Махамбет Имашпаев, облыстық балалар стоматологиясының бас дәрігері: – Әскер – балабақша емес…
Мамандығы руханиятпен еш байланысты болмаса да, сол үшін кіммен болса да кеңірдегін жыртып дауласа кетуге әзір жандар болады. Өзі тіс дәрігері бола тұра, әсіресе ұлт өнері Айтыс, ұлттық баспасөз, мәдениет пен әдебиет десе делебесі қозып, арқаланып кететін азаматтардың бірі – Махамбет.
АТ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАҒАН ЖЫЛҚЫШЫНЫҢ БАЛАСЫ
Мен білетін Махаң көп сөзге жоқ. Мақтаншақтықтан ада. Достарына адал. Өз кәсібінің шебері. 2012 жылғы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі». Бірақ оған мастанып, масаттанып жүрген Махаң жоқ. 2003 жылдан бері облыстық балалар стоматологиясының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Махамбет Ашанұлына жолығып, аз-кем әңгімеге тартқан едік.
– Маха, балалық шаққа ойша бір саяхат жасап қайтсақ. Қайда, қандай отбасында дүниеге келдің?
– Мен Катонқарағайдың Қызыл-Жұлдыз ауылында, Бұқтырманың бойында дүниеге кеппін. Ес білгелі көргенім жылқы, құлындары құлдараңдай шауып, енелері қоңыраулата кісінеген жылқышылар ауылы, желіге байланған құлын, құрық тимеген шу асауларды үйрету болды. Өйткені, әкем зейнеткерлікке шыққанға дейінгі бүкіл саналы ғұмырын совхоздың жылқысын бағуға арнаған адам. Анам бие байлап, қымыз ашытады. Әлі есімде, төртінші-бесінші оқып жүрген кезімнен-ақ, сонау жайлаудан аудан орталығына күніне, кәдімгі теріден тігілген сабаға құйылған 120 литрдей қымыз тасымалдаймын.
– Сонда ол қымызды ауданға әкеп сатасыңдар ма?
– Жоға, қайдағы сатқан. Ол үкіметтің тапсырысы тіпті, талабы деуге де болады. Аудан орталығында склад бар, соған әкеп тапсырасың. Олар өлшеп алады да, журналға белгілеп қояды. Кім, қашан, қанша қымыз, сүт, май немесе тағы да басқа мал өнімдерін әкелгенін. Әрмен қарай оны жұмысшыларға таратып бере ме болмаса басшылар өздері іше ме? – онда менің шаруам жоқ.
– Жайлауда жүріп небір асауды үйреткен кездерің болған шығар?
– Енді, жылқышының баласы болғасын онсыз бола ма. Асау үйретем деп аттан құлап, әкейден сөз естіген кездеріміз де болды. Дегенмен, ат құлағында ойнап өстік деп айта аламын. Қазір сол күндерді сағынасың.
– Естуімше, әскери борышыңды Ауған жерінде өтепсің. Сонда ол жаққа баратындарды арнайы іріктеді ме болмаса топтап-топтап жібере берді ме?
– Ол кезде әскерге бармай немесе жарамай қалу деген өте үлкен мін болатын. Он сегізге толдың ба, стройбатта болсаң да, әйтеуір екі жыл әскерге барып келуің керек. Ал әскерге шақырылғандарды ел боп, жұрт боп шығарып салудың өзі бір жыр болатын. Ол кезде қолдан сыра ашытатын. Әлгінің буы ішкендердің бойына әжептәуір желік беретін. Сыраға қызып алған аға-жеңгелеріміз жылап-сықтап, соғысқа шығарып салғандай таңғы сағат бесте Үлкен Нарынға аттандырып салды. Ол кезде аудандық военкомат сонда. Ойымызда ештеңе жоқ, кім бармай жатқан әскер, шетқақпайламай шапшаң алып кеткеніне мәзбіз. Өскемендегі сборный пунктте екі-ақ күн болдық та, сол кеткеннен Өзбекстанның Самарқант деген қаласынан бір-ақ шықтық. Сол жерде карантиннен өтіп, присяга қабылдайтын болдық. Біздерді алғашқы әскери дайындыққа баулығандар әскерге 1979 жылы, яғни, алғаш соғыс өрті бұрқ ете қалғанда шақырылғандар болды. Соғыс боп жатқандығынан бейхабармыз. Әбден ант қабылдап болып, мойнымызға үлкен жауапкершілікті алғасын барып сапқа тізіп қойды да, соғыс аймағына түскенімізді, абай болуымызды, бұйрықты бұлжытпай орындау керек екендігімізді ресми түрде естіртті.
