Ауыл шаруашылығы

«Манас» қыстан қысылмай шықты

«Манас» қыстан қысылмай шықты
Аягөз өңірінің қатал қысынан қысылмай шығу үшін мұндағы шаруа қожалықтары мен серіктестіктер жемшөп қорын молынан дайындап алады. Өйткені, ақпанның ақ түтек бораны мен наурыз айында болатын ызғар малды жүдетіп, малшыны күйзелтіп-ақ жіберетіні бар.
Егер қыс аяғы ұзап кететіндей кездер болса, онда шынымен ақ малшы қауымын састрады. Биыл еліміздің барлық аймағындағыдай мұнда да сәуір айы болса да ауа райы тәуір бола алмай келеді. Бірақ «Шүйгін» деп аталатын қыстамада отырған Кенжебек Каттебаевтың «Манас» шаруа қожалығының ұпайы түгел. «Қыс шанаңды жаз сайла» қағидасын берік ұстанған қожалық мүшелері ала жаздай жемшөп қорын жиып алған. Малы қоңды, қыстамаға әзірлеген шөбі жетеді.
-Біз ең алдымен қыстамаға дайындық мәселесіне көп көңіл бөлеміз,- дейді шаруа қожалығының басшысы Кенжебек Каттебаев. -Өйткені, өздеріңізге мәлім, бұл жақтың қысы қатал, босбелбеулікті көтермейді. Осыдан екі жыл бұрын «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан лизингке алған «МТЗ -82» маркалы тракторы мен шөп шабатын, жинайтын, тайлайтын қосымша құрылғылар бізге өте пайдалы болып тұр. «Тақыр тұма», «Үлкен Сарыөзек» деп аталатын шабындық жерлерде шөп шабамыз. Техникамыз өзімізден болғандықтан, күзгі жауын-шашынға ұрындырмай шабылған шөпті жинап, маялап аламыз. Мына қорадағы қазақтың ақбас сиырларын өсіру үшін екі жыл бұрын асыл тұқымды төрт бұқа алғанбыз. Қазір шүкір, содан тараған мал басы өсіп келеді. Өткен жылы 18 миллион теңге субсидия алуға қол жеткіздік. Қазақ атам «малдының беті жарық» демейтін бе еді, шүкір, қазір жағдайымыз түзеліп келеді.
Шынында да «Әке көрген оқ жонар» демекші, Кенжебек өз әкесі марқұм Каттебай Жанқазақовтан мал бағудың қыр сырын көп үйренді. Ол кісі осы атырапқа танымал жан еді. Осы жердегі «Батпақ» деп аталатын елді мекенді (ферманы) өзі құрып, мал санының артуына сүбелі үлес қосқан жан болатын. Ауыл шаруашылығының асқан білгірі болған Каттебай ақсақал перзенттеріне нанды адал жолмен тауып жеуді үйреткен көрінеді. Кенжебектің ағасы Ғалым Каттебайұлы Жанқазақов та әке жолынан ауытқымай «Манас» шаруа қожалығының ыстығына күйіп, суығына шыдап келе жатқан жан.
– Әкеміз Каттебай ақсақал біздердің бос сенделіп жүргенімізді қаламайтын. Лажы болса, екі қолға бір күрек беруге тырысып, үнемі маңдай термен тапқан малдың ақ та адал болатынын еске салып отырды. Тіпті, ауыл шаруашығында жыл он екі ай ауысып келіп отыратын науқандық жұмыстар Каттебай Жанқазақовтың балаларына еш таңсық болмады. Олар да елмен бірге мал бақты, қой қырықты, оны төлдету науқанының бел ортасында жүрді. «Қарақтарым, қазақ атаң «еңбек етсең емерсің» деген, еңбектің қандай түрі болмасын жігіт адамға жат болмауы керек. Сонда ғана ер-азамат ұшпаққа жете алмақ», – деп отыратын. Қазір әкемнің сол сөздерін ойлап отырсам, асқан дана сөздер екен. Кеңестік жүйе тарап, жұрттың көбі абдырап, кейбірі жеке шыға бастағанда біз де қарап отырмай, осы «Манас» шаруа қожалығын аштық. Осының бәрі әкеміздің берген тәрбиесінің жемісі екені анық. Саспадық, абдырамадық. Еңбек ету біз үшін тым таңсық емес болатын, – дейді бүгінде шаруасы шалқып отырған Кенжебек Каттебаев.
– Ия, отбасы түтінінің түзу ұшуы әйелге байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде отағасының жолы болған. Жан жары Айнұр өзінің сенімді көмекшісі, арқа сүйер қолғанаты. Айнұр да Тұрсынбек Әбілмәжінов атты озат малшының отбасында дүниеге келген. Мал өсірудің қиындығы мен қызығы бүгінде бірнеше сәбиге ана болып отырған оған да жат емес.
«Жаз шыға мына бір «Шұбартау Боғас» тасжолының бойына шығып, қымыз сатамыз, дейді Айнұр, – осындағы малшы қауымнан асқан сары қымыз жолаушы несібесі болады. Шынына келгенде, қолда бар он екі бие бізге әжептәуір кіріс кіргізеді. Жолдасым Кенжебектің бұл ақылы да бүгінгі заманға сай болып тұр, – деп жымияды Айнұр Әбілмәжінқызы.
Ия, Мамырсу ауылдық округіне қарасты «Шүйгін» деген қыстамада отырған «Манас» шаруа қожалығының бүгінгі жай-күйі осындай. Бір сөзбен айтқанда, Каттебаевтар өз еңбектерінің арқасында бақуатты өмір сүріп келеді.

Берікхан ТАЙЖІГІТ
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button