Тарих

«МҰҢЛЫ ҚОҢЫР ТУҒАН АНАМ, ТУҒАН ЖЕРІМ БӨРІЛІ» (Жолжазба)

Семейден  Қарауылға жеткенге дейінгі жолдың қос қапталы, әр адыры, сайы мен төбесі тұнған тарих, толған шежіре. Жидебайдағы Абай мұражай-үйінің арғы жағында бір шақырымдай жерде ағарып Абай мен Шәкәрiмдей қазақтың қос алыбы жатқан «Абай-Шәкәрім» кесенесі тұр. Ұлы ақынның үйінен шыққан біз  үшкілдене біткен ұшар басы  андағайлап   тұрған сол  алып кесенені бетке алдық.

 САРЫАРҚА ТӨСІНДЕГІ ОЙ АЛЫПТАРЫНЫҢ КЕМЕСІ

 Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі 1995 жылы  Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында белгілі сәулетшi – Бек Ибраевтың жобасымен салынған. Абай мұнарасының биіктігі-32,5 метр, Шәкәрім мұнарасынікі -31,5 метр.  Сәулетші кесенені  Сарыарқа даласының төсінде, поэзия айдынында жүзген екі ақынның қос желкенді алып кемесі  мағынасында  жобалаған. Мынау аппақ атырап жаз бен күзде толқыған сағымды, селеулі  сар далаға айналып, уілдеген қырдың желімен тербеле телегей теңіздей түрге еніп, Шәкәрім-Абай кесенесі сол теңіздің үстінде ойға шомған ғұламалардай,  тұңғиық ойдың алып кемесіндей әсер қалдырады екен.

Иә, бұл «Абай жолынан» оқитын: « «Абай кемесі». Кең жайқын әлемде сенімді түзу жол сызып маңып барады. Алға барады, ұзап барады. Биіктен қиян, алыс көк жиекке қадалып қараған Абай көзі, ой көзі сол кемені оң сапарға ұзатып, талмастан телміре қалыпты».

Кесененің сыртқы көрінісі үш деңгейден, белдеуден тұрады. Қара таспен жабылған белдеуі- Абай «Қалың елім қазағым қайран жұртым» деп  күңіренген ағартушылық келмеген қараңғылық  заманы, екінші ернеу- қызыл тастармен көмкерілген  Шәкәрім қажыны жазықсыз атып, құдыққа тастаған, Алаш арыстарының бірінен соң бірі   атылған қызыл империя дәуірі, үстіңгі  ақ тасты қабат – қазақтың, азаттықтың арайлап атқан  ақ таңын бейнелейді.

Абай-Шәкәрім кесенесіне кiре бергенде гранит тастан жасалған қазандық үстiндегі құмдауыт  топырақ көзімізге түсті. Бұл – Абай мен Шәкәрiмнiң жамбасы тиген жерден алынған қабір топырағы. Абай мен оның інісі Оспанның, Шәкәрім мен ұлы Ахаттың  құлпытастары жерден, қабір үстінен 5 метр биiктiкте орналасқан. Оны орнатқанда қабiрлер басындағы топырақты жаншып, басып тастамай, бос қойып көтерген екен. Бұл құлпытастар тек сол қабiрлердің бетiне қойылған қақпақ тәрізді.

Бізді бастап жүрген Жидебайдағы Абай мұражай-үйінің меңгерушісі Нұржан Байтөс кесененің кең мағына, үлкен ұғымды білдіретін айрықша  сәулетімен таныстырып келеді.  Кесене төрiнде тұрған мынау жетi шырақ бабалардың ұрпағына айтар «шырағың сөнбесiн» деген тілеуін жеткізіп тұр… Ақшаңқан кесененің қабырғасы Маңғыстаудан әкелінген әк таспен қаланған. Бұл тастың ерекшелiгi сол- заман өткен сайын мәрмәр тастай болып өздiгiнен ағара беретін көрінеді. Жыл өткен сайын бірі-бірімен жымдасып,  берiктiгi  артады. Абай кесенесінің басы тақия сияқты, Шәкәрім кесенесі бөрік сияқты жасалыпты.

