Ауыл шаруашылығы

Бұқтырманың жағасында маң-маң басып түйелер жүр

Бұқтырманың жағасында маң-маң басып түйелер жүрТөрт түліктің төресі – түйе шаруашылығын дамытуды Асқар Қажығалиев осыдан алты жыл бұрын қолға алыпты. Ойсыл қара тұқымын Көкпекті ауданы, Көкжайық ауылынан жеті шақырымдай жердегі Бұқтырма су қоймасының жағалауында бағып отыр.

Көкжайық ауылы малға жайлы, шөбі шүйгін жер болғанымен, осыдан он шақты жыл бұрын тұрғындары жаппай қалаға көшіпті. Сол кездері мектептегі оқушылар саны күрт азайған. Үйлердің көбі қаңырап қалған. Алайда, ауылдың болашағына алаңдаған Асқар Қажығалиев бос тұрған бір-екі үйді сатып алып, оралмандар отбасын жайғастырады. Екі қолға жұмыс, өсіруге мал береді. Сөйтіп, жұмыс пен үйдің барын байқаған басқа да қандастар Көкжайық ауылына қарай қоныс аудара бастайды. Жергілікті халықтан балық аулаудың әдіс-тәсілін үйреніп, балық және мал шаруашылығымен айналысады. Қазір оралмандар отбасы 35-40 үйге жетіпті. Ауылда тіпті бос үй жоқ. Орта мектептің іші де балаға толы. Көкжайық ауылы орналасуы жағынан да жайлы, тұрғындар үшін тиімді жерде тұр. Самарға жақын, облыс орталығына екі-ақ сағатта жетіп баруға болады. Ауылда малдың басы да өсіп келеді. Кезінде қаңырап қалған ауылдың тамырына қан жүгіріп, жан кіргендей.

Ауылының ертеңі үшін еңбек етіп жүрген А.Қажығалиев балықтың азайып кетпеуі мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарды. Көкжайықтан шеткері жатқан Құлынжон өзеніне шаян, балық тұқымдарын жіберіпті. Асқардың айтуынша, балық өсіп, көбейіп келеді. Жаппай аулауға әлі ерте болғанымен әуесқой балықшылар жолдамаларын, тиісті билеттерін алып, азын-аулақ аулайды екен.

Балық шаруашылығымен айналысу үшін түрлі кедергілер кездескенімен, төрт түлік мал өсіремін дегендерге мүмкіндік көп. Төрт-бес жыл болды, қандастардың арқасында қымыз, шұбат өндіріп отыр. Қымыз бен шұбатқа сұраныс өте көп. Осыған дейін күніне 80 литрге дейін қымызға тапсырыс түсіп тұрыпты. Бағасы да қолжетімді екен. Литрі былтырға дейін 300 теңге болған. Биыл да бие, түйе байлап, су жағасына демалушыларға арнап киіз үйлер тігіп, туризмге де көңіл бөлу Асқар Қажығалиевтің жоспарында бар.

Судың жағалауында 1400 гектар жайылым жер Асқар жетекшілік етіп отырған шаруа қожалығына қарайды. Көктемде малды осы жаққа шығарып, жазғасалым осыдан 40 шақырым жердегі Қалбатау сілемдерінен асып жайлауға шығады.

Шаруа қожалығының жетекшісі, мәсли-хат депутаты Асқар Қажығалиев – Көкжайық ауылының тумасы. Ата-бабасының жері де осы өңір. Өзінің негізгі мамандығы – зоотехник. Бүгінде мамандығына сай мал шаруашылығын шама-шарқынша дамытып отыр.

