Мақан Баймурзиннің соңында қалдырған мұрасы мол
«Айтыстың Құлагері» атанған жармалық ақын Қалихан Алтынбаев 1998 жылы жарық көрген «Ақсуат» атты кітабында әріптесі Мақан Баймурзин туралы ерекше пікір айтқан екен.
Актерлік, әншілік қабілеті де зор еді
Оның бір парасы былай болып келеді: «Ауданымызда әртістік пен ақындық өнерді ұштастыра білген тұлғалар аз емес. Солардың бірі Замантай Оразбаевтың ізін баса, Ақсуаттан айтыстың айшықты туын көтеріп шыққан Мақан Баймурзин болатын. Дауысы зор, өзі балуан денелі, домбырасы мен үні бір-біріне сай келіскен осынау жігіт ағасы жаман әнге жан салып, жақсысын одан сайын құлпыртып жіберетін. Ол – облыстық айтыстың неше дүркін жүлдегері. Халық театрының қызметін ақындықпен қоса атқарып, түрлі тақырыпқа бірнеше скетч пен сахналық өлеңдер жазды. Тоқ етерін айтсақ, ауданның өнерлі қауымының ішінде Мақан марқұмның есімі мінездемесін оқығаннан кейін айшықты әріптермен жазылуға тиіс».
1950 жылдары облыстың колхоз-совхоздары жазғы-күзгі шаруашылық жұмыстарын аяқтаған соң облыс орталығында диқаншы, малшы қауым бас қосқан үлкен той болатын. Аудандар ондаған киіз үй тігіп, алтыбақан құрып, көркемөнерпаздар концерт қойып, балуандар белдесіп, бәйге жарыстары өтетін.
Ұмытпасам, 1956 жылдың күзі болар. Мен Семейде сондай бір жиынға қатысып, өнерпаз Мақан ағамен танысып едім. Кешкілікте көршілес киіз үйдің алдында қазақы киім киген, зор денелі, жігіттің төресі дейтіндей азамат қолындағы үкілі домбырасымен Біржан салдың елге танымал әндерінің бірін асқақтата шырқай жөнелді. Әне-міне дегенше маңайдағы жұрт та жиналып қалды. Менің де аздап ән салатыным бар еді, әншіге жақындай түстім. Сол сәтте біз жатқан үйдің иесі, апайым Қази:
– Әй, Мәукен! Мақан ағаңмен таныс, ол саған бөтен емес, жиен болады, – деп қозғау салды.
Ән аяқталған соң Мақан ағаға сәлем беріп, өзімнің Алматыда оқитынымды, тойды қызықтауға келгенімді айттым. Менің сөзге, өнерге үйір екендігімді байқады-ау деймін, Мақан аға: «Жүр, былай барып сырласайық» деп шетке қарай бастады.
– Әкем – Мәми 1883 жылы туған, қазіргі Тарбағатай ауданы Қызылкесік ауылының тумасы. Руы – Мұрын (Сарымырза), оның ішінде Айдар табынан. Шешем Төлеу Айдаболқызының сүйегі – Мәмбетқұл (Қыржы). Так что, мен сендерге жиенмін, – деп күлді.
– Өзім сол Қызылкесік ауылында 1928 жылы дүниеге келіппін. Әкеміз Мәми орта шаруа, бірақ өнерге, аңшылыққа бейім болыпты. Есімде қалғаны әртүрлі шертпе күйлер мен халық әндерін келістіре орындайтын. Біз 1931-1932 жылдары арғы бетке асып, 1955 жылы елге оралдық. Әке-шешем ашаршылық зардабын тәуір-ақ тартса керек. Ол жөнінде әңгіме бола қалса, аһ ұратын-ды. Міне, бауырым, қысқаша өмір жолым осылай, әйтеуір туған жерге оралып, ел қатарына қосылып, солардың ішінде аз да болса өнерге үлес қосып жүрмін. Әй, әңгіме созылып кетті ғой, жүр, алтыбақан басына барайық, – деп мені жастар жиналған ортаға жетелей берді.
Содан араға он шақты жыл салып, мен ақын ағамен қайта қауыштым. 1960-1970 жылдары республика көлемінде айтыс өнері жанданып, аудандық, облыстық, тіпті, республикалық деңгейде де айтыстар өте бастады. Сол жылдары Мақаңмен тағы да табысып, талай сыр ағытылды. Ол тек айтыскер ақын ғана емес, талантты актер-режиссер, соған қоса драматург, әнші-термешілігі және бар, қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы дейтіндей-ақ жігіттің сұлтаны екен. Оған дәлел: оның ұйымдастыруымен Семей облысының аудандары арасында «Халық театры» атағын бірінші болып алған Ақсуат ауданының театр ұжымы болды. Ол сондай-ақ, республикалық фестивальдың жеңімпазы атанды.