Кесене кешеніндегі екi мазардың ортасында «Абай» амфитеатры бар. Поэзия құрметiне  салынған амфитеатр. 1999 жылдан бері жыл сайын Абай мен Шәкәрiм атындағы республикалық Абай оқулары   осы жерде өтіп келеді. Қазақстанның түпкір -түпкірінен келіп жүлде алып жүрген балалардың алды Абай мен Шәкәрiмнiң 400 өлеңiне дейiн жатқа айтады. Былтыр поэзия оқулары бұл жерде  20-шы рет өтіпті.   Жан-жақта отыратын орындар жасалған,  ортада шеңберлi сахна  тұр. Қысқасы, қос ғұламаның  бүкіл бітім-болмысын, күллі қасиет-киесін  көрсеткен ұшқыр қиял мен терең толғаныстан туған қос мұнаралы кесене  кешенінің айшықты әр бөлшегінде, қаланған кірпішінде, әр тасында қаншама тағылым, тарих  жатқаны көрініп тұр.     Кесене басына батыстан, оңтүстіктен, Алматыдан   Абай мен Шәкәрімге арнайы зиярат ете келіп,  түнеп жататындар  аз емес екен.

30 жыл Құрқұдықта жатқан Шәкәрім бабамыздың  денесi де, еңбегi де кеңес үкiметiнiң құрсауында болып,  кейiн ғана толық ақталып, енді міне, артындағы ұрпағы ардақтап тұрғызған осы алып кесенеде Абаймен қатар жатыр. Кеңес өкіметіне қарсы Шыңғыстауда 1931 жылдың 3  қыркүйегі күні көтеріліс болғаны, көтерілістен соң тура бір ай өткенде, 2 қазан күні Шәкәрім қажының ГПУ қолынан атылғаны белгілі. «Бұл аш халықтың көтерілуін күні кешеге дейін “Шаһкәрім көтерілісі деп атақтап келгені және рас. Шаһкәрім қажы терең ой, кемел ақылдың адамы. Кеңес өкіметінің шыңғыстаулықтардың бесті-онды сойылы, бірер мылтығы бар қолынан құламайтынын білмеді деуге болар ма?! Көтерілістің басталуы мен Шаһкәрім атының қаралануына Бердеш бастаған Әзімбай балалары кінәлі болған. Ұлы Отан соғысының ардагері марқүм Тілеуінбердин Зәкен мынаны айтып еді» деп жазады  абайтанушы Бекен Исабаев Шәкәрімнің атылуы жайында. –  «1947 жылы Сібірде қашып жүріп ұсталған сол көтерілістің көрнекі басшысы  Солтабаев Қасымбек кешірім ап, 1950 жылдар басында “Хрущев жылымығы” аталған кезде елге келді. Сол кісі 100 жасқа бет алған Сабыржан, Әлімбет, Садырбаев Жақып, тағы сондай Шыңғыс елінің жайына жетік ақсақалдармен мәжілістес болып жүрді. Сонда ол кісілердің Қасымбектен шұқшия сұрайтыны: 1931 жылғы өзі басқарған көтеріліс пен Шаһкәрім қажының атылу жайы, әсіресе Олжабайдың торы жорға атының Шаһкәрім қажы астына қалай түскені туралы бола берді. Қасымбек: – Әй, ақсақалдар-ай, ол тәңір ұрпақ басына қайтып келтірмесін дейтіндей заман болды емес пе? Жұрт жаппай ашықты. Әсіресе Қазақстан басшысы Елтай Ерназаровтың келуі келешектен күдер үздіріп жіберді. Бір тұяқ серпіп көруге бел байладық. Милициясы я белсендісі күннен-күн аса қағынып бара жатты. Ары ойлап, бері ойлап дегендей Шақпақтағы қажыға келдік. Бердеш бар, мен бар ойымызды жайлап жеткізіп жатырмыз. Қажының өңі қашып, екеуімізге кезек-кезек қарай берді. Осы кезде Қажының ұлы кіріп келді. Қажы:- Зият, сен мыналардың келісінен хабардарсың ба?