ШАРБОЛАТТАЙ ШЫҢДАҒАН АУҒАНСТАН СОҒЫСЫ
– Сонда, 18 жастағы бозбала болсаңдар да көп ұзамай кәдімгі соғысқа кіретіндеріңді, ол жақта өлім-жітім болатындығын, тұтқынға түсіп немесе мүлдем елге қайтпай қалуың мүмкін екендігін сезіндіңдер ме?
– Алғашқы кездерде ондай қорқыныш, үрей деген нәрсе аса бола қойған жоқ. Қолымызға өмірі ұстап көрмеген автомат ұстағанымызға, әскери киім кигенімізге күмпиіп жүрміз ғой. Уақыт өте келе жанымызда жүрген жігіттердің бірінің оқ тиіп жараланғанын, енді біреуінің тіпті тіл тартпай кеткендерін көзбен көргенде барып қайда келгенімізді ойлана бастадық. Бірақ шегінетін жер қайсы? «Отаныма өле-өлгенше адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін!», – деп қару ұстап тұрып, беретін антымызды беріп қойдық. Енді одан бас тартсаң, нағыз қылмыскер боп шыға келесің.
– Ауған жеріне алғаш қадам басқан сәт есіңде болар?
– Бір күні түн мезгілінде, ұмытпасам, маусымның 22-сі. Самарқанттан самолетке отырғызды да, тура Кабулға алып келді. Аэропорттың маңында ұзынынан-ұзақ әскери палаткалар тігілген екен. Негізі ол жақта жүргенімізде, Самарқанттағы карантин кезінде болмаса, казарма дегенді көрген жоқпыз. Қысы-жазы палаткада тұрасың. Палатка дегенің жазда ыстық, қыста суық болатын бәле екен. Осы жерге алғаш соғыс басталған жылы әскерге шақырылған, ендігі жерде үйлеріне қайтатын дембілдерді жер-жердегі қызмет еткен бөлімдерінен алып кеп, жинап жатыр екен. Біз ұшып келген самолетпен олар қайтып барады. Көп ұзамай олар бейбіт өмірге араласады. Біз болсақ, енді ғана қан майданның табалдырығын аттағалы тұрмыз. Осыны ойлаған сәтте түңіліп кеткендей болдым. Уақыт тоқтап қалған секілді. Өзің ойлашы, алдымызда бір ай емес, екі ай емес, бақандай екі жыл уақыт бар. Айналамыз күндіз-түні атыс-шабыс, өлім-жітім…
Кабулда көп аялдатпады. Жаңадан келгендерді бригада бригадаға бөлді де, бізді Жалалабад деген жерге жөнелтті. Онда қазіргі Мәжіліс депутаты, генерал ағамыз Бақытжан Ертаевтың 66-шы атқыштар бригадасына түстік. Ол жерде тура бір жарым ай нақты әскери дайындықтан өттік. Кейін ол жерден де ауыстырылып, службаның соңына дейін Ауғанстанның Герат деген провинциясында болдым.
– Ең алғашқы шайқасқа қалай, қай жерде куә болдың?
– Алғашқы шайқастан бастап, сол Ауған жерінен елге қайтқанға дейінгі әрбір күн де, түн де жадымда. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Бірде Жалалабадтан Кабулға үлкен колоннаны бастап апаратын болдық. Жүрісіміз баяу. Бір таудың шатқалына бойлап еніп келеміз, еніп келеміз. Бір кезде сатыр-күтір атыс басталды да кетті. Түн ортасы. Жан-жағымыз жарылыс, ысқырған оқ. Кім-кімді атып жатқанын білмейсің. Төбемізде екі-үш тікұшақ жүр шыр айнала ұшып. Олар Жалалабадтан бізбен бірге шыққан. Міндеттері – жолымыздағы қауіп-қатерді анықтап, колоннаға мәлімдеп отыру болатын. Түн ішінде кімді, қалай анықтамақ? Тау-тастың арасы түгел жасырынған ауғандықтар. Өз тілдерінде әлде не деп ұрандай ма, ара-арасында «Аллаһу акбар!» – деген дауыстар естіп қаламыз. Атыс шамамен бір сағатқа созылды-ау деймін. Әскерден кете-кеткенше байқағаным, ауғандықтардың соғыс тәсілдері осылай екен.
