Мереке

«Махаббат сәулесі» сөнбейді

Өскеменде алғаш рет «Махаббат сәулесі» атты бірінші халықтық отбасылық фестиваль өтті. Отбасы күні қарсаңында өткізілген шараның басты мақсаты – қоғамның рухани дәстүрлері мен құндылықтарының қайта жаңғыруына ықпал етіп, отбасы институтының нығаюына ықпал ету.

Шараны ұйымдастырушы –  «St.ART» әлеуметтік-мәдени қоры. Сондай-ақ осынау бастамаға «Бақытты отбасы халықаралық институты» қоғамдық қозғалысы, «Ашық ғылым орталығы» қоғамдық бірлестігі, Өскемендегі іскер әйелдер қауымдастығы, «Душа добра» қоғамдық қоры ерекше қолдау көрсетіпті.  Фестивальдің алғашқы бөлімінде балалар мен ата-аналар үшін шеберлік сабақтары, түрлі ойын алаңдары, қолданбалы өнер туындыларының көрмесі, балалар өнер ұжымы мен этно-бірлестіктердің шағын концерті ұйымдастырылса, екінші бөлімде кәсіби және әуесқой өнер ұжымдарының қатысуымен концерт-шоу өтті.   Өнер ұжымдары театрландырылған қойылым, көркемсөз, ән, би арқылы отбасы құндылықтары, мейірімділік пен әділеттілік, өзара сыйластық пен түсіністік, жомарттық пен даналық туралы сыр шертті.

Бұл шараны «St.ART» әлеуметтік-мәдени қоры ұйымдастырып отыр. Қор негізінен мәдениет және өнер саласындағы түрлі жобалармен, атап айтқанда, мүгедек және қарт адамдардың шығармашылық белсенділігін дамытуымен айналысады. Біз әртүрлі мерекелерді ұйымдастырамыз. Ал бұл мерекені ұйымдастыруымыз әсте  кездейсоқ емес. Біріншіден,  қыркүйектің екінші жексенбісі Қазақстанда Отбасы күні болып белгіленген, екіншіден, өкінішке қарай, біздің қоғам роботтанып бара жатыр.   Балаларымызды гаджеттер мен телефондар тәрбиелеп жатыр. Сондықтан да біздің  тарихқа айналып бара жатқан ізгі құндылықтарымызды кері қайтарғымыз келеді. Әжеміздің тәтті-дәмдісі, анамыздың бесік жыры, отбасылық дастархан – барлығы қайта оралса дейміз.  Қалыңдық пен күйеу жігіт неке сарайына джинсымен барып, қол қойып қана қайтпаса дейміз.  Некелесу күні бұрынғыдай шулы да дулы мерекеге айналса дейміз.  Біз ата-бабаларымыздың  тереңнен тамыр тартқан дәстүрінің қайта оралғанын қалаймыз. Бізді өзгеден ерекшелендіретін де  дәстүрлеріміз болатын.  Қазақпыз ба, орыспыз ба бәрібір,  ең бастысы, біз – халықпыз.  Біздің халықтың жаны бар, тереңнен тартқан   тамырымыз,  дәстүріміз бар. Біз батыс адамдарынан өзгешеміз. Барлығын қайтаруымыз керек. Адами қасиеттерімізді сақтауға тиіспіз,  – дейді «St.ART» қорының жетекшісі Станислав Цих.

Отбасы құндылығын дәріптеуге арналған тамаша шара жас жұбайлардың тойына ұласты.

– Бұл шараның  маңызы өте зор. Мұндай шаралар отбасын нығайтып, біріктіре түседі, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Айымгүл Сабирова.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button