-Иә, қажы. Ерте ме, кеш пе, бір әрекет керек қой. Қажы:- Сендердің бір-ер жүз сойыл, он шақты мылтықтарыңнан қүлайтын совет жоқ! Енді қайтып сөз де жасамаңдар. ГПУ тұқымдарыңды құртып жібереді. Жалпақ жұрттың қанына қалмаңдар.  Бұдан кейін келсеңдер өзім ұстатам сендерді. Барыңдар! – деп айдап тастады. Зият әкесінің қасында қалды. Енді біз басқа әрекетке көштік, Ақылдаса кеп, жұртқа Шаһкәрім атынан сөз тастайтын болдық. Соңымызға ерген елді біржола ашындырып алу үшін бұл елдікі емес коммунистер мен комсомолдардың бір-екеуін құрбан етейік дестік. Қарабала Бақанаста тұратын, оның өші сондағы мұғалім Рамазан екен. Менің өшім РККИ-дің бастығы Олжабай еді. Сонымен, не айтары бар, соны істедік қой… Амал қанша, көрбала ел Қарасартовтың оғынан 2-3 адам мерт болысымен дүрк қашып берді. Тоқтата алмадық. Өзгесі белгілі… Зият кашқан бетінде қажыға барған. Сонымен қашқынға айналдық. ГПУ соңымызға түсіп берді. Ендігі ақылымыз мынаған сайды. Қайтсек те Қытайға өту керек. Қытайға паспортымызбен барсақ қана сыйлы боламыз, Қоршылық көрмейміз. Паспортымыз – Шаһкәрім қажы болу керек. Қайткенде де қажыны бірге алып өтуіміз – екі мақсатымызды да орындайды. Қажыдан артық жер жадысын білетін кісі бола ма?! Ал ол жаққа да қажы даңқы жеткен кісі. Көлеңкесі бір топқа ғана емес, мыңға жетеді. Қажының бұл жақта да қимайтыны жоқ. Баязиты буынып, Ғафуры түрмеде бауыздалып өлген. Ахаты мен Қабышы түрмеде.  Қажы туған жер мен аруақты қимай Шыңғыстаудан топырақ бұйырсын деп қана отыр. Қажы айтқанымызға иланса жақсы, иланбаса не істемекпіз. Мұны бәрінің үлкені Бердеш екеуіміз оңаша шештік. Ұзақ жол жүріске жайлы деп Олжабайдың Торы жорға атын Зиятқа жетектетіп бардық. Қажы зарлап-зарлап, ақыры ерді бізге. Қажы ерген соң, жаңа күш бітті. Шыңғыстың бауырына – Аршалыға құлап, одан жайлауға шығып, Қытайға бет алған жолда Қажы атылды ғой. Қажы “кітаптарымды ала кетем” деген соң, бір інген түйеге азық-түлік пен кітаптарды артып алғанбыз. Қажы атылған соң, қашқаннан қашып Қамбардың Кәкшетауына шығып кетіппіз. Жерді тани келе ес жиғандай болдық. Қажы “Мұқаншиды басып жүрмеу керек. Онда күзет күшті болмақ. Біз жоғары өрлеп барып, Іленің қалың қамысы арқылы өткеніміз дұрыс болады” деп отырып, өзінің “Үш анық” кітабы мұқабасының ішкі бетіне карта етіп, сызып та көрсеткен-тін. Сонда бет алғанда маған бір ой түсті. Дегелеңді сырттап Кемпір бекетін басып, Қиық (Лебяжі) қаласына ойысып, Қызылтай ауылы арқылы Сібір түстім де кеттім». Разақ, Қабдеш, Бердеш үшеуінің 1954 жылы Мұқаңа сәлем бере барғандағы Мұқаң сөзін Әмен Әзиев сәл жасытып жазған. Мұқаң Бердешке:

– Ойпыр-ай, Бердеш-ай, Сен де жер басып тірі жүр ме едің?!- деген ғой. Мұқаңа бұл сыйымды. Сыйымды болатыны – Бердеш Шаһкәрім атын жамылып, Шыңғыстау халқын көтеріліске шақырды, халық қырғын тапты».