Тұтқиылдан шабуылдап кеп кетеді де, ары кетсе 30-40 минуттай атысып-атысып тау-тастың арасына кіріп жоқ болады. Атыс саябырсып, есімізді жиғандай боп, адамдарды түгендеп жатырмыз. Соның өзінде колоннаның алдыңғы шебінен үш-төрт сарбаз өліп, он шақтысы жараланғанын естідік. Бірнеше машина мен танк, БТР-лар көз алдымызда өртеніп кетті. Бұл – менің Ауған жеріне аяқ басқандағы алғашқы куә болған шайқасым болатын.
– Әскерге бірге шақырылған достарыңның арасында оққа ұшқандары немесе қатты жарақат алып, әскерден елге қайтарылғандары болды ма?
– 1982 жылдың сәуірінде іргелес Алтай өлкесінен бір орыстың жігіті, сосын көп ұзамай майдың соңында ауылдан әскерге бірге аттанған Жанпейісов Киікбай деген кластасым мерт болды. Басшылық тарапынан екеуіне де «Осы жігіттердің мәйітін елдеріне апарып кел!» – деген ұсыныс түсті. Бірақ мен келіспедім.
– Неге?
– Өйткені сондай сапармен елге барып келгендердің айтуларынша, қайтып келгесін ана жақтағы бейбіт өмірден мына жақтағы аласапыран соғысқа қайта бейімделіп, көндігіп кету адам психологиясына сондай қатты әрі кері әсер етеді екен. Баласын жоқтап, зар жылаған жұртты көріп тұрудың өзі өте ауыр тиетін көрінеді. Егер бүкіл ел басына төнген, кешегі немістермен болған секілді Ұлы Отан соғысы болса, әңгіме басқа ғой. Ал бұл олай емес, мына жақта жап-жас жігіттер қыран-кескі соғыста қан кешіп, «қашан, қай жерде оқ тиіп мерт болады екем?» – деп жанын шүберекке түйіп жүрсе, ана жақтағы ел ештеңе болмағандай тойын-тойлап, ойынын-ойнап дегендей бейбіт тіршілік кешіп жатыр.
– Сонда бұл өзі әділетсіз немесе орынсыз соғыс болғаны ғой.
– Дәл солай. Оның себебі мен салдарын дәл сол кезде байыптап, анықтап білмесек те, кейін бүкіл әлем тіпті сол кездегі Кеңес Одағының өзі де мойындады емес пе. Ал сол соғыста қаншама жігіттер қыршынынан қиылды? Қаншасы із-түзсіз жоғалып, қаншамасы осы күнге дейін өмір-бақилыққа мүгедек боп қалды? Бұл үлкен сұрақ. Ал бұған кім жауап бермек, ана жігіттердің обалына қалған кімдер? Бұл да жауабы жоқ сұрақ.
ҰЛТ НАМЫСЫН БЕРМЕГЕН ШОҚТЫҒЫ БИІК ШОҚТАЕВ
– Сарбаздар арасында ұлтқа немесе жершілдікке бөліну деген секілді оқиғалар болды ма?
– Ол жердегі сарбаздар сол кездегі Одақтың түкпір-түкпірінен шақырылғандар. Майданда жүргесін бе әлде «кемедегінің жаны бір» деген ұғым болды ма, әйтеуір, ондай әлімжеттік, ұлтқа бөлінушілік көп бола қойған жоқ. Осыған жақындау, ұлт намысы сынға түскен бір жағдай әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Үлкен полк, дивизия болғасын, ол жердегі сарбаздардың да санында қисап жоқ. Демалыс күндері көршілес бөлімдердің сарбаздары бас қосып түрлі спорт ойындарынан жарыс өткізеді. Сонда, бір сарбаз, соның ұлты орыс па, украин ба, білмейді екем. Әйтеуір, сары болғасын бәрін орыс дей береміз ғой. Әлгі ортаға шықты. Өзі де екі иығына екі кісі мінгендей, алып неме екен. Бұрын да талайлардың белін қайыстырып, ешкімге дес бермей жүрсе керек. Білетіндердің айтуларынша, адам шақ келтірмейді. Алдына келгендерді алып та, шалып та жығады. Бұл жолы да сөйтті… Екі-үш сарбазды бірінен соң бірін умаждап тастап:
– Ну что, кто следующий? – деп, желкесін күжірейтіп, қоқиланып алған. Ортаға шығып ап, алшаң-алшаң басады. Байқаймын, қаптап тұрған небір ұлттың «менмін» деген жігіттерінің беттері қайтып қалған секілді. Бәрі үнсіз. Өзара күбір-күбір, күңкіл-сүңкілден аса алмай тұр. Бірақ ортаға жұлқынып шығар бір адам жоқ.
