Инфрақұрылым

Өмір сүруге ыңғайлы шаһарға айналады

 Өскеменде ауқымды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Облыс орталығында заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бір қарағанда, Өскеменді таза, жайлы әрі әдемі ету жеткілікті секілді. Алайда абаттандыру бойынша барлық жобалардың басты міндеті қаланы халықтың өмірі үшін ыңғайлы ету болып табылады.

 Жас техниктер станциясы жаңартылды

Қаладағы ең танымал балалар мекемелерінің бірі – Жас техниктер станциясы. Ол  – қосымша білім беру саласындағы нағыз байырғы мекеме. Биыл бұл ғимарат толығымен жаңартылды.

Үйірмелерге қатысушы көптеген балалар жазғы демалыстан кейін өздерінің бос уақыт орталығын танымай қалды. Оқу жылы басталар алдында ғимаратта күрделі жөндеу аяқталды. Өзгерістер ғимаратқа кірген кезден-ақ байқалады – ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін орнатылған пандус автоматты түрде ашылатын есіктерге әкеледі және есіктердің өзі де айтарлықтай кеңейтілген. Сұр және қараңғы өң, ескі сәнмен әрленген қабырғалар жарқын және түрлі-түсті заманауи дизайнмен алмастырылды. Фойе әлдеқайда кең және жарық бола түсті, гардероб жеке бөлмеге ауыстырылды. Әкімшіге арналған сөре ыңғайлы орналасқан және барлық жерден көрінеді.

– Ауқымды жұмыс атқарылды, – дейді Жас техниктер станциясының директоры Ернар Жәркембаев. – Сырттағы ескі бетоннан жасалған күннен қорғайтын конструкциялар алынып тасталды, қасбеттің алдындағы барлық тротуар плиталар ауыстырылды, ішкі әрлеуі жаңартылды, сантехника мен құбырлар ауыстырылды. Балалар осында қуана келіп, бос уақыттарын өткізіп, жақсы көңіл күймен оқуы үшін бөлмелер де ашық түстермен сырланды.

Бұл ғимаратты қайта жаңғырту жобасы бірнеше жыл бұрын мақұлданған болатын, бірақ ол тек осы жазда жүзеге асырылды, бұған дейін қаражат жеткіліксіз болған-ды. Жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асты, ал қалалық бюджет қаражаты есебінен тіпті ең кіші жастағы оқушыларға қол еңбегінің негіздерін игеруге мүмкіндік беретін жаңа жабдықтар сатылып алынды. Мысалы, алты жастағы бала кішкентай токарь станогын немесе қауіпсіз электр арасын қолдануды үйренеді. Сонымен қатар кішігірім токарь станогы көп орын алмайды, әдеттегі розеткаға қосылады.

Балаларға дизайн пәні үйретілетін жаңа бөлме бірыңғай заманауи iMac компьютерлерімен ғана жабдықталған, қазіргі заманғы бейнеойындар жасаушы компанияның кеңсесін еске түсіреді.

Жаңартылған ғимаратта балалар 17 түрлі бағытта шұғылданады. Бірақ биыл әуе және автокөлік жасау, картинг, сәндік-қолданбалы өнер, геология және туризм сияқты танымал ескі үйірмелерге келешегі зор жаңалары да қосылды.

Бұған дейін балалар 1970 жылы шығарылған станоктар мен ескі компьютерлерде оқыған еді. Енді заманауи жабдықтардың арқасында жас техниктер өз қызығушылықтарының аясын кеңейтіп отыр.

– Жаңа жабдықтармен жарақтандыру ұшқышсыз ұшу аппараттары, 3D-модельдеу, бағдарламалау сияқты жаңа бағыттарды іске қосуға мүмкіндік берді, – дейді директор. – Мысалы, сіз роботтардың платасын шешіп алып, оларды бағдарламалай аласыз және ескі модельдерімізге қоса аласыз, бұрын олар радио арқылы басқарылатын. 3D-принтерлер, лазерлік кескіш орнатылып, іске қосылды. Ескі жабдықтар бұл мақсаттарға қайткенмен де сәйкес келмейді.

