Ауыл шаруашылығы

Мамырсуда мал бордақылау алаңы ашылды

Мамырсуда мал бордақылау  алаңы ашылды

«Мәзби» асыл тұқымды шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын ашты. Ауданның ет экспортына қомақты үлес қосып келе жатқан бұл қожалық бұрынғы шағын бордақылау алаңын кеңейтіп, бір айдың ішінде 100 бас ірі қараны семіртіп шығуға бекініп отыр.
Шаруа қожалығының жетекшісі Рахманқұл Ахметқұлов кезінде зоотехник болып қызмет еткен, тәжірибелі маман екен. Шаруашылықтар ыдырап, «балапан басына, тұрымтай тұсына ауған» заманда Рахманқұл ақсақал қолдағы малы мен үйіндегі балаларын жан-жаққа шашыратпай, қожалық ұйымдастырады. Бүгінде өз бала-шағасымен қоса ағайын-туысқандары да осы қожалықтан нәпақа тауып отыр. Зоотехник болып жүрген кезінде-ақ сапалы малды сұрыптай білуімен аты шыққан ол жеке қожалығында да тұқым сұрыптау мәселесіне қатты көңіл бөлсе керек. Бүгінде «асыл тұқымды шаруа қожалық» дәрежесін алған бұл ұжым екі мың қой, мың жарым сиыр, жүздеген жылқы бағып отыр. Негізгі мал Ақшатауда бағылып жатса да, бордақылау алаңын Аягөздің іргесін-дегі Мамырсудан ашуды жөн санапты. Қыстың көзі қырауда шалғайдағы Ақшатауға ет іздеген халықтың кез келгені жете алмайтын көрінеді. Сон-дықтан жерлестерінің бірінші санатты сапалы етін жақыннан сатып алуына жағдай жасау мақсатында бордақылау алаңын бөгде жерге салуға тура келген. Ал жаз шыға мұндағы малдың бәрі ауылдың жайылымын тарылтпас үшін жайлауға айдалады.
Ақшатаудың өзінде ай сайын 200 қой, 50 жылқы бордақыланып, етке өткізіледі. Шаруа қожалықтың шаруасы бұлайша шалқып шыға келуіне мемлекеттен берілетін көмек өз әсерін тигізбей қоймапты. «Асыл тұқымды қожалық» дәрежесін алғалы берілер субсидияның түрі мен мөлшері көбейе түскен. Саусақпен санап көрейік. Мұндағы әр аналық малға тұқым сұрыптау жұмысын жүргізу үшін 14 мың теңге, жемшөбіне 4,5 мың теңге субсидия беріледі. Ал сатып алынған асыл тұқымды малдың әр басына 118 мың теңге қолдау тағы төленеді. Бірінші санаттағы сапалы етті нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға сатуы үшін еттің әр келісіне 120 теңге тағы беріледі. Бұл тек сиыр малына төленетін субсидиялар. Ал жылына төрт тонна асыл тұқымды қой етін өткізгені үшін төрт млн. теңге және бөлінеді. Осылайша, бұл қожалық жылына барлығы 15 млн. теңгеге жуық субсидия алып отыр. Осы қаржы есебінен мал тұқымын асылдандырып қана қоймай, техникасын да жаңалап келеді. Биыл жаңа трактор алыпты.
Бордақылау алаңында тұрған қазақтың ақ бас сиырлары күніне 700 грамнан салмақ қосуы тиіс. Ол үшін қолдағы малға түрлі минералдар мен жемшөп, тұз қосылған көже беріледі. Қожалық жетекшісі кейін бордақылау алаңындағы жұмыстың бәрін автоматтандырмақ. «Тіпті, малдың тезегі де адамның қатысынсыз тазартылатын болады» дейді Рахманқұл ақсақал.
Аягөздегі субсидия арқылы шаруасын шарықтатып отырған қожалық жалғыз «Мәзби» ғана емес. Осыған
дейін аудан бойынша асыл тұқымды сұрыптау жұмыстары-на 65 шаруа қожалығына 86 млн. теңгеден астам қаржы бөлінсе, асыл тұқымды мал сатып алу үшін 40 қожалыққа 25 млн. теңге қарастырылған. Ал асыл тұқымды жылқы, сиыр, қой еттерінің бағасын арзандату мақсатында 16 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Елбасының ет экспортын арттыру жөніндегі тапсыр-
масы аясында үш жыл ішінде 500 бас асыл тұқымды бұқа алынып, асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде аудан аумағында төрт асыл тұқымды ірі қара, 14 асыл тұқымды қой, сегіз асыл тұқымды жылқы шаруашылықтары жұмыс істеуде. Аягөз ауданында қазіргі таңда 600 мың сиыр, 270 мың қой, 20 мың жылқы бар. Өңірдегі негізгі табыс көзі саналатын мал шаруашылығы-ның жаңа қарқынмен дамуына «Мәзби» сынды шаруа қожалықтарының үлесі зор.

Есімжан Нақтыбайұлы

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button