Мал дәрігерлері жетіспейді
Азамат Темірбеков
Глубокое және Шемонайха аудандарының шаруалары биыл төрт түлікті қыстан шығаруда мәселе жоқ екенін айтады.
Жалпы, балл бонитеті (топырақ құнары) жоғары өңірлерге жататын аталмыш аудандарда малдың қыстық жемшөбін дайындауда проблема жоқ. Табиғи жайылымнан гөрі, көпжылдық екпе шөптен құнарлы жемшөп дайындап, сүрлем жабуға машықтанған жергілікті шаруалар қыс мезгілінде төрт түлікті қорада ұстайды.
Бүгінде облыстағы ірі аудандардың бірі саналатын Глубокое өңірінде 752 ұйым ауыл шаруашылығы тауарларын өндірумен айналысады. Жалпы, қазіргі уақытта мұндағы мал басы қырық мыңнан асып жығылса, шаруашылықтардың көпшілігі ірі қара өсіруге машықтанған. Осы қысқа жалпы көлемі 58 мың тоннаға жуық мал азығын дайындапты жергілікті шаруашылықтар.
– Ауданда негізінен малды қорада ұстап отырмыз, – дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Светалана Большакова. – Бұл мәселеде ешқандай проблема жоқ. Биыл да жылдағыдай Глубокое, Белоусовка, Алтай кенттері мен Тарханка, Бобровка және Веселовка ауылдарының маңында қар қалың түсті.
Мал қыстатуда мәселе жоқ екенін алға тартқан жауапты тұлға, бүгінгі күні аудан аумағындағы төрт түліктің түрлі аурулардан аман екенін де атап өтті. Өткен жылы екпе жұмыстарының уақтылы жүргізілгенін хабарлаған ол, биыл да ветеринарлық шаралар жоспарлы түрде жүргізілетінін айтты.
Қазіргі уақытта 300-ге тарта ауыл шаруашылығы құрылымы бар Шемонайха ауданы да мал азығымен толық қамтамасыз етілген. Аудан әкімінің орынбасары Галина Раймбекованың хабарлауынша, төрт түлікті қыстан аман алып шығу мақсатында 76 мың тоннадан астам мөлшерде сабан, шөп және пішендеме дайындалып, 66 мың тоннадан астам сүрлем жабылған екен.
Табиғи-климаттық жағдайларға байланысты малдың бәрі қорада ұсталатынын алға тартқан ол қазір жағдай тұрақты екенін баян етті. Мұнда егіс жұмыстары уақтылы жүргізіледі. Яғни, тұқым дайындау, ерте көктемде сүдігер жырту, өсіру, минералды тыңайтқыштар себу, егу жұмыстары өз кезегінде жүргізіліп, дақылды орып алғанға дейінгі аралық толық бақылауда ұсталады.
– Шемонайха ауданында эпизоотиялық жағдай тұрақты. Жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша қолайсыз пункттер жоқ. Барлық ветеринарлық іс-шаралар бекітілген жоспарларға сәйкес орындалып, профилактикалық жұмыстар уақтылы жүргізіледі, – деп қосты Галина Раймбекова.
Қоса кетсек, қазіргі уақытта аталмыш аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарында ветеринар мамандардың жетіспеушілігі бар. Осы себепті аталмыш мәселені шешу бағытындағы тиісті жұмыстар аудан басшылығы тарапынан қолға алынып, бақылауға қойылған.