Тарих

Ұлы ақынның басшылығымен қабылданған «Қарамола ережесі»

Ұлы ақынның басшылығымен қабылданған «Қарамола ережесі»

Дара тұлғаның бір басына Алла берген адами қасиеттерімен қатар, оның дүниеге деген кең көзқарасының болуы, терең білімі, қазақ қоғамына осы заманғы прогрестің қажеттігін елден бұрын түсінуі, соны насихаттауы – Абайды дәстүрлі биден де жоғары қоятын шынайы факторлар.
Қарамоладағы сиезге келген Абайды бұрын-соңды көрмеген және оны қарсыластарының шағымдарынан ғана білетін Семей облысының әскери-губернаторы В.С.Циклинский онымен тілдескеннен-ақ кімнің-кім екендігін түсінген. Әскери-губернатордың оны бірден төбе би тағайындауы және жауапты істің барлығын оған тапсыруының өзі-ақ оның Абайды толық мойындағанын көрсетеді.
Абай өзіне жүктелген осы бір аса маңызды және күрделі тапсырманы қысқа мерзімнің (Мүсірәлі үш күн деп көрсеткен – М. К.) ішінде ойдағыдай орындап шыққан. Оның нақты нәтижесі – бүгінгі біздердің мәтінімен танысуымызға мүмкіндігіміз бар, 1886 жылы Қазан университетінің баспаханасынан жарық көрген (Ғабит Мүсірепов тапсырған бір данасы еліміздің орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы), сол кездегі қазақ қоғамының сұраныстарына жауап бере алатын, негізінен XIX ғасырдың аяғына дейін қолданыста болған – «Қарамола ережесі».
«Қарамола ережесіне» қатысты жиі қойылатын сұрақтардың бірі – ережені кімнің жазғандығы. Біздер ережеге қатысты зерттеулер мен және оның мәтінімен таныса келе, өз заманның ерекшеліктеріне бейімделген, империялық ресми заңнаманың талаптарына сай келетін осы еңбектің дүниеге келуінің негізінде Абай тұрды деп нақты айтамыз.
Съезге шақырылғандардың ішінде орыстың басқаруы жағдайына икемделген, қолданып жүрген заңнаманың артық-кемін жақсы білетін, әдеттік заңын небір білгірлері – ел билеушілері мен билер болған. Осы жерде туындайтын сұрақ, ережені жасауда бұлардың үлесінің қаншалықты болғаны.
Абай сөз жоқ, қажетінде бұлармен де ақылдасып отырды. Бірақ ережені жазу барысындағы негізгі ұсталынған саясат, ой мен тұжырым Абайдікі. Сөйтіп, Абайдың кемел ойы мен үлкен ұйымдастыру қабілеті азғана күндерде-ақ нәтижесін берген.
1885 жылы Қарамоладағы қабылданған ереже қазақ әдет-ғұрып құқығының құн дауы, жесір дауы, мал дауы, бұларды шешу жолдары, сот жүргізу сияқты және тағы басқа маңызды жақтарын қамтыды. Ережеде билерді дауласқан жақтардың таңдап алатыны, ал олардың санын басшылық шешетіні көрсетілген. Әр жақтан таңдап алынатын билердің саны үштен аспау керектігі, олардың саны жұп болса, шешім шығаруға қиын болатыны айтылған. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.54 б).
Ережеде жауапкердің сотқа келе алмай қалуын реттейтін құқықтық нормалар бар. Мәселен, жауапкер себепті жағдаймен келе алмай қалса, билер сотының билігі кейінге қалдырылады, ал әдейі келмесе, сырттай билік айтылады деп көрсеткен. Сол сияқты кімдердің куәгерлер бола алатындарына да үлкен мән берілген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.55 б).
Қазақтың әдеттік заңындағы ежелгі институттардың бірі – «Жан беру» деп аталатын ант беру институты. Қарамола Ережесінде оның барлық түрі, ант берудің жолдары және одан туындайтын салдары түгелдей көрсетілген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.57-58 б.б.).
Ереженің нормалары кісі өлтіру, зинақорлық, ойластырып мүлік ұрлау, төбелес сияқты қылмыс түрлерін де анықтайды. Сол сияқты құқықбұзушылықтың: жеке тұлғаға тіл тигізу (ережеде биге тіл тигізу нақтыланған), көмек бермеу (суға кетіп бара жатқанға, өртке шалдыққанға және т.б.), ауыл старшынының тілін алмау, лауазым иесіне жала жабу, малдың қырылуының алдын алу үшін шара жасамау, арықтарды, құдықтарды бүлдіру сияқты және тағы басқа түрлерін ережеде көреміз. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.58-60 б.б.).