Ғимаратта мұндай ірі жөндеу 1975 жылдан бері жүргізілмегенін атап өткен жөн. Жалпы, Жас техниктер станциясы өз қызметін 1964 жылы бастаған, және бұл – Өскемендегі балалардың техникалық шығармашылығын дамытатын бірден-бір қосымша білім беру мекемесі.

– Ең бастысы, балалар біздің еңбегімізді бағалады, олар болған өзгерістерге өте қуанышты, – дейді Ернар Жәркембаев. – Жөндеу де, жаңа жабдықтар да, ең алдымен, солар үшін. Оларға қызықты болуы үшін және олардың жаңа дүниелерді үйренуі үшін.

 «Алтай» стадионы абаттандырылды

Өскемендегі ең көне стадиондардың бірі қайта жаңарту жұмыстарынан кейін ашылып отыр.

«Алтай» стадионы – облыс орталығындағы тарихи маңызды нысандардың бірі. Мұнда аты аңызға айналған футболшылар, жеңіл атлеттер және «Торпедо» командасының хоккейшілері жаттыққан. Оның басты ерекшелігі – қаланың қақ орталығында орналасуы, бұл жас спортшылар үшін өте ыңғайлы. Қыста ол облыс орталығының тұрғындары арасындағы ең танымал мұз айдындарының біріне айналады.

Бұл спорт кешені 1959 жылы пайдалануға берілген, яғни ол 60 жылдан астам күрделі жөндеу көрмеген. Биыл «Алтайды» қайта жаңғырту «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілді (26 адам жұмыспен қамтылды). Әкімшілік ғимаратта кәріз құбырлары, жылыту жүйесі, терезелер, шатыр ауыстырылды, қасбет жөнделді, кіреберіс жаңартылды. Ерлер мен әйелдерге арналған ыңғайлы киім ауыстыру бөлмелері (қазір ерлерге арналған бөлме 40, әйелдерге арналған бөлме 25 орыннан тұрады), душ және санитарлық тораптар жабдықталды. Жаттығу залы да пайда болды.

Бірақ ең маңызды өзгерістер сыртында болды. Футбол алаңында, жүгіру-жаттығу жолдарында жабынды алмастырылды. Жарықтандыру шамдары мен прожекторлар жөнделді, енді кешке жаттығу немесе ойнау әлдеқайда қолайлы болмақ. Ал матчтарға жанкүйер болуға келгендер үшін 150 адамға арналған орындықтар жабдықталды. Сондай-ақ турниктері және спорттық жабдықтары бар шағын спорт алаңы жасалды.

– Келесі жылы стрит-воркаут үшін алаң жасаймыз, – дейді даму жоспарларымен бөліскен «Алтай» стадионының директоры Ербол Қоңыратов. – Сондай-ақ аумаққа волейбол және баскетбол алаңдарын орналастырғымыз келеді.

Бұрын алаңда табиғи газон болған-ды, ал оны күтіп-ұстау қиын. Сонымен қатар ол әлемдік стандарттарға сәйкес келмеді, сипаттамасы бойынша жасандыға жетпейді. Бұл алаңда жүгіруге, доппен жұмыс істеуге, яғни спорттық нәтижелерге әсер етеді.

– Енді алаң барлық заманауи талаптарға сай келеді, ел деңгейіндегі чемпионаттарды өткізуге болады, – дейді Ербол Қоңыратов. – Сонымен қатар оның кепілдік мерзімі үш жылды құрайды.

Айта кетейік, «Алтай» стадионына Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 325 оқушысы барады, мұнда күн сайын (әр уақытта) 200-ге жуық спортшы жаттыға алады.