Құнанбайды, Абайды  дүниеге әкелген Зере мен Ұлжан аналардың зираты  Абай-Шәкәрiм кесенесiне келе жатқан жолдың орта тұсында тұр. Екi ананың мазарының арғы бұрышында  тағы  екi зират бар. Бiрі Ғабитхан молданікі, Абайды оқытқан Ғабитхан молда Құнанбайға Ескiтам деген жерде мешiт-медресе ашқызып, бүкiл ауыл балаларына хат танытыпты. Оның қасындағы зират  Оспанның, кейiннен Абайдың малшысы болған Жидебайдағы үйге еңбегiмен де, терiмен де сiңген адам Шәукенбайдікі.

МҰХТАРДЫҢ МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШЫ

Адырлар мен белдерді артқа тастап заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов  туған ауылға, Мұхтар  кірін жуып, кіндігін кескен, қаз-қаз  басқан жерге  келе жатырмыз. Иә, мынау  мекеннің ғажабы сонда – осы Бөріліден 20 шақырымдай жердегі Қасқабұлақта  Абай, бұл жерде Мұхтар туып, бір дәуірде  бір өлкеде бірінен соң бірі қос ғұлама дүниеге келген.

Семей-Қарауыл жолынан екі-үш шақырымдай жердегі Бөрілі ауылына кіреберістегі  Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінің алдындағы төбеде «Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» деген жазу қашалған үлкен тас тұр. Міне, сол тастың жанында ұлы жазушының ізі қалған қасиетті топырақты басып тұрмыз. Менің ғана емес, тасқа басылған осы сөздерді оқыған жанның бәрінің ойына жазушының талайлы тағдыры, торыққан сын сағаттары, тебіренткен шалқар шақтары оралар бәлкім. Мүмкін олардың өздері де қарап тұрып мұңға батып, үнсіз қалар.  Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің аға ғылыми қызметкері Гүлзәт Тәңірберген тастағы жазба жазушының өз сөзі екенін айтты. Көмірдей қара шашты қара торы бала Мұхтарды әжесі, жеңгесі сәби шағынан «Қоңырым» депті. Әуезов 1922-23 жылдары жазған мақалаларына «Қоңыр» деген бүркеншік ат қоюы содан екен. 1943 жылы, шілде айының соңында   Мұхтар Әуезов қасына шәкірті Қайым Мұхамедхановты ертіп, Бөріліге келеді, соңғы рет. «Мұқаңның тасқа қашалған сөзін ұғу үшін сол сапарындағы серігі Қайым Мұхамедхановты тыңдау керек» деп жазған екен Мұхтар мұражай-үйінде 32 жыл меңгеруші болған абайтанушы   Бекен Исабаев. “Шыққаннан Мұқаң үнсіз болды. Бұл менің бұл орынға бірінші келуім еді. Бөріліде бір жан, бір мал ұшыраспады. Мұқаң қыстауы аңғай-саңғай. Есік-терезесі ашық, сылағы түскен. Көріксіз-ақ! Мұхтар бұрынғыдан да тұнжырап, түсі қара барқын тартып, еріні көгеріп, аттан түсті. Бөлме-бөлмені, мал қора іштерін аралай жүріп, әр бөлменің кімдікі екенін, атасы мен әжесі бөлмесін, өзі сабақ оқыған жерін, анасының бөлмесін, Разақтың, оның