Дәстүрлі құқық нормаларында кісі өлтірген жағдайдың қайсысында болмасын құн төлеу бар. Ал мына жаңа ережеде абайсызда болған кісі өліміне, барымташының және ұрының өліміне құн төленбейтіні айтылған. Бұл жерде Абай дәстүрлі құқыққа өз ойлағанын, яғни жаңа қалып енгізіп отыр. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.58 б.).
Ереженің 26 бабында «… ері әйелін өлтірсе яки, әйелі ерін өлтірсе, оған құн жоқ» делінген. Осындай шешімнің не себептен қабылданғаны түсініксіз. Бірақ Абай мұны тегі билермен ақылдасып шешкен. Оқиға отбасылық болғандықтан, олар бұл жерде «құнды кімнен алып, кімге бересің» деген тұрғыдан келген сияқты. Ал бұрынғы дәстүрлі қазақ құқығында осындай қылмыс үшін айыпты тиісті жазасын алған.
Қазақ қоғамында ертеден келе жатқан істеген істеріне қарата берілетін жауапкершіліктер мен жазаның «құн», «тоғыз» және «айып» сияқты түрлерінің болғандығы белгілі. Сонымен қатар, дүре соғу немесе масқаралайтын – қауымнан қуу, дене мүшесінің бір жерлеріне белгі түсіру, айыптыны қарсы жаққа беру сияқты да жазаның түрлері болған. Бұлардың ғасырлардан ғасырларға жеткенін академик Салық Зиманов та айтқан. (С.Зиманов. Древний мир права казахов и его истоки. / Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования в 10 томах. Т.1.-Алматы, «Жеті жарғы». 2001. 35 б.). Ал Қарамола Ережесінде жазаның абақтыға жабу, ақшалай айып сияқты жаңа түрлері де көрініс береді. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.66 б).
Ережеде отбасылық-неке қатынасының аясында туындайтын мәселелер де жан-жақты нақтыланған. Абай өз заманында қазақ қоғамындағы отбасылық неке қатынастарындағы ғасырлар қойнауынан келген небір әділетсіздектермен үнемі күрескен. Оны біз Абайдың ел ішінде айтқан биліктерінен де көреміз.
Ережеде қалыңмал төлеу, ерлі-зайыптылардың айырылысуы, әмеңгерлік сияқты мәселелер кең тұрғыда қарастырылған. Қарамола ережесінде де әмеңгерлік институты сақталған. Бірақ заңда оны орындау міндетке жатпайтындығы ашып айтылған. Барлығы әйелдің еркімен санасып барып қана шешіледі делінген. Сол сияқты жесірлердің балаға, мүлкіне деген құқықтарына үлкен көңіл бөлінген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.61-62 б.б.).
Ереженің соңғы баптарында Қарамола төтенше сиезінің шешімдерінің талқыға салынбайтын, аяқталған құжат екендігі және оны барша лауазым иелері мен билердің нұсқаға алуларының керектігі көрсетілген. (Қазақ әдет-ғұрып құқығының материалдары. Алматы, 1996.67 б).
Қарамола сиезі және онда қабылданған «Қарамола ережесі» XIX ғасырдың сексенінші жылдарындағы қыр төсіндегі дүбірлі оқиғаның бірі болды. Онда төбе билік жасаған Абайдың кемел шағына жеткен, қырықтағы қамал бұзар кезі еді. Абайдың осы қабылдаған ережені дайындауды басқарып, іске асыруы оның маңызын арттыра түскені күмәнсіз.
Абайдың басшылығымен қабылданған, бүгіндері 130 жылға толғалы отырған «Қарамола ережесі» – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден бері келе жатқан әдет-ғұрып құқығында ерекше орын алатын тарихи-құқықтық ескерткіш. Оның бұрын-соңды болған заңнамалардан басымдылығының негізінде қазақ даласындағы экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық өзгерістердің тікелей ықпалымен қалыптасқан қоғамның сұраныстарына мүмкіндігінше жауап беру жатты. «Қарамола ережесі» деп аталған осы тарихи құжаттың кезіндегі қоғамдық қатынастарды реттеудегі атқарған қызметі далалықтар өркениетінің тамаша көрінісі ретінде өз маңызын еш уақытта жоғалтпақ емес.