Осы сәтте, орнай қалған тыныштықты бұзып: – Я буду бороться! – деген дауыс саңқ ете қалды. Қарасам, бойы орташа ғана, төртпақ денелі қазақтың жігіті екен. Шоқтай жайнаған жанарына қарап: – Әй жігітім, тегін адам болмадың-ау! Жеңіліп қалмасаң жарар еді..!? – деп, ойлауға ғана мұршам келді. – Кімсің, қайдансың? – деп, сұрап жататын емес.
Екеуі шыққан бетте шарт та, шұрт алыса кетті. Дәу орыстың нендей күйде болғанын қайдам, сырттан бақылап тұрған біз ешнәрсе ұқпай қалдық. Әлгі жігіттің шапшаңдығы сондай, қас пен көздің арасында әлгі алыптың ішіне кіріп кетті де, бірден тік көтеріп әкетті. Екі аяғын тырбаңдатқан күйі айналдырып-айналдырып әкеп төбесімен жерге бір-ақ қадады. Мұндай қарсылық пен шапшаңдықты анау да күтпеген болса керек. Бейшара сол жолы қатты соққыдан мойнын зақымдап, ақыры санчастьтан бір-ақ шықты. Жиналғандар өздері біреуді алып ұрғандай шуылдасып кетті. Бәріміз де жүгіре жетіп, ұлтымыздың намысын қорғап қалған әлгі балуан қазақтың қолын алып, құттықтап жатырмыз.
Есімі – Еркінбек, фамилиясы – Шоқтаев деген, өзіміздің Зайсанның азаматы боп шықты. Содан танысып, қатты дос боп кеттік. Әскерден кейін де Алматыда оқуға бірге түсіп, жақын араласып тұрдық. Өкінішке қарай тағдырдың жазуымен қапияда мерт боп кетті. Жарықтық, қорқу-үрку дегенді білмейтін, нағыз жүрекжұтқанның өзі еді.
– Соғысты айта бермей, бейбіт өмірге оралсақ. Өзіңнің мамандығыңа қысқаша тоқтала кетсең.
– Әскерден кейін Алматының мединститутында оқып, стоматолог мамандығын алдым. Біздің қазақ: «Тісі ауырғанның көңілін сұрама, ол бір атақсыз ауру» – дейді де, оған аса мән бермейді. Бұл – өте қате түсінік. Осы саланың дәрігері ретінде айтарым, тіс – адам баласы ана құрсағында пайда болғаннан бастап, өзге организмдер секілді өсіп-жетіліп, дами бастайды да, бала бір жасқа таяғанда өсіп шығады. «Ақыл тіс, анау тіс, мынау тіс» – деп, біраз тісті жұлғызып тастайтындар бар. Ол да дұрыс емес. Жұлынған тіс өсіп шыққанша маңындағы тістер орналасу формасын жоғалтады да, ертеңгі күні баланың тісі бейберекетсіз, қалай болса солай, қисық-қыңыр боп шығады. Ал ондай тістер адам 30-40 жасқа келгенде өз-өзінен түсіп қап жатады. Бір тіс түсті ме, қасындағы тіс міндетті түрде босап қалады. Осылайша бір тістің кесірінен, барлық тістен айырылып қалуға да болады.
– Біреулер «Протез сала саламыз» – дейтін болар.