Сөзімнің бағы менен сәті білер…
Осындай сан қырлы өнерпаз ақынның алғашқы жыр жинағы үлкен ұлы Қуаттың қолдауымен 2009 жылы ақынның 80 жылдығына орай, Семейдегі «Үш биік» баспасынан жарық көрді. Бес бөлімнен тұратын, «Жырым да, сырым да Ақсуат» деген атпен шыққан жинақта ақынның поэзия жанрының сан қырлы тақырыбын қамтыған өлеңдері тамаша һәм өрнекті суреттермен берілген. Сондай-ақ, жинақта оның драмалық шығармалары, ақын туралы естелік жазбалар мен айтыстар да орын алған екен.
Мақан «Өзім туралы» деген өлеңінде:
– Қолымнан тастамаймын қаламымды,
Ақындық көрсетсем де талабымды.
Әзірше білгенімді жазып келем,
Білмеймін қанша жерге барарымды.
Шығар деп нәтижесі сарып еттім,
Келемін жұмсап ми мен жанарымды.
Сөзімнің бағы менен сәті білер,
Өмірден қандай орын аларымды, – деп өз шығармашылығына әрі күдікпен, әрі үмітпен қарайды. Бір білеріміз, бұл күнде күдік кетіп, үміт ақталғандай. Тағы бір түйсінгеніміз, қалың жұртшылық оның жинағындағы сан түрлі толғауларын сүйсіне оқып, тамсана тағылым алатынына сеніміміз зор. Өйткені, ақынның «Өмір туралы толғау» деген ұзақ өлеңінде Мәкең адам баласының ана құрсағында жатқан жаратылысынан дүниеге келуге дейінгі сәттерін және дүниеге келіп, о дүниеге қайтқанға дейінгі ғұмырын тамаша поэтикалық шабытпен, нанымды суреттеген. Мысалы:
– Жаңа туған сәбидің,
Бірі шешен болады.
Бірі жүйрік болса да,
Бірі мешел болады.
Міне, сөйтіп адамзат,
Өлеңменен туылар.
Өлеңдетіп өмірден,
Өзін-өзі қуа алар.
Бірде кейіп, долданып,
Бірде шалқып, қуанар.
Жақсы болса тұрмысы,
Арқаланып бу алар.
Бірде бүрлеп, көгеріп,
Бірде ағарып, қуарар.
Сөйтіп жүріп, бір кезде,
Шалқыған өмір суалар, – деп келетін өлең жолдарындағы аздаған ғана штрихта қаншама шындық жатыр.
Драматургияда да өз қолтаңбасын қалдырды
Негізі, Мақаңның қай толғау, қай лирикалық шығармаларын оқысаңыз да, олар туған ел мен жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімге толып тұрады. Олай деуге ақынның:
– Гүлге оранған ауылым Қызылкесік,
Самалынан тұрады жұпар есіп.
Айналайын халқымнан ардақтаған,
Сахнадан отырар әнімді естіп, шіркін-ай!
Қызыл кесік ауылы –
Жердің шұрай сауыры.
Сауықшыл да сайраншыл
келер қалың қауымы, – деп келетін «Қызылкесік әуені» атты өлеңіндегі төрт тағандар Мақаңның әнші ғана емес, сазгер болғандығынан да хабар беріп тұрғандай. Жалпы, ол кісінің осы тектес бірнеше әні бар.
Драматургияда да өз қолтаңбасын қалдырып кеткен Мақаңның «Енді соғыс болмасын», «Аюбай мен Арыстан» сияқты пьесалары аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орынға ие болғанын әркім біле бермес. Ол бұған қоса айтыскер ақын ретінде облыс жұртшылығына әбден танымал болған тұлға-тын.
Ақын ағамыз 1991 жылы шабыты шалқыған, нағыз кемел шағына келген 63 жасында о дүниелік болды. Десек те, Мақан ағаның артында әлі де қалың оқырманға беймәлім қаншама әдеби мұрасы қалды. Мәдениет саласында 40 жылға таяу еңбек еткен ол өмірінің соңына дейін туған жері – бұрынғы Ақсуат ауданының өркендеуі үшін тер төкті. Ақынның туғанына биыл – 85 жыл. Ендеше, асыл азамат, өрелі өнер иесіне туған елі лайықты сый-құрмет көрсетіп, еске алғаны жөн болар еді.
Мәуітқазы Зүкенов