әйелдері Мәкежан мен Әлила бөлмелерін бас-басына жіктеп түсіндіріп кеп, Қасымбек ағасы мен жеңгесі Ғалия бөлмесіне көп тоқтап тұрды, және қайыра кеп, анасының бөлмесіндегі үй-жиһаздарының жиналған, тұрған орындарын, атасы мен әжесінің төсегінің тұсын көрсетті. Осылай ескі қорада жүріп, бүргеге де жем болдық. «Қайым, “Көксеректе” ақ қаншық қасқыр мен Көксерек бір ауылды торып, ауыл иттері сезіп қап, үріп шығып, өзге иттер сескеніп, төбе басынан “кәр жіберіп тұрды” деуші едім ғой. Мынау сол төбе. Ал қара ала төбет ерленіп, төбеден төмен түсіп кетіп, Көксерекке жем болатыны анау “ойпаң”” деп нұсқады», деп әңгімелеген екен Қайым Мұхамедханов жазушы  жолжазбасындағы және есік алдындағы тастағы сол “Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі» делінетін сөз жөнінде. Сол жолы жазушы шығармаларының бәрінен көрініс тапқан, аңсатқан, мәңгілік сағынышы болған Бөріліден көңілі түсіп, жаны жабырқап қайтады. Мұхтар 1897 жылы қыркүйекте  бұл жерден бір шақырымдай жердегі Аяққараған деген  күзекте  туып, осы үйде өсіп, ер жетеді. Жазушының дүниеге келген қыстауы   ресми түрде  1987 жылы Мұхтар Әуезовтің 90 жылдық мерейтойында мұражай болып ашылыпты. Қабырғада  Мұхтар әке-шешесімен, ата-әжесімен бірге тұрған тозығы жеткен  сол  ескі қыстаудың  суреті де тұр. Қыстау осы фотодағыдай қалпында 1977 жылға дейін тұрыпты. Тағы да Бекен Исабаевтың «Ұлылар мекенінде» жазып кеткен тарихи деректеріне жүгінер болсақ, «Қыстау суретімен сөйленер сөз – ең алдымен, туған елінің асыл ұлы қыстауын бүгінге сақтап, жеткізгенін дәлелдесе, одан соң оның да кешегі зобалаң жылдар тауқыметін тартқаны болар еді. Үйдің ертедегі асты-үсті тақтайы алынып, қайта жабылған. Тіпті, Абай елі, Шыңғыстау жеріне аты мәлім чекист Әбдірайым Шәрібаев «Мақсұт» ұжымына «менікі» деп сатыпты. Одан соң – ұжымдікі, ортақ үй боп, әркім қыстаған. Бір жұбаныш: Әуез-Мұхтар қыстауы боп, бізге жеткендігі» деп жазады кеше ғана өмірден өткен абыз атамыз.

Бөріліде жазушының әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың зираты тұр. Әкесі Омархан  1909 жылы, анасы 1912 жылы қайтыс болып, Мұхтар атасы мен әжесінің қолында өседі. Үлкен бөлме атасы Әуезхан қожа мен әжесі Дінәсілдің бөлмесі. Осы бөлмеде Мұхтар атасы Әуездің алдында дізерлеп отырып  хат таныған. Ең алғаш Семейдегі бес кластық училищеге ағасы Қасымбектің жетелеуімен барып  оқыған. Қазір бұл училище байланыс колледжі көрінеді. Беті шыныланған қораптың ішіне  2- кластағы жазу үлгісі дәптерінің көшірмесі, сия сауыты мен аттестатының көшірмесі  қойылған.

