Ауыл шаруашылығы

Мұғалжар мен жабының үйірін молайтып отыр

Мұғалжар мен жабының үйірін молайтып отыр

Палатцы ауылдық округі аумағындағы «Елдар» шаруа қожалығы қазақтың ақ бас сиырларын, байыс тұқымды қой, мұғалжар және жабы жылқысын өсіруге маманданған ірі шаруашылыққа айналып отыр.

Аумағы атшаптырым кешен Песчанка ауылынан қашық емес, бұрынғы «Самар» кеңшарының №4 тауарлы сүт фермасында орналасқан. Шаруашылықтың беталысы жаман емес.

Шаруашылық басшысы – Ербол Шәкеров. Кәсіпкер жұмыс бабымен жүргендіктен, бізге шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қожалықтың меңгерушісі Владимир Белоусов әңгімелеп берді.

– Биыл Ақтөбе облысынан ет бағытындағы мұғалжар тұқымды 42 бас жылқы әкелінді. Жылқының бұл тұқымы көп күй талғамайды, біздің өңірдің ауа райына бейімделген, бұл тұқымның біздің облыс-та алғаш рет пайда болып отырғанын атай кету керек. Өткен жылдан бері бие байлай бастадық. Күніне 30 литрден саумал жиылып, ашыған соң, облыс орталығында сатып отырдық, – дейді Владимир Белоусов. – Болашақта жылқыларға қора саламыз, қымызды шөлмектерге құятын қондырғы сатып алып, бағалы сусынды аудан жұртшылығына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Қымыз өндіру қуатын тәулігіне 300 литрге жеткізу көзделген. Бұл мақсатқа жету үшін, мұғалжар және жабы тұқымды 200 бас бие өсіріп отырмыз.

Меңгерушінің айтуынша, шаруашылықта Палатцы және Песчанка ауылдарынан 15 адам жұмыс істейді. Қаспақовтардың отбасы осы жерде тұрады, отанасы Сәуле – аспаз, жұбайы Нәскен – малшы. Жұмыс-шылардың барлығы әлеуметтік аударым-дармен қамтамасыз етілген, ай сайын еңбекақы беріледі, еңбек келісімшарты жасалған.

Бордақылау алаңында он бас жылқы семіртілуде. Есік алдындағы қорғанда жаңа туған төлдерімен сиырлар жүр. Сиыр табынын асылдандыру мен мал басын арттыру үшін, 145 сиырға қазақтың ақ бас тұқымды 5 бұқасы сатып алынған. Қойдың байыс тұқымы да өсіп жатыр, шаруашылықтың қой отарындағы ұсақ мал 400 басқа жеткен.

– Бізде жемшөп жеткілікті. Меншіктегі егіс алқабына сұлы мен арпа егеміз, – дейді шаруашылық меңгерушісі.
Шаруашылық қазір науқандық жұмыстар-ға дайындалуда. Тракторшы Михаил Козенков өзінің темір тұлпарын егіс жинау жұмысы-на даярлап жатыр. Кешен аумағы толықтай қоршалып, айнала жарық орнатылған. Кешен аумағында қат-қабат етіліп құрылыс материалдары жиналған. Алдағы уақытта құрылыс жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Жазда машина-трактор паркіне бокстар мен
асхана салынбақшы.

Палатцы ауылдық округінің әкімі Берікбол Мұқышевтың айтуынша, «Елдар» шаруа қожалығы округте ұйымдастырылатын түрлі шараларға демеуші болып келеді. Қажет кезде техника бөліп, қолдан келген көмектерін аямайды. Құрылғанына үш жыл болған қожалық қазір әжептәуір табысқа жетіп
отыр.

Клара Нұрпейісова
Көкпекті ауданы

Осы айдарда

Back to top button