Мұхтарбек Кәрімов,
Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры

Семей.

(Соңы. Басы сайтта 9-шілдеде жарияланды)

Осы айдарда

Руханият

Ұлы ақынның басшылығымен қабылданған «Қарамола ережесі»

Ұлы ақынның басшылығымен қабылданған «Қарамола ережесі»

XIX ғасырдың 60-шы жылдарының екінші жартысында қазақ жерлерін Ресей империясына қосу толық аяқталғаннан кейін, патша үкіметі қырғыз өлкесі деп атаған өңірді, жергілікті халық «жаңа низам» атандырған. 1867, 1868 жылдары кең көлемді әкімшілік-аумақтық реформа іске асырылды.

Жаңа реформа қазақ еліне не берді?

Аталған реформаны жүзеге асыра отыра, патша үкіметінің қазақ жерлеріне Ресейдің басқа аймақтарындағыдай империялық басқару тәртібін енгізіп, сол арқылы біздің өлкені бүтіндей өздеріне шегендеп бекітуді көздегенін көреміз. Олар тарапынан алға қойылған осы амбициялық мақсат көп жағдайда іске асты.
XIX ғасырдың бірінші ширегінен бастап, шын мәніндегі Ресей отарына айналған қазақ елі үшін жаңа реформаның тағдырлық маңызы ерекше еді. Ресейдің қазақ жеріндегі жаңа басқару жүйесінің отарлық мәнінің айқын болуына қарамастан, бұл реформа өлкедегі үлкен өзгерістерге негіз болды. Біріншіден, нарық қатынастарының қалыптасып, үдеуіне байланысты өлкеде өнеркәсіп, сауда, банк-несие, көлік-қатынас жүйелерінің және осыларға тікелей байланысты оқу-ағарту саласының дамуы көрініс тапты. Бірте-бірте нарық қатынастарына ауыл шаруашылығы саласы да тартыла бастады. Қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығы енді нарыққа қарай бет бұрды. Екіншіден, 1867, 1868 жылдардағы қабылданған белгілі Ережелерге сәйкес қазақ жері бүтіндей мемлекет меншігіне айналды. Бұл өз тарапынан «қырғыз өлкесіне» империяның еуропалық бөлігіндегі губерниялардан жүздеген – мың жерсіз шаруаларды көшіріп, қоныстандыруға «заңдық» негіз жасады. Осы жағдайдың Қазақстандағы аса өзекті болған жер мәселесін көтеріп, аграрлық шиеленісті туғызғаны белгілі.
Өлкедегі өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы оларды реттейтін құқық жүйесін үнемі жетілдіруді қажет етті. 1867-1868 жылдардағы әкімшілік-аумақтық реформаның негізінде Қазақстанда да империя жеріндегідей сот жүйесі және заңнамалық орнықты. Патша өкіметі ресейлік билік тәртібін мақсатты түрде енгізе отырып, сонымен бірге жергілікті жердегі қоғамдық қатынастардың ерекшелігін ескере келе, қазақтың дәстүрлі заң жүйесін белгілі бір кезеңдерге дейін пайдаланудың қажеттігін түсінді. Осыған сәйкес қазақ жерінде ресейлік сот жүйесінің екі түрінің енгізілуімен қатар, дәстүрлі билер соты да қолданысқа қалдырылды. Бірақ билер сотының құқықтары көп жағдайда шектелді.