– Жерлесіміз Бауыржанның (Жақып) :

Сонау үйде -Бөріліде өңі гүлдеп,

Жаққан отым өшпесін, өмірім деп

Дінәсіл әже отырды-ау бір кездерде

Алдына алып Мұхтарды «қоңырым» деп,-деген өлеңі бар. Байқасаңыздар, үйдің ішінің өзі де қоңыр түстес. 1917 жылы Мұхтар 20 жасында оқуынан босап, Абай ауылына демалысқа келедi. Ол уақытта қазақ даласында спектакль, пьеса деген болмаған. Сонда Мұхтар Әуезов өзiнiң алғашқы шығармаларының бiрi «Еңлiк-Кебек» пьесасын тұңғыш рет Ойқұдық жазығында, Абай атамыз бен Әйгерiм апамыздың үйiнде 7 маусым күні қойған. Көріп тұрғандарыңыз сол қос  киіз үйдің макеті, киiз үйдiң iшiнде  әнеу тұрған сандық жанында Мұхтар тығылып отырып, кейiпкерлерге арт жақтан суфлер болып сыбырлап отырған. Мынау суреттер Мұхтар Семейдегі қазіргі педколледжде  1924-25 жылдары қазақ тілі мен әдебиетінен мұғалім болған кезінен. Мына аттың үстінде тұрған суретке Ленинградта оқып жүріп, туған жеріне келгенде осы қыстаудың  жанында түскен, -дейді 30 жыл осы мұражайда қызмет етіп, мұхтартанумен айналысып келе   жатқан Гүлзәт Сәлемқызы.

Келесі бөлмеге өттік. Қабырғада  жазушының қара костюм-шалбары ілініп тұр. Оны  1987 жылы мұражай ашылғанда жазушының қызы Ләйлә Алматыдан ұстаған заттары,  кітапханасымен бірге әкеліп беріпті. Мұражайдың «Мұхтардың отбасы», «Әуез бөлмесі», «Анасының бөлмесі», «Мұхтар туған жерінде соңғы рет» деген сегіз тақырыптық   бөлімнен тұратын экспозициясында  барлығы 1000-ға тарта жәдігер бар.

ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАРЫ БОЛҒАН АРУЛАР

1917 жылы Мұхтар 20 жасында бiрiншi әйелi Райхан Кәкенқызына атасы Әуезхан қожаның айттыруымен осы қыстауда, осы үйде алғаш отау тігіп, үйленген екен. Райхан ол уақытта 15 жаста болыпты. Алайда көп ұзамай олар ажырасады. Осы кiсiден туған Мұғамила деген тұңғыш қызының: «Әкем мен шешем айрылысқанда мен төрт жаста едiм. Бөрiлiде сот үкiм шығарып, ұл әкеде, қыз шешеде қалады дедi. Бiрақ әкем сегiз айлық Шоқанды алмай, 4 жастағы менi алып, қалың Қанайдың қарағанына қашып кетіп, тығылып жаттық. Содан менi Семейге апарып, Кәмилә тәтемнiң тәрбиесiне бердi. Мен өгей шешемнiң тәрбиесiнде болдым» деген естелiгi бар. «Мұғаш апай жазған: “ …шешем Райханның айтуы бойынша, білгенім мынау. Некені бұзу туралы үкім шыққанда шешем шымылдықтың ішінде жылап отырыпты. “Неге былай етті?” – деп сұрауға именіп, әкемнің бетіне қарауға қорғана беріпті. “Жазығым – оқымағаным, қала өміріне ылайық емес шығармын”- деп ойлапты”- деген сөз дұрыс та шығар» деп жазады Бекен  Исабаев  Мұхтардың алғашқы жарынан ажырасуы турасында. Өгей шешелерінің  тәрбиесінде болған Мұғамила өз анасы Райханмен 18 жылдан кейін ғана кездесіпті. Астында «Мұғамила Мұхтарқызы  анасы Райхан Кәкенқызымен (1902-1976)» деген жазуы бар қабырғадағы сарғайған  суретке қарап тұрып жазушының қызы Мұғамиланың да, алғашқы жары Райханның да көз сүйсінердей келбетті, нұрлы жүзді болғанын аңғардық. Енді бір суретте  кішкентай Мұғамила өгей анасы Кәмилә мен әкесінің ортасында тұр. Сурет 1920 жылдарда түсірілген делінген. Мұғамила 2009 жылы 92 жасқа қарағанда  Алматыда қайтыс болады. Мұхтар Әуезов 1922 жылы екiншi рет Мағауияның қызы,  яғни Абайдың немересi Кәмиләға үйленедi. Кәмилә асқан сұлу адам болған деседi. Мұхтар өзi ұнатып, бiреудiң атастырып қойған қалыңдығы болғандығына қарамастан, атастыру салтын бұзып, Кәмиләны алыпты. 1926 жылға дейiн екеуi бiрге тұрып, заңды түрде айырылысады. Оның себебi, Кәмилә  өкпе ауруына ұшырағаннан деген сөздер бар. Ол кiсiден Мағрипа, Зере деген екi қызы туған. Бiрақ бұл балалары жастай шетiнеп кетіпті. Осылайша, екiншi әйелiнен ұрпақ қалмаған. 1926 жылы Мұхтар Ленинградта оқып жүргенiнде Валентинамен жақсы достық қарым-қатынаста болады. Кәмилә ажырасқаннан соң  құсадан бар-жоғы 30 жасында  қайтыс болған.

