Өзекті

МАРҚАКӨЛДІК ИНСПЕКТОРЛАР АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯ АРҚЫЛЫ ҰСТАЛДЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінің аумағында ұзақ уақыт бойы браконьерлікпен және майқан балығы уылдырығының заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың криминалдық іс-әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді.

Қазақстанның ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы операция кезінде «Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің және балық ресурстарын заңсыз аулауға, сатуға қатысы бар басқа да адамдардың браконьерлік әрекеттері әшкереленген. Олар айрықша қорғалатын нысанда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің орнына өздері балықты қырып салған.

Бейресми ақпараттар бойынша, қазір топтың өзге мүшелерімен бірге  екі қорық инспекторы ұсталып отыр. Екеуінің де мемлекеттік қорықта жұмыс істеп келе жатқандарына төрт-бес жыл болған. Бүгінде қорықты барлығы 36 адам қорып келеді. Комитет тарапынан жүргізілген биылғы кадрлық тексеру кезінде 27 инспектордың бәрі өздерінің кәсіби қызметтеріне сай деген қорытынды жасалған.

Марқакөл мемлекеттік қорығына бақылау жүргізетін орган – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитеті Шығыс Қазақстан аумақтық инспекциясының бас маманы Сая Қабдрахманованың түсіндіруінше, осыған дейін инспекция мамандарының жүргізіп келе жатқан рейді кезінде браконьерлерді ұстау мүмкін болмаған. Алдын ала хабарланбай, шұғыл жүргізілген рейдтер де нәтиже бермеген.

Әрине, браконьерлердің сыбайластары қорықшылардың өздері болса, құйрығын ұстатпақ түгілі, қарасын көрсетпес. «Уылдырықты өткізудің негізгі арнасы жойылды, ұйымдастырушылары ұсталып, қамауға алынды. Майқан (ускуч) балығын браконьерлік жолмен аулауға, сатуға қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, ұстау бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 90 литр уылдырық, мыңнан астам заңсыз ауланған майқан балығы, сондай-ақ 3 млн. 800 мың теңге сомасында ақша, балық аулайтын торлар, рация және тіркелмеген тапанша алынды. Бұрын тоқтатылған төрт қылмыстық іс өндіріспен қайта жаңғыртылды, осы істер бойынша 22 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын төрт тонна майқан балығы алынды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның негізінде табиғи қорықтың қоршаған ортасына келтірілген экологиялық залал анықталатын болады. Сондай-ақ ІІМ аталған аймақтың браконьерлікпен байланысты мәселелерін қарастыруда», – делінген баспасөз қызметі таратқан  ақпаратта.

Марқакөл қорығының қызметкерлері табиғат байлығын саудаға салып тұрған жерінде ұсталған. Ал балықты алысқа бармай-ақ, жұмыс кабинетінде отырып саудалаған екен.

Тергеу барысында аталған кезеңде Марқакөл көлінен бір тоннадан астам майқан балығы заңсыз ауланғаны анықталған. Уылдырықты алғаннан кейін қылмыскерлер балықты күзетілетін аймақтағы жерге көміп кеткен.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button