Қалай болғанда да, жаңадан қалыптасқан жағдайлар, өмірдің жаңа бағытқа бет бұруы көптеген өзгерістерді әкеле бастады. Мәселен, бұрыннан келе жатқан дәстүрлі қазақ қоғамында әскери қылмыс деген ұғымның болмағаны белгілі. Ал өкіметке мойынсұнбау, жұртшылықты қарсыласуға шақыру, пошта байланысына күш қолдану сияқты бұрын болмаған қылмыс категорияларының пайда болуы Ресейдің іске асырған реформасын жергілікті халықтың қалай қабылдағанының да бір көрінісі болды. Билік өз тарапынан халық қарсылығының осы жаңа түрлеріне қарсы өздерінің әдістерін қолданып отырды. Осы жағдайда Қазақ елінде арнайы мамандандырылған сот – әскери сот енгізілді. Оның қарамағына көшпелі жағдайдағы елдің жеке меншігіне нұқсан келтіретін барымта сияқты қылмыстарды қарау да берілді. Өлкедегі соттың ең жоғарғы сатысы, барлық маңызды қылмыстық істерді қарайтын империялық сот болды.
Билер сотының қарауына шағымға негізделген істер және қазақтардың өз ортасында болып қалатын саяси астары жоқ кісі өлімдері қалдырылды. Сотта қаралатын істерді қараудың өзіндік жүйесі қалыптасты. Соттың бірінші және төменгі инстанциясы – билер сотында қазақтың әдеттік құқығының нормалары, ал ең жоғарғы инстанция – империялық сотта Ресей заңнамасы қолданылды.
Патша өкіметінің қазақ жерінде билердің осындай артықшылықтарын сақтауы, ең бірінші олардың атқаратын қызметін құқықтық реттеу, төрелік жасау, делдалдық сияқты және тағы басқа түрлерінің қоғамдық маңызына байланысты болды. Патша өкіметінің билер соты сияқты маңызды институтты сақтап қалуының негізінде XIX ғасырдың 20-шы жылдарындағы қазақ хандықтарын бүтіндей жойған кезеңдегі, жергілікті халықтың қарсыласуына әкелген, қалыптасқан дәстүрлік нормаларға менсінбей қараған өз қателіктерін қайталамау жатты. Қалай болғанда, да әдеттік құқық жүйесі іске асырылып отырылған отарлық саясатқа қарамай-ақ, өзінің қоғамдағы маңыздылығын сақтап қала алды. Бұл осынысымен де құбылыс ретінде ерекшеленеді. Осы жерде академик Салық Зимановтың сөзімен айтсақ: «Әдеттік-құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негізделген қазақ құқығы өзін дүниеге әкелген дәуірінен де артық өмір сүріп, оның шеңберінен шықты. Ол өзінің реттеушілік қызметін XIX ғасырдың соңына, тіпті XX ғасырдың басына дейін сақтай білді». (С.Зиманов. Древний мир права казахов и его истоки./ Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования в 10 томах. Т.1.-Алматы, «Жеті жарғы». 2001.27 б.).
Сөйтсе де, қазақтың датқа негізделген дәстүрлі құқығы буржуазиялық қатынастардың дамуымен және ескі патриархалдық-феодалдық қатынастардың ыдырауына байланысты әр кезеңдерде біршама өзгерістерге ұшырады. Оның өзгеріп отыратын өмірдің сұраныстарына жылдам жауап бере алатын, билер қолданатын далалық заңнама негізінде, ресейлік билік кезеңіндегі қабылданып отырған, шешімдері қазақтың сол кездегі әдеттік құқығының нормативтік дереккөздеріне айналған ережелер тұрды.
Осындай ереженің бірі сол кездегі Семей облысының жерінде 1885 жылы қабылданды. Бұл ереженің өзінен бұрынғы және кейін қабылданған осындай құжаттардан бір ерекшелігі, оның түпнұсқасының қазақ тілінде жазылып, қабылдануында болды. Сол кездегі Қазақстан жеріндегі қолданыстағы заңнамалық жүйенің құрамдас бөлігі, осы ереже тарихқа «Қарамола ережесі» деген атпен енген.
