Ауыл шаруашылығы

Малға төнер қауіп жоқ

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Жылдың суық мезгілінде малы қорада ұсталатын Алтай ауданында ауа райының нашарлауына байланысты төрт түлікке төнер қауіп жоқ.

Малдың қысқы күтімі туралы хабарлаған аудан басшылығы бүгінде ауыл шаруашылығы саласында 200-ге тарта құрылым мен 4296 жеке қосалқы шаруашылықтың жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жалпы, Алтай өңірінде 45 мыңға таяу мал, 106 мың құс өсірілуде.

– Биылғы мал қыстату кезеңіне ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтар жемшөппен толық қамтылды, – дейді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко. – Шаруашылықтардың барлық нысандарында 65 мың тонна шөп, 14 мың тонна пішендеме, 18 100 тонна сүрлем, 13 мың тонна сабан, 5 мың тонна шоғырланған жем дайындалып, жоспар жүз пайыз орындалды. Ауданда ауыл шаруашылығы жануарлары қорада ұсталатындықтан ауа райының нашарлауына байланысты малдың қырылу қаупі жоқ.

Оның айтуынша, ауданда қар жамылғысының қалыңдығы бір метрге таяған. Осыған орай шаруашылықтардың бәрі жануарларды қорада ұстауға көшкен. Қазір мал қораларын жайластыру бойынша мәселе жоқ көрінеді.

– Мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары, ауыл әкімдері жеке қосалқы шаруашылықтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Мониторинг деректері аудан басшылығы мен ауданның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтерге жеткізіліп, қажет болғанда төтенше жағдайларды жою жөнінде шаралар қабылданады, – дейді Сергей Охременко.

Сондай-ақ эпизоотиялық жағдайдың тұрақты екенін хабарлаған ол ауыл шаруашылығы жануарларының жұқпалы аурулардан аман екенін атап өтті. Былтыр төрт түлік ветеринариялық іс-шаралармен толық қамтылып, қауіпті аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілген. Сонымен қатар аудан ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге арналған биопрепараттармен толық қамтылған.

– Ауданда ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге арналған он ветеринариялық пункт бар. Оның алтауы ветеринар мамандармен қамтылса, төртеуіне кадр тартылып жатыр, – деп қосты аудан әкімінің орынбасары.

Осы айдарда

Back to top button