– Протез дегеніміз, ол – мүгедектік. Ол амал жоқтықтан салынады. Онымен қанша тамақ жесең де, ас дұрыс қорытылмайды. Ас қорытылмаған соң, асқазан ауруға шалдығады. Сондықтан өзі түсіп қалмаса, табиғаттың берген тісін ешқашан жұлуға болмайды. Әр тістің тамыры көзбен, құлақпен және басқа да көптеген нерв жүйелерімен тығыз байланысты. Ол нервлерге зақым келсе, салдарынан адамның ішкі ағзаларына да, миға да әсер ететін болады.
Сондықтан үлкенге де, кішіге де айтарым – тіске ерекше көңіл бөлуіміз керек. Оны табиғаттың берген ерекше сыйы деп қабылдап, көздің қарашығын қалай сақтасақ, тісті де солай аялап, бағалай білгеніміз жөн. Біз қазір жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бала бір жарым, екі жасқа келгеннен бастап, қолына щетканы ұстатып, тісті қалай тазалап, қалай күту керектігін үйрете берудің еш артықшылығы жоқ. Әрі-беріден соң тіс дегеніміз адамның көркі емес пе. Аузыңда тісің жоқ боп, опырайып тұрғаны қалай немесе тістеріңнің маржандай боп тізіліп тұрғаны қалай?
– Ертеректе сау тісті егетіп, алтын тіс салу деген бір мода шықты. Осы қаншалықты дұрыс деп ойлайсың?
– Сап-сау тісті егетіп, оны алтынмен аптап, күміспен қаптату адамдардың жіберген үлкен қателіктерінің бірі. Тістің эмалі, яғни, сыртқы қабаты, бұл дегеніңіз өте қатты болады. Егеген тістің ең алдымен микрофлорасы бұзылады, егеп жатқанда титтей де болсын жарықшақ пайда болады, оған инфекция түссе, тістің өзін қойып, тамырына қауіп төнеді. Тамыр кеткен соң болды, ары қарай адам жақ ауруына шалдығуы да ғажап емес. Бұл өзі сол кездегі адамдардың жаңсақ түсінігінен, әсіре мода қуудан туындаған үлкен қателік. Менің бір қуанатыным, қазір біздің халық тістің қадір-қасиетін біліп, тісті бүлдіруге болмайтындығын түсініп қалды. «Жаман болса да, өзімнің табиғи тісім тұрсын» – дегенге келе жатыр.
ЖАР ТАҢДАУДА ЖОЛЫ БОЛҒАН АЗАМАТ
– Өмірлік жар таңдау әсіресе, ер-азамат үшін өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда өзіңді «Жар таңдауда жолы болған азамат!» – деуге бола ма?
– Құдайға шүкір, бір ұл, бір қызымыз бар. Екеуі де мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, өздері қалаған мамандықтарын алды. Не нәрсеге болсын өз ойлары бар, өз пікірлері қалыптасқан. Бізге жалтақтап «Мынаны қалай істейміз, ананы қайтеміз?» – демей-ақ, өз ақылдарына сүйеніп еңбек етіп, ел қатарлы тірлік кешуде. Ал жар таңдауда өзімді жолы болған азаматпын деп санаймын. Гүлфариданы өзің білесің. Олар әулетімен педагогтар болғандықтан бала тәрбиесіне де, олардың білім алуына да алаң болғам жоқ. Жалпы, өмір – тек сәттілік пен тәттіліктен тұрмайды ғой. Кейде алай, кейде бұлай дүние дегендей. Кезінде «жас болдық, мас болдық» деп жатамыз. Сондай тығырыққа тіреліп, шалт басқан шақтарымда жұбайым ақылшым боп, артық кеткен тұстарыма кешіріммен қарай білді. Ата-анама деген құрметіне де разымын.
– Маха, осы жасқа келгенде қоғамда көңіліңіз толмайтын, «Әттеген-ай!» – деп жүретін дүниелеріңіз бар ма?
