Ауыл шаруашылығы

Мал бағып отырғандарды табысқа кенелтті

Мал бағып отырғандарды табысқа кенелтті

Соңғы жылдары Бородулиха облысымыздағы іргелі сүт өндіруші өңірдің біріне айналды. Бұған себеп көп. Ең алдымен, жері ірі қара малын өсіруге қолайлы, оның үстіне ауданда берісі облыс, арысы республикаға, тіптен жақын шетелге өнімін экспорттайтын ірі шаруа қожалықтары жетерлік.

Биыл бес мың тонна сүт қабылданбақ

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауданда «Красный яр» және «Алмакос» шаруа қожалықтарындағы тауарлы-сүт фермаларын қайта құру жұмыстары аяқталған. Қазір аталмыш фермаларды ірі қара малмен толтыру мәселелері пысықталуда. Бұған қоса, бүгінде өңірде «Зәйтенов» шаруа қожалығы мен «Новая заря» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермалары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, «АгроЗакуп-А» ЖШС Бородулиха ауылында сүт қабылдау пунктін ашу жұмыстарын жүргізуде. Осы туралы және аудандағы сүт өндірісінің жалпы жағдайы жөнінде бізге жуықта аудан әкімі Григорий Акулов егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

– Ауданда он сегіз ауылдық округ бар. Олардың құрамына 65 елді мекен кіреді. Қазір сол 65 елді мекен халқының басым көпшілігі сүт өткізу жұмыстарына белсенді қатысуда. Статистикалық деректерге жүгінсек, Бородулиха ауданында төлдейтін малы бар бес жарым мыңға жуық аула тіркелген. Халықтың қолындағы мұндай мал басының саны 10 730-ды құрауда, – дейді аудан әкімі.

Оның айтуынша, қазір ауданда тоғыз сүт қабылдау пункті жұмыс істеп тұр. Осы жылы қабылданатын сүттің көлемі бес мың тоннаға жуықтамақ.
Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аудан тұрғындарынан 854 тонна сүт сатып алынған. Осы орайда, сатып алынған өнімнің 91 тоннасы модульді қабылдау пунктеріне тиесілі екенін атап өткен абзал. Бұл жоспарлы тапсырманың 100 пайызын құрайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазір Бородулиха ауданы үшін сүтті бағыт ерекше маңызға ие. Өңірде осы бағыттағы мал шаруашылығын дамыту, халықтан шикізат сатып алу және оны өңдеу бойынша облысымыздағы қанатқақты жобаның бірі жүзеге асырылуда.

Мал бағып отырғандарды табысқа кенелтті

Аудан әкімі бұл бағыт шаруа қожалықтарына ғана емес, қарапайым тұрғындар үшін де қосымша табыс табудың тамаша мүмкіндігі екенін алға тартуда.

Жұрт өзі іздейтін болды

Аудан басшысы сөзінің растығына Жаңа Шүлбі ауылына сапарымыз барысында көз жеткіздік. Осыдан біраз бұрын аталмыш елді мекенде іске қосылған сүт қабылдау пунктінің қызметі қазір жергілікті тұрғындар арасында ерекше сұранысқа ие.
Біз барғанда пункт қызметкері Виталий Попеско сүттің кезекті партиясын қабылдап жатыр екен. Жұмысы қауырт болса да, Виталий бізге пункт қызметі жайында айтып берді.

– Жұмысымыз ерте басталады. Сағат бестер шамасында шопырларымыз екі көлікпен елді мекендерге шығып, сүт жинауға кіріседі. Жаңа Шүлбіден бөлек, маңайдағы ауылдардың да тұрғындарынан сүт қабылдаймыз. Жалпы, адам жақсы нәрсеге тез үйір болып кетеді емес пе. Қазір ауылдардағы тұрғындар бізді іздеп, күтіп жүретін болды. Әмбе, халыққа қалаға не аудан орталығына барып, сүт сатудан бұл әлдеқайда ыңғайлы. Цистерналы көліктер әр үйге соғып, сүтті өздері жинайды. Көп ұзатпай ақшаларын да төлейміз, – дейді ол.

Әлбетте, жиналатын сүттің сапасына ерекше мән беріледі. Виталий Попеско үш күн сайын сүт жинайтын көліктермен бірге ауылдарға шығып, қабылданған өнімнің сапасын тексеріп отырады.

– Әдетте сағат онға таман сүт қабылдау жұмыстары аяқталып қояды. Жиналған өнім бір жерге құйылып, сапасы тексеріледі, қажетті температураға дейін суытылады. Сүт тез бұзылатын өнім болғандықтан, оны көп сақтамаймыз. Кешке жақын үлкен цистерналы жүк көліктері келіп, сүтті өңдеуге алып кетеді, – дейді В. Попеско. – Кеше 1 390 литр сүт жинадық. Бүгін оның мөлшері 1 416 литрге дейін жетті. Қабылданған сүттің көлемі күн санап артып келеді.
Жалпы, жаз айларында аталмыш сүт қабылдау пунктіне күн сайын бес тоннаға дейін шикізат жеткізіледі екен. Ал қыстағы нәтиже төменірек, тәулігіне шамамен бір тонна сүт қабылданады.

Жаңа Шүлбідегі сүт қабылдау пунктін былтыр көктемде жеке кәсіпкер Ерболат Имадилов ашқан болатын. Жергілікті ауылдық әкімдіктің бас маманы Бекзат Серікованың айтуынша, қазір пункте Жаңа Шүлбі, Жерновка, Құнарлы және Андреев ауылдық округтерінен сүт қабылданады.

– Жыл басында бізге сүт қабылдау бойынша жүктелген міндеттер толық орындалды. Әрине, ауылдық округтегі ветеринарлық және санитарлық жағдайға жіті көңіл бөлудеміз. Ай сайын қабылданған сүттің бір бөлігін аудандық ветеринарлық зертханаға тапсырып отырамыз, – дейді ол.

Жергілікті әкімдік мамандары қазір пункте сүттің литрі 70 теңгеден қабылданып жатқанын мәлім етті. Дегенмен, бұл тұрақты баға емес, жыл көлемінде сүттің құны түрлі жайттарға байланысты сан мәрте құбылады, деп ескертті олар.

Бородулихаға сапар барысында біз аялдаған тағы бір елді мекен Березовка подхозы болды. Аталмыш елді мекеннің де өз сүт қабылдау пункті бар.
Бүгінде Розалия Жұмағұлова тізгінін ұстап отырған «Жұмағұлов» жеке кәсіпкерлігінің сүтті бағытта қызмет көрсетіп келе жатқанына осымен бес жылдың жүзі болыпты. Бұл жерге сүт төрт округ, 11 ауылдан жеткізіледі. Әр 10 күн сайын сүт өткізуші тұрғындарға тиісті ақысы төленіп тұрады. Алғашында күніне 200-300 литр шамасында сүт қабылдаған пункте қазір тәулігіне 4-5 тоннаға дейін сүт жиналады. Жиналған өнім артынша Семей, Павлодар қалаларына жөнелтіледі екен.

– Сүт өткізу – мал ұстап отырған қарапайым адамдар үшін табысқа кенелудің тамаша мүмкіндігі. Оның үстіне, бұл ауыл-аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де ықпалын тигізетіні сөзсіз, – дейді кәсіпкер.

Жаңа технологияға мал да үйренді

Дегенмен, Бородулиха ауданында бүгінде сүтті бағыттағы мал шаруашылығының жүгін ірі шаруа қожалықтары көтеріп тұрғанын мойындау керек. Соның бірі деп осыдан біраз бұрын Михайличенково ауылында іске қосылған 400 басқа шақталған ферманы айтуға болады. Қазір бұл фермада екі жүзге жуық бас ірі қара бар. Ферма мамандары алдағы күзде бұл жоба толық қуатына енеді деп отыр.

Мал бағып отырғандарды табысқа кенелтті

«Новая заря» серіктестігі директорының мал шаруашылығы бойынша орынбасары, бас мал дәрігері Виталий Фисенконың айтуына қарағанда, фермада бір мезетте 20 сиырды саууға мүмкіндік беретін «Параллель» заманауи жүйесі енгізілген. «Бұл технология сиырларды саууға кететін уақытты едәуір қысқартады» дейді ол.

Оның үстіне, қазір бірнеше жүз бас ірі қара малы бар фермадағы шаруаны саусақпен санарлықтай ғана адам тындырып отыр. Бәрі сиырларды автоматты түрде саууға мүмкіндік беретін шведтік «DeLaval» құрылғыларының арқасы.

Осыған ұқсас технология аудан орталығы Бородулиха ауылында орналасқан «Е. Зәйтенов» шаруа қожалығында да жұмыс істеп тұр.
Түсінгеніміздей, аталмыш шаруа қожалығында бүгінде шикізат базасын дамытуға ерекше мән берілуде. Сол себепті, қазір фермадағы сиырларды роботтар сауады екен. Зеңгі баба төлі де бұл жаңашылдыққа тез үйреніпті.

«Қазір бізде шикізатты қайта өңдеп, одан бірнеше тауар түрін шығаратын цехтарымыз бар. Жалпы, еуропалық сиыр сауу технологиясына көшу арқылы өнімдеріміздің сапасын айтарлықтай жақсарттық деп ойлаймыз. Мұны тұтынушыларымыз да айтып отыр» – дейді ферма мамандары.
Айта кетейік, мұнда қайта өңдеуден өткен шикізаттан артынша «Гауда» ірімшігі сияқты жоғары сапалы тауарлар шығарылады.

Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ

Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button