Экология

Мамыр салқын болды, маусымнан не күтеміз?

Биыл мамыр айының жылдағыдан ерекше мінез көрсетіп, құбылмалы болғаны рас. «Енді маусым қалай болар екен?!» деген көпшілік көкейіндегі сұрақты «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының метеоболжау бөлімінің бастығы Жанар Байқадамоваға қойған едік.

Мамыр салқын болды, маусымнан не күтеміз?– Біздің облыс таулы аймаққа жататындықтан ауа райының құбылмалы болуы мамыр-маусым айларына тән құбылыс. Мамырдың кейбір күндерінде түнде +5˚+10˚, күндіз +15˚ +25˚ жылы болды. Циклондарға байланысты кей жерлерде жауын-шашын болуы қалыпты жағдай. Өткен күндердің салқын болу себебі, солтүстіктен келген ауа ағыстарының әсерінен болған еді, – дейді Жанар Сәденқызы.

Қазгидрометтің болжамы бойынша, маусым айының бірінші және екінші онкүндіктерінде ауа температурасы түнде +7˚…+12˚, кей жерлерде +2˚, күндіз +20˚…+25˚ жылылықты көрсетеді. Одан кейін күн райы түнде +15˚…+20˚, күндіз +30˚…+35˚-қа дейін жоғарылайды. Үшінші онкүндікте ауаның температурасы түнде +8˚…+13˚, күндіз +23˚…+28˚, кей жерлерде +33˚-қа дейін ыстық болмақ.

Жауын-шашынның айлық мөлшері Шығыс Қазақстан облысында басқа аймақтар мөлшерінен аз (22…70 мм. шамасында) болады. Бірінші онкүндікте, екінші онкүндіктің басы мен соңында жауын-шашын жиі-жиі болып тұрады. Үшінші онкүндікте кей жерлерде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Бірінші онкүндіктің соңында және үшінші онкүндіктің ортасында кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал.

Әсел Асқарқызы,
С.Аманжолов атындағы
ШҚМУ-дың студенті

Осы айдарда

Back to top button