Мал азығының жартысын дайындады
Бүгінгі күні аудан халқы қысқы маусымға дайындықтарын бастап кетті. Барлық жерлерде шөп шабу, қатаң мал азығын дайындау секілді жыл сайынғы кезектен тыс жұмыстар қарқын алды.
Көптеген шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестер, жеке тұлғалар техникаларын жаңартып жатыр. Ескінің аты ескі. Бір күн жүрсе, бір күн жүрмей сынып, қатардан шығып тоқтап қалады. Осыдан қорытынды шығара білген ауданның шаруалары мен диқан қауымы осы олқылықтың орнын толтыруға зор қадамдар жасады. Олар өткен жылдары «Жұмыспен қамту», «Агробизнес» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несиелер алып, техникаларын жаңартып алған болатын. Мәселен, Б.Майлин атындағы ауылда «Қарлығаш» шаруа қожалығының басшысы А.Мақсымбаева, «Әділ» шаруа қожалығының жетекшісі А.Сәрсенбеков, «Кеңесбай», «Бексұлтан», «Назбибі», «Барақ», «Жас талап» сынды шаруа қожалықтары «Қазагроқаржы» АҚ арқылы лизингке МТЗ-82, шабылған шөпті жинап, тайлағыш, шөп тиегіш, тіркеме, тағы басқа ауылшаруашылық техникаларын сатып алды. Осыған дейін ауыл шаруашылығы жұмыстарын ескі техникамен тындырып жүрген диқан қауымы акционерлік қоғамның үлкен жеңілдікпен беріп отырған техникасына дән риза.
Тарбағатай, Майлин, Ақшатау, Ақшәулі, Байқошқар, Сарықамыс, Мамырсу, тағы басқа ауылдық округтерде қатаң мал азығын дайындау ісі басты орынға қойылып, шаруа қауымы күннің аптабына қарамай еңбек етіп жатқаны рас. Мәселен, Қарағаш ауылдық округіндегі «Али», «Арсен», «Қайнар», «Шаңырақ», Ақшатаудағы «Қоңыр», «Шәрбану, «Рахат», «Құлагер», «Мәзби», «Айгүл», «Несіпбек», «Дәулет», Мамырсу ауылдық округіне қарасты «Абдрахман», «Қос», «Мақсат», «Скован», «Макс А», Мәдениет ауылдық округіндегі «Архат», «Медет», «Дағанды», «Жандос», «Нұр» шаруа қожалықтары пісіп жетілген шөпті шауып, маялап, қыстақтарға тасуда. Жаздың жайдарлы шақтары мен жауын-шашынсыз күндерін тиімді пайдаланып жатқан пішеншілердің басты мақсаты белгілі. Алда келе жатқан қысқы маусымнан мал басын аман алып шығу. Мәселен, Қарағаш ауылында дайындалуға тиіс жоспардағы 7320 тонна пішеннің орнына бүгінгі күні 3500 тоннасы шабылып, мал қораларына жеткізілген. Сондай-ақ Ақшатау ауылдық округінің қожалықтары мен серіктестіктері мал азығының тең жарымын даярлап үлгерген. Мұнда жоспардағы 17600 тоннаның 8 мың тоннасы, Мамырсудағы 10153 тоннаның 5000 тоннасы дайын. Мамырсу ауылдық округінің Серік Орақбаев басқаратын «Макс-А» және «Жау-Қар» шаруа қожалықтары қысқы мал азығын дайындауда алда келеді.
– Негізі, «Макс-А», «Жау-Қар» шаруа қожалықтары қыс айларына 1000 рулон пішен дайындап алуы керек, –дейді Серік Орақбаев. – Былтыр қуаңшылық болғаны мәлім. Сондықтан біз өткен жылы да жоспарды артығымен орындаған едік. Содан қалған 300 рулонымыз бар. Негізі, биылғы жаз айларында болған аптап ыстық шөптің шығымына да әсер етті. Бірқаншама жер күйіп кетті деуге болады. Міне, тамыз айының алғашқы онкүндігінде 500-600 рулон дайындалып, қорамызға енді. Қыстамаға 500 ірі қара, 300 жылқы кіреді деп отырмыз. Айта кетерлігі, біздегі техниканың бәрін толығымен жаңартып алғанбыз. Бұл біздің қысқы мал азығын дайындауымызға үлкен септігін тиігізіп тұр. Жауапты науқан ешқандай көлденең кесірсіз өтіп жатыр. Әрине, жауын-шашын, дауылды күндердің аздап бөгеті бар. Бірақ, тұтастай алғанда, шөп шабу науқанына кедергі жоқ. Ешқандай ысырапсыз, дер кезінде қысқы жемшөбімізді дайындап алуға толық мүмкіндік бар.
Жалпы, ауданда негізгі бағытын мал өсіру мен егін егуге, астық өндіруге арнаған мыңға жуық шаруа қожалығы бар. Мәселен, өткен жылы өңірде «Ауылшаруашылық техникаларын алу» бойынша аудандағы 54 шаруа қожалығы 659,2 млн. теңгеге 54 трактор және 64 өзге де техника алған. Жоспарлы тапсырманың орындалуы жүз пайызға жақындады. Демек, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бағыты дұрыс жолға қойылған.
– Бізде әртүрлі бағдарламалар арқылы мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді пайдаланып, шаруашылығын өркендетіп отырған серіктестіктер мен қожалықтар баршылық, –дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлмінің басшысы Оразбек Кеңшіліков. – Қазір ауданда қысқы мал азығын дайындау науқаны жақсы жолға қойылған, өйткені қожалықтар, серіктестіктер мен жеке тұлғалардың техникалары жаңартылды. «Аягөз несие» серіктестігі арқылы «Іскер», «Агробизнес», «Агротехника» бағдарламалары арқылы аудандағы 40 шаруа қожалығы барлығы 1324,7 млрд. теңге несие алып, жоспарлы тапсырманың орындалуы 4 есеге артты. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен қолдаудың арқасында жеткен нәтижелеріміз жақсы деуге болады. Жалпы, биылғы шөптің шығымы жаман емес. Ауа райы осылай қолайлы болып тұрса, қазан айына дейін жоспар-тапсырманы асыра орындаймыз деген үмітіміз бар.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.