Тылсым дүние

Мал Малқан молланың соңынан өзі ереді екен

Мал Малқан молланың соңынан өзі ереді екен

Өткен ғасырда Алтайдың Қытай жақ бетіндегі Қаба өңірінде Малқан деген молла өмір сүрді. Әкесі Әпселең деген кісіні де дін оқуын бір кісідей меңгерген шарапатты адам деп айтады білетіндер.
Екеуі де «дін – апиын» деп қарайтын атеистерге құранның құдіретін ұқтырып кеткен жандар. Ел ішінде «Әпселең молла қуаңшылық жылдары бір апта жаңбыр жаудырған», «Әпселең молла қара Ертістің ағысын бір сәтке бір дұғамен тоқтатқан» деген сынды аңыз әңгімелер көп. Бірақ біздің ортамыздан бұл жәйттерді көзімен көргендер алыстап кеткендіктен, ақиқатқа толы Малқанның ғажайып істерін айтайық. Өйткені, ол кісінің көзін көріп, хикметті істеріне куә болған адамдар ортамызда әлі де бар. Ол кісі 90 жылдардың басында өмірден өтіпті.
Малқан молланың атымен бірге ол кісінің мініп жүретін қызыл өгізі де қатар аталатын. Қасиет иесі сол қызыл өгізін мініп, ел аралап жүреді екен. Далаға түнеген күндері ол кісі өгізін байламай, кеңдеу қылып бір шеңбер сызып, соның ішіне өгізді қоя бере салатын көрінеді. Жануар таң атқанша сол шеңберден шықпайды екен.
«Малқан келе жатыр» десе көп адамдар үрейі ұшып қорқатын көрінеді. Себебі, ол кісіні ренжіткен адам сөзсіз бір сәтсіз іске душар болады. Сондықтан да ол кісі қонақ болған үй бар мүмкіндігінше ризалығын алуға тырысады екен. Бірақ молла кез келгенге түспейтін көрінеді.
Бір жолы пейілі түскен бір үйге өгізінің басын бұрыпты. Үй иесі шарапатты молланың үйіне келгенін жақсылыққа балап, асты-үстіне түсіп қонақ қылады. Кешке өгізін апарып шөптесін жерге арқандап қояды. Таңертең ерте тұрып қонағының көлігін дайындай қояйын десе, өгіз арқанды үзіп кетіп қалыпты. Зәресі ұшқан үй иесі Малқан тұрғанша біраз жерді шарлап таба алмай қайтып келіп, болған жайды қонағына қинала айтады. Сонда молла «Іздемей-ақ қоймадың ба, қазір біз шыққанда ол есіктің алдында тұратын болады» депті. Шай ішіп шықса жер-көктен таба алмай келген әлгі өгізі есіктің көзінде тұрыпты.
Ол кісінің тағы бір ерекшелігі, ауыл аралап жүргенде қандай қабаған иттер қаппақ түгілі мыңқ етіп үрмейді екен. Басын көтеріп қараған иттерге қолымен «жата бер» деген ишарат жасайтын көрінеді.
Ал елдер садақаға берген малын ол кісі алдына өңгеріп, иә болмаса, алдына салып айдап әуре болмайды екен. Ешқандай жіпсіз артынан өзі-ақ еріп отыратынын айтады бұл жәйтті көзімен көргендер. Артынан ерген жалғыз қой жайылымдағы қора-қора қойдың ешбіріне жүгірмек түгілі көз салмайды екен. Маңыраған қалпы Малқан молланың соңынан ілесе береді екен…
Малқан молланың ауырған адамдарды ұшықтау, бала көтере алмаған әйелдерді емдеу сынды қасиеттері де бар. Ол кісінің шарапатымен өмірге келген балалар қазір ортамызда өмір сүріп жатыр.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button