«Мұқаңның отбасылық өмірі туралы не сөйлену керек. Әрине, осы мұражай орнын оның алғаш жар сүйіп, перзент көрген шуақты шағы деумен бірге, сәтті ме, сәтсіз бе, екінші жұбайлы болуына,  асыл ұлының анасы Фатимамен көңіл жарастыруына да тоқталмауға жол жоқ. Абай немересі Мағауияқызы Кәмиләмен тағдыры қосылып, айырылысуы туралы алғаш рет Мұқаң өлген соң жазушының машинисткасы болған Данабике Байқадамның (ол Қаралдина да) жазғаны жарияланады. Сол естелік Мұқаңның өз аузынан естіп жаздым дегенінен бе, көркемдігі мен жас әйел ғүмырының аяушылық сезім туғызар өксікті талап-тағдыры ма, қырық жылға тарта жазушы баянымен, шығармашылығымен байланыстырылып сөйленіп келеді. Данабике жазушыны жар сүюде тұрақты емес еді дегісі келді ме, Кәмилә жазушыға “Ақ кебінім көз алдыңнан ғұмырынша кетпесін, сазасы болар бұл қадіріме жетпестің” деп хат жазыпты.  Мұқаң “Кәмилә” деген сөзді естісе жылап, теріс айналып кетуші еді. «Ақиретін сүйретіп, көз алдына келіп тұрса Кәмилә қалай жыламайын дейтін жазушы»-дейді.  «Қарагөз» трагедиясындағы Қарагөзбен Кәмилә тағдырын байланыстырып сөйлейтіндер де бар. Кәмилә тағдыры жазушы жүрегінде із қалдырғаны анық. Сондықтан да жас қыз, құштар жігіт арасындағы сүю мен күю суретінде Кәмилә тағдыры Мұқаң қаламында қылаң беруі заңдылық. Әйтседе, Мұқаң мен Кәмиләнің ажырасуы жөніндегі «Абай» журналының 1997ж. №4 санында басылған Сейітжан Тәбәріков пікірі құптарлық деп білеміз. «Кәмилә да өлең жазған… марқұм Қауаш апай осы ұзақ өлеңнің екі аузын ғана ауызша айтып беріп еді. «Көзіңнің сағынамын қарағанын, Жүрекке махаббат боп тарағанын. Отырмын күндіз-түні өзінді ойлап, Өмірде дос болуға жарамадым…»  …Мұхтар мен Кәмиләнің арасындағы қарым-қатынасты жақсы білген кейбір туыс үлкендердің айтуына қарағанда, Мұхтардың басына азаттықты Кәмиләнің өзі берген. …Бұрынғы “ұлтшыл ’ деген айдарына енді “шынжырбалақ, шұбартөс” Құнанбайдың шөбересіне үйленген” деген шала соңына және байланған. Жан жары Мұхтардың жалғыз жолы ажырасу екенін Кәмиләнің адал жүрегі сезді. Сезді де Мұхтардың Семейге соңғы келген сапарында Кәмилә көз жасына ерік бере отырып, үш күн, үш түн қоштаса отырып, соңғы байлауын өзі айтып, өзі шешті. Мұхтар қанша жалынып, жалбарынғанмен Кәмиләні райынан қайтара алмады. Көп ұзамай өксікті қайғы басылды. Кәмилә дүние салды». Бізше, дәл, анық жазылған. Ал және бір сөз бар. Ол Кәмиләнің сырқаттығы, бала туып, ұрпақ өсіруге кінәратта болуы. Бұл да маңызды. Мұқаңның келешек ұрпақ өсіруге айрықша маңыз бергені мәлім. Тіпті, өзі түгіл бүкіл туған ұлтының келешегін ойлап, сонау жиырмасыншы жылдар басында халқына бізге өліп таусылу хаупі төніп тұр деп, жанайқайы шығуы тегін емес-тін. Мұқанның бергіде, өзіне, жегжат келетін «қазақтың біртуар азаматының ұрпақсыздығына қатты кейіс білдіргені естелік болып та сөйленіп жүр. Біз мұны Мұқаңның Фатимамен арақатынасы хақындағы пікірге тірейміз. Мұқаң жолдастары арасында Ілияс Жансүгіровтің ақындығын, адамдығын жоғары бағалап, Абайдан кейінгі ірі ақынымыз” деген. Құлагер ақын кеткен соң, оның жанұясына қатты қамқор болады да, Фатимамен арада көңілдестік туады. Тағдыр екі ер баласы (Валентинадан туған) өлген соң Мұқаңа Фатима шешемізден бүгінгі  «аяулы Мұратайды» (Мұқаң сөзі) берді. Мұқаң Кеңес үкіметінің несіне болсын шыдап, қазақ зиялысының бүгін алдыңғы легінде тұрған Мұрат Әуезовті ержеткізді, өсірді, азамат етті» деп жазады Бекен Исабаев.

Сөйтіп, Мұхтар Әуезов Кәмиләмен ажырасқаннан соң  1926 жылы Валентина атты орыс қызына үйленедi. Ол кiсiден Ләйла, Ернар, Елдар, Елдос деген төрт бала туған. Қазiр Ләйладан Елнар, Диар деген екi жиені бар. Ернардан Лола, Асқар деген екi немересi бар. Бұлардың барлығы  Алматыда тұрады екен. Біз білетін жазушының асыл тұяғы- Мұрат Әуезовтің (1941 жылы туған) шешесі Фатима Ғабитқызы. Мұраттың шешесi Фатима Ғабитқызы қазақтың біртуар қайраткерлері, арыстары Бiләл Сүлеевтiң, Iлияс Жансүгiровтiң әйелi болған адам. Ұлты татар Фатима Ғабитқызымен жазушының некесі   заңсыз болған. Алдыңғы үш жарымен заңды некеде болған. Фатима Ғабитқызының Бiләл Сүлеевтен Жәнiбек атты баласы, одан кейiн Iлияс Жансүгiровтен Ильфа, Үмiт, Болат атты үш баласы, Мұхтар Әуезовтен Мұраты бар. Фатима – «Халық жауының» әйелi болып, қудалауда жүрсе-дағы, қазақтың үш бiрдей алыбының балаларын өсiрiп, сондай iрi қайраткерлердiң қолжазбаларын сақтаған адам. Мұхтар Әуезов 1961 жылы 64 жасында, әйелi Валентина 1978 жылы қайтыс болды. Мұражай қызметкері  Гүлзәт Сәлемқызының айтқанындай  бүгінде Мұхтардың өз кiндiгiнен тараған ұлы Мұрат, сегіз немересi, бірнеше шөбересi бар.

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button