– Көңіл толмайтын дүние көп қой. Соның бірі – қазіргі жастарға, әсіресе, әскерде борышын өтеуден түрлі сылтаулармен бас тартып, қашып-пысып, жасырынып жүретін немесе барып ап, неше түрлі өнер шығарып, ол жердегі офицерлерді де, үйдегі ата-аналарын да әбігерге салатын жастарға наразымын. Мен өзім солдат болған адаммын. Екі жыл соның қызығы мен шыжығын бір адамдай көрдім және сонымды осы күнге дейін мақтан тұтам. Кейде сағынам сол бір күндерді. Қазіргі солдаттар ерке ме, ез бе ұқпаймын. Солардың кей қылықтарына қарап: «Мынау өзі әскер емес, балабақша ма?» – деп қаласың. «Офицер ұрысты», – деп әскерден қашып кету деген не сұмдық? Бізді кезінде ұрыспақ түгілі, ұрып та алатын командирлеріміз. Өйткені солдатқа әне-мінені үйрету, ұқпаса ұрсу, әрі-беріден соң офицердің кәсіби міндеті емес пе. Білмеймін, маған солай болуы керек сияқты боп тұрады. Өйткені ол сені шыңдайды. Кәмелеттік жасқа толған зіңгіттей азаматтың әке-шешесіне барып «Мынау маған ұрысты немесе ұрды», – деп арыздануының өзін ерлік емес, ездік деп білем. Сосын, бүгінгі ата-аналар да қит етсе арыз жазып, сотқа сүйрелеуге дағдыланып алған. Олардың еркіне салсақ, әскердің мүлде қажеті жоқ. Қалайша? Біз – Тәуелсіз мемлекетпіз. Ал Тәуелсіз мемлекеттің әскері болмаса, ол не болғаны? Немесе әскерінің сиқы әлгіндей арызқойлар мен жылап-сықтаған, қашқан-пысқандар болса. Олар қайтіп елін, жерін қорғайды? Бүкіл әлемге мазақ болды деген сол емес пе? Сондықтан әскерді де, ондағы тәртіпті де қатайтып, шыңдай түсуіміз керек.
«Дидардың» таралымын 50 мыңға жеткізуге болады
– «Дидар» газетін қай жылдан бері жаздырып оқисың, редакция ұжымына, жалпы газеттің 15 мыңға жуық оқырмандарына нендей тілек айтар едің?
– Біздің жас күнімізде осы газет-журналға деген жұрттың көзқарасы, ықыласы ерекше болатын. Сол кездегі идеология не деген десеңші. Бір үйде қанша адам жұмыс істеп, қанша бала мектепте оқыса, сонша газет-журнал жаздырып алатын еді. Қазір үлкендер болмаса, жастар жағы мүлдем газет-журнал оқымайды деуге болады. Студент кезімізде сабаққа бара жатамыз. Сонда автобусқа кірсең де, троллейбусқа мінсең де елдің қолында бір-бір газет, бас алмай оқып отыратын. Қайда сол оқырман қазір? Мен «Дидар» газетін сонау «Коммунизм туы» кезінен бастап алам. Газет әсіресе соңғы жылдары қатты өзгерді. Түрлі айдарлар ашып, көпшіліктің көкейіндегіні дөп басып жазатыны көңілімнен шығады. Жуырда ғана 85 жылдығын тойлады, 100-ге жетсін. Журналистердің жазары, газеттің оқырманы көбейе берсін. Жастар қазір бірыңғай теледидарға, интернетке, смартфондарға үйір боп алды. Осы мәселе мені қатты ойландырады. Қазір газет оқып отырған бір жас буынды көрмейсің. Ал кітап дегенді мүлде жауып қойған. Бұл жақсылық емес. Жастар оқымаса болмайды. Мектептерде идеологиялық жұмыстар жүргізілуі керек. Он бес мың тираж деген не ол? Бір жарым миллионға жуық халқы бар облыс үшін бұл түк емес. Жарайды, орыстар көп тұратын аудандарды айтпағанның өзінде, өңірімізде қазақылығы жоғалмаған он аудан бар. Сол аудандардың әрқайсысы бес мыңнан жазылса «Дидардың» таралымы 50 мыңға жетер еді. Сондықтан жер-жерлерде әкім мырзалар, мекеме басшылары, жоғары оқу орындары мен мектеп директорлары газетке жазылуды екі-үш есеге дейін көтеру керек. Осыған ел боп атсалысуымыз қажет. Облысымыздың бетке ұстар бір газетін қолдай алмау – елдігімізге сын деп білем. Газеттің мазмұны да, түрлі-түсті боп басылып шығуы да өз шығынын артығымен ақтайды.
–Бүкпесіз әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан – Серік ҚҰСАНБАЕВ