– Мен бүкіл жастық шығамды осында өткіздім. Бұл алаңда жеңіл атлетикадан алғашқы спорт шебері Владимир Зубцев жаттықты. Футболдан атақты бапкерлер Владимир Емец пен Сергей Шелестов осы алаңда өз тәрбиеленушілерін дайындады, ол балалар кейін одақ чемпиондары атанды, – деп еске алады спорт ардагері Маяк Жақсылықов. – Жас спортшыларға осы даңқты дәстүрлерді жалғастыруды, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді, әлемдік тұғырларды бағындырып, сүйікті қаламыздың атын шығаруды тілеймін!

 Шаһардың тағы бір Арбаты болады

Облыс орталығында тағы бір жаяу жүргіншілер аймағы пайда болады.

Жиырма мыңнан астам адам тұратын қаланың 19-шы шағын ауданында бір шақырымдық жаяу жүргіншілер аллеясы пайда болады. Ол Ілияс Есенберлин даңғылы мен Уәлиев көшесін жалғамақ. Оның ұзындығы 500 метрден сәл асатын бірінші бөлігі (даңғылдан Көкжал Барақ көшесіне дейінгі) ашылды, қазір қалған учаскесі абаттандырылуда.

Әзірге аллеяда үш алаңша орнатылған: екі спорт алаңы, стрит-воркауты және сырғанақтары, кешенді құрылымы бар бір балалар алаңы. Барлық жаяу жүргіншілер аймағында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін көптеген орындықтар мен қоқыс жәшіктері, шам бағандары, әткеншектері бар екі кешен бар.

Есенберлин даңғылы жағынан кіре берісте жарықдиодты жарықтандырылуы және «Oskemen» жазуы бар арка орнатылған.

Көгалдандыру жұмысы жүргізілген, аллеяның бойына 111-ден астам ересек шырша мен қарағай отырғызылды, осы қылқанжапырақты ағаштардың бір бөлігі қаланың басқа аудандарынан әкеліп егілді. Бес жарым мың шаршы метр көгал жасалып, суару жүйесі жабдықталған.

Өскеменнің 19-шы шағын ауданын абаттандыру жобасының бір бөлігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның ішіне бір километрлік жаяу жүргіншілер аймағын жайластыру да енеді. Болашақта аллея шағын ауданның барлық тұрғындары үшін отбасылық демалыс орталығына айналуы тиіс.

 «Өскемен» жазуы алыстан менмұндалайды

Облыс орталығына кіреберіс жолдарда қала атауы жазылған жаңа барельефтер орнатылды.

Абаттандыру жұмыстары түрлі салаларды, бағыттар мен аумақтарды қамтып отыр. Ең елеулі өзгерістердің бірі – облыс орталығына кіреберістерге төрт жаңа барельефтің орнатылуы. Олар Алматы – Өскемен, Семей – Өскемен және Шемонайха – Өскемен трассаларында, сондай-ақ Шешек асуында пайда болды.

Жазулар үлкен көлемді әріптермен жасалды, сондықтан бұл құрылымдар алыстан менмұндалап көрінеді. Барельеф өзіндік логотип түрінде орындалған, қала атауындағы «Ө» әрпінің ортасында таулар орналасқан. Түнде ол әдемі жарықтандырылады. Рельефтерге басқыштар мен жолдар төселген, автокөліктерге арналған шағын тұрақ бар, демалуға арналған орындықтар да жоспарлануда.

Жоба бойынша бұл құрылымдар елді мекенді және оның атауын белгілеу үшін ғана емес, сонымен қатар өзіндік нұсқаулық қызметін атқармақ. Жаңа барельефтерде облыс орталығының барлық көрікті жерлері көрсетілетін болады.

Атап өтерлігі, барельефтерге арналған эскизді былтыр өткен «Сәулет-2019» қалалық жас сәулетшілер байқауының қатысушысы жасаған болатын.

«Didar» ақпарат

(Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді)

Осы айдарда

Back to top button