Ауыл шаруашылығы

Мал тұқымын асылдандыруға айрықша мән берілмек

Ауылшаруашылығында астықтан соң аса үлкен пайда әкелетін ет өндіру саласы, ол үшін осы бағыттағы мал шаруашылығын дамыту биыл мықтап қолға алына бастады. Оған Ауылшаруашылығы министрлігінің 2015 жылға дейінгі мерзімге арналған «Ет бағытындағы малдың тұқымын асылдандыру туралы» арнайы бағдарламасының қабылдануы дәлел. Жалпы, елімізде сан алуан бағдарламалар мен жобалар жасалып жатқанымен бұл жолғы қадамның жөні бөлек.

Мал тұқымын асылдандыруға айрықша мән берілмек– Мәселен, бағдарламада мал тұқымын асылдандырудың екі түрлі жолы анық көрсетілген. Оның бірінші-сінде тауарлы шаруашылықтар асыл тұқымды бұқа сатып алу арқылы малды біртіндеп асылдандыратын болса, екіншісінде таза аналық және аналық малды қатар өсіру арқылы қысқа уақытта жүзеге асыру қарастырылған. Мұның екінші жолы мемлекет үшін де, жеке шаруашылықтар үшін де қымбатқа түсетін болғандықтан, оның біріншісі әлдеқайда тиімді әрі сенімді, – дейді осы орайда облыстық ауылшаруашылығы инспекциясы мал тұқымын асылдандыру бөлімінің бастығы Қайырхан Байбудинов.

Жеке шаруашылықтарға сату үшін қазір облысымызда 498 асыл тұқымды бұқалар бар екен. Жалпы ауылшаруашылығы аумақтық инспекция мамандары осы бағытта асыл тұқымды мал саны отыздан асатын 132 шаруашылықты анықтап, олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей бастапты. Яғни, олардың сапалы мал сатып алуларына ықпал жасап, көмек көрсетпек.

Шаруашылықтардың асыл тұқымды мал сатып алулары үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемі де биыл біршама болып отыр. Мәселен, бір бас аналық малға бір жылға он екі мың теңге төленбек. Оның үстіне оған арналған мал азығы үшін де төрт жарым мың теңге субсидия берілмек.

Бұл – асыл тұқымды мал өсіремін деген жеке адамдар ғана емес, шаруашылықтар үшін де айтарлықтай көмек, – дейді бұл орайда тағы да Қайырхан Байбудинов.

Субсидиядан басқа жеңілдікпен берілетін шағын несиелер де биыл жылдағыдан анағұрлым артып отыр. Шағын несиелерді мал тұқымын асылдандыру үшін тек «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы ғана емес, «Ауылшаруашылығын қолдау қоры», «Қазақ несие серіктестігі» сияқты мекемелерден де алуға болады. Оның ішінде жылына алты пайыздық өсіммен бір миллион теңгеден 18 миллион теңгеге дейін несие беретін «Сыбаға» бағдарламасының орны айрықша болып отыр. Ал ірі жобалармен жұмыс істейтін «Казагрофинанс» акционерлік қоғамы арқылы мал бордақылау алаңдары мен мал сою, ет өнімдерін өңдеу орындарын салуға тиімді несие алуға болады.

– Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойын-ша 2015 жылға дейін Ауылшаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша облысымызға 9300 бас шетелдік асыл тұқымды мал әкелу жоспарланып отыр, – дейді осы орайда Қайырхан Байбудинов. – Сондықтан ауылшаруашылығы құрылымдары осы бағдарламаға өз жобаларын ұсынғандары жөн.

Мемлекет тарапынан беріліп отырған осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білсек, облысымыздың ауылшаруа-шылығы, оның ішінде етті мал шаруашылығының адымы ашыла түседі.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button