұрған жерлері ырду-дырду, ән айтып, күй тартып дегендей…

Сынақ алып отырған адамдардан марқұм Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосынов ағаларымыз, сосын ағайынды Абдуллиндердің болғаны есімде қалыпты. Осылайша ойламаған жерден жалт бұрылып, өнер өлкесіне келгенмін.

Марқадан шыққан маңмаңгер

Жетісуда өткен жемісті жылдар

– Өнер саласындағы еңбек жолыңды қай жерде бастадың?

– Ол кезде оқу бітірген жас мамандарды екі жылдық (отроботка дейді) жұмысқа жіберетін. Студияны бітіре салысымен сондай жолдаманың біреуін маған да ұстатты, Талдықорғанға. Алғашында «Танымайтын-білмейтін ел, қалай болар екен?» деп уайымдап қалған едім. Кейін ән әлемінде өзіндік өрнегі бар Дәнеш Рақышев ағамыз сол жерде дегенді естіп қуанып кеттім. Қуанышым бекер болмапты. Жетісуда өткізген жеті жылға жақын уақытта Дәнеш ағамыздан көп нәрсе үйрендім. Ол – тек домбыра тартып, ән шырқау емес. Дәкең – мінезі сондай байсалды, кішіпейіл, ішкі-сыртқы мәдениеті көзге бірден ұрып тұратын, кең мінезді адам еді.

Жалпы, Жетісу өңірі маған жаққан жер. Ең алғашқы еңбек жолымды сонда бастағанымды айтпағанда, Дәкеңдей біртуар ұстаз таптым, екі қызымның анасы Сәуледей өмірлік жар таптым. Тұңғыш қызымыз Мадинаның кіндік қаны қасиетті Жетісу жеріне тамған. Қаншама әріптес, дәмдес-тұздас достарымыз қалды.

– Сонда жеңгей Жетісудың перзенті болды ма?

– Иә, жеңгең сол Жетісудың Жаркентінің қызы. Шымкенттің өнер институтында оқып, қобыз класын бітірген. Филармонияда бірге қызметтес болып жүргенде таныстық. Екінші перзентіміз Ботагөз кейін елге оралғасын, Күршімде дүниеге келген.

– Жетісудан елге оралуларыңызға не себеп болды, әлде жағдай жасалмады ма?

– Жағдайымыз жасалмады деп, жалған сөйлеуге болмайды. Жетісу елі, ежелден өнерді, өнер адамдарын бағалай білген қасиетті жер ғой. Мен үйленбей тұрып, салт басты, сабау қамшылы кезімде-ақ, облыс орталығы Талдықорғаннан қызметтік баспана берген. Кейін үйленіп, кішкентайлы болғанымызда да жақсы қарасты. Мәселе үйдегілерде болды. Әкей шықты, «Сонда айтып жүрген әніңді елге келіп айтсаң да, тыңдайтын жұрт бар емес пе? Тентіремей елге қайтсаңдаршы, ертең олай-бұлай боп кетсек, қасымызда болғандарың дұрыс» деп бір емес, бірнеше рет айтты. Ақыры әке сөзін жерде қалдырмайық деп елге оралдық.

Күршімнің мәдениеті мен өнеріне шамамыз келгенше 16 жыл өз үлесімізді қостық. Қазір батыр ағамыз Қасым Қайсенов кентінде тұрып жатырмыз. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерімін. Осы жерде шағын шеберхана ашып, домбыра жасаймын. Елдің қайсыбір сынған домбыраларын жөндеп берем дегендей…

– Жалпы, соңғы жылдары той-томалақтарда тіпті ресми концерттердің өзінде домбырамен айтылатын әндер, тартылатын күйлер сиреп кеткен секілді.

– Рас айтасыз, қазір эстрада жанрының бағы жанып тұр. Кез келген адамның делебесін қоздырып жіберетін жеңіл-желпі әуендер мен даңғаза музыканы тыңдаған адамдар, өздері тойда жүрсе, желпінбегенде қайтеді… Үзілісте осындай өз-өзінен жұлқынып билейтін бидің бір-екеуін жібергесін, қызынып алған жұрт домбыраны керек те қылмайды. Осы олқылықтың орнын толтыруда бүгінгі той басқарып жүрген асабалардың орны ерекше дер едім. Солар өздерінің той жүргізу бағдарламасына домбырамен айтылатын бір-екі әнді, бір-екі күйді міндетті түрде қосып қойса, дастарқан басындағы халық тыңдамағанда қайда барады?

Ал ресми шараларда «Бағдарламада неге қазақтың домбырасы жоқ?» десең, «Нұсқау солай болды» деп сұқ саусақтарымен жоғары жақты көрсетеді. Осы үшін талай мәрте сценарий авторларымен сөзге келіп қалғаным да бар. Яғни, бұл жердегі домбыраның болашақ тағдыры жер-жердегі ірілі-ұсақты шенділерге байланысты. Егер солар еліміздегі кез келген мерекеге арналған концерттік бағдарламаға «Міндетті түрде домбырамен орындалатын әндер мен күйлерді енгізіңдер!» деп талап етсе, режиссерлер қайда кетеді? Міне, мәселе қайда жатыр.

– Өзің Дәнеш Рақышев, Жәнібек Кәрменов сынды өнер майталмандарының алдын көрдің. Өзіңді үлгі тұтып, өнеге алып жүрген жастар бар ма?

– Құдайға шүкір, деп сөйлейік. Қазақ «Ел іші – өнер кеніші» деп текке айпаған ғой. Дәстүрлі әнге ден қойып, оның табиғатын түсініп барып мектеп ашса, ол міндетті түрде өз жемісін берер еді. Бізде өкінішке қарай олай емес қой, бәрі науқаншыл, ұраншыл, даңғаза-дабырашыл. Бәрін уақытша, біреулерге көрсету үшін ғана жасайды. Қазір мәдениет үйіндегі қызметім мен домбыра жасайтындығымнан бөлек, осындағы музыка мектебінен өткен жылдың қыркүйек айынан бастап дәстүрлі ән мектебінің бір сыныбын ашып қойдық. Әзірге төрт-бес шәкіртім бар. Ернар Халықбек деген шәкіртім өткен жылы облыста, жақында ғана республикалық ән байқаудан бас бәйгемен оралды.

– Бәрекелді, бұл тамаша жетістік қой. Шәкірттеріңіз бәйгелі бола берсін.

Әңгімеңізге рақмет!

– Айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасқан – Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button