– Қандас ағайындар ауыр жұмыстан қаш-пайды. Ең бастысы, еңбекақысын уақтылы төлеп отырсаң болды. Мал да бағады, балық та аулайды. Өзім балық шаруашылығымен көп жылдар айналыстым. Ауланған балықты Өскеменге, Ресейге жіберіп отыратынбыз. Әлі де балық аулаумен айналысамыз. Бірақ проблемасы көп. Өйткені, судағы репус балығы жасанды талшықтардан жасалған капрон ауға түспейді. Ал заң бойынша басқа ауды қолдануға болмайды. Шындығына келгенде 20 шақты ауыл, яғни, 8 мыңдай халық балық аулаумен күн көріп отыр еді. Жалпы, ауылдың жағдайы көп жақсарды. Оралмандар да жайлылығын түсінді. Түйе асырау жөнінде ұсыныс жасаған да қандасымыз Құрманхан Тоқан. «Үш түлігіңіз бар екен, енді түйе әкелейік. Төрт түлігіңіз түгел болсын» дегеннен кейін Балқаш жақтан үш түйе, ізінше тағы екі түйе алып келдім, – дейді Асқар Қажығалиев. Малдың қыр-сырын білетін Тоқан қазір Талдықорғанға қоныс аударыпты.

Ауылдан жеті шақырымдай жерде, су жағалай маң-маң басып түйелер жүр. Барлығы жуас, қолға үйретілген түйелер сияқты. Түйеші Жарқын Хамитқанұлының отбасы судың жағасына киіз үй тігіп, түйе сауып отыр. Бабына келген балдай шұбатты ауылға дүкенге апарып, сатылымға қояды. Айта кетерлігі, шұбат саууды бастамас бұрын мал дәрігері Есембек Батбақов түйелерді тексерді. Ол жаңа туған боталарға да ем-домын қолданып жүреді.

Түйенің қасиеті – сүтінде. Денсаулыққа пайдалы. Көк жөтелді жазады, жас бала-лардың буын сүйектерін қатайтады. Еті де асқазан ауруларына таптырмас дәрі. Ал шұбатын таңертең ішсеңіз кешке дейін қуат береді. Жақсы түйеден күніне 5 литр сүт шығады. Біз күніне 20-30 литр шұбат аламыз. Шұбатты бабына келтіру үшін үнемі 15-20 градуста ұстау керек. Сабада, торсықта сақтауға болады, – дейді түйеші Жарқын.

Күніне төрт-бес рет сауылатын түйе сүті әр сауын сайын 5 минуттай пісіледі екен. Айтпақшы, түйе бір ішкенде кемінде 50-60 литр су ішеді. Ботасы болса, өте аурушаң келеді. Жарқынның айтуынша, қарақұлақ болғанша көлеңкелі жерде, ешкімге көрсетпей бағу керек. Мөлдіреген көздеріне таңдана қараса, көз тиіп қалуы да мүмкін.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, екі жастағы түйе мөлшермен 350 келі ет береді. А.Қажы-ғалиевтің айтуынша, еті жүрекке тимейді. «Әсіресе, өркеші өте дәмді» дейді. Жер шұрайлы болғандықтан, түйелер қай кезде де күйлі. Бұлар қой, сиырдың жемейтін ащы тал, қараған-бұтаны жей береді. Қысы-жазы далада. Көктемде көптеп-көмектесіп жүнін қырқып, тігіншіге апарып тапсырады. Маңғаздана маңайына көз тастап жүрген түйелер жуас. Кейде Наурыз мейрамында жабу жауып, алаңға да алып шығады екен.

Ойсыл қара тұқымын көбейтуді көздеп жүрген Асқар Қажығалиев бұл түйелерді осыдан 5 жыл бұрын Балқаш өңірінен әрқайсысын 350 мың теңгеге сатып алыпты. Қазір қожалықта 11 түйе, екі ботасымен өсіп-өніп жатыр. Сонымен қатар, 250-ге таяу ірі қара, 20 шақты бие бар. Кәсібінен нәсібін тауып, ауылдастарын жұмыспен қамтып жүрген Асқар Қажығалиев 200-300 гектар жерге арпа, 200 гектар жерге күнбағыс егіп, шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

Мерей Қайнарұлы
Көкпекті ауданы

Осы айдарда

Back to top button