«Қарамола ережесі» 1885 жылы мамыр айында бүгінгі Жарма ауданы жеріндегі Шар өзенінің бойында тұрған Суықбұлақ ауылынан алыс емес, Қарамола жеген жерде өткен төтенше съезде қабылданады. Бұл жерде жаз айларында сол кездегі Семей облысы жеріндегі Қояндыдан кейінгі екінші ірі жәрмеңке – Шар жәрмеңкесі (кейде Қарамола жәрмеңкесі деп те айтқан – М. К.) өтетін.
Төтенше облыстық съез шақырылып, арнайы ереженің қабылдануына қарағанда, бұл өкімет орындарының аяқастынан жасаған шешімі емес, қайта алдын ала ойластырылған іс-шара сияқты. Олай дейтініміз, сол кездерде орта жүз қазақтарының билер соты қолданып жүрген, 1868 жылы енген орыс құқықтық жүйесіне ыңғайластырылған заңнаманың сол кездегі өмірдің өзі әкеліп отырған өзгерістерден қала бастауы, яғни, сәйкес келмеуі жатты.
Сол кездегі Дала генерал-губернаторлығының құрамына кірген Семей облысының кең байтақ территориясында 1868 жылғы реформаға сәйкес: Семей, Қарқаралы, Баянауыл, Өскемен және Зайсан сияқты уездер орналасты.
Жалпы, осы тарихи оқиғаға байланысты естеліктер түріндегі жазба деректер де сақталған. Соның бірі – Қарамола сиезі жайында, Абаймен бірге болған, сүйегі уақ Мүсірәлі ақсақал айтқан әңгіме. Ол кісі: «1885 жылы Семей қаласына қарайтын Зайсан, Өскемен, Кереку (Павлодар), Семей уездерынің Семейден жетпіс шақырым Шар өзенінің бойында төрт ояз бас қосып, ақы және ел ортасындағы дауларын бітіретін шербешнай сиезі болмақ болады, ол сиезді басқаруға оязной шықпақ болып, бір ай бұрын сол төрт ояз елге хабарлайды, әр ояз елге өз ортасынан болыс басына бір би сайлап алуға бұйрық береді» дейді. (Қарамола сиезі жайында Абаймен бірге болған Мүсірәлі ақсақалдың естелігі, Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Алматы, 1961. 494 б.). Мүсірәлі ақсақал сонда өздерімен бірге болған Көкен болысының беделді адамы Әлімхан деген кісінің де айтқандарын естелігінде келтіреді. Онда Абай Әлімханға: «Әлеке оязбен сөйлестім, орыстың біздің қазақ дауы туралы шығарған заңы тура келмейтінін айттым, ояз оған тоқтап, олай болса, сен қазақтың ғұрпына, әдетіне, тұрмысына лайықты заң шығарып жаз, осы сиезге жиналған билерге, елге оқып бер, егер оларға ұнамағаны болса, түзет, сол көптің ұнаған заңын мен бекітейін, бұдан бұлай қазақ ортасында заң болсын деді. Соны жазып жатырмын. Үш күнге шейін билер жиналмай, үйлерінде отыра тұрмақ болды. Ал ағайынша сөзді бітім қыла берер, жаңа заңды жұрт ұнатқаннан кейін өзі бекітеді» деген көрінеді. (Қарамола сиезі жайында Абаймен бірге болған Мүсірәлі ақсақалдың естелігі, Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Алматы, 1961. 497 б.).
Осы жерде тағы да Мүсірәлі ақсақалға сөз берсек, ол кісі: «Сонымен айтқан күні ел түгел жиналып, ояздың алдына барды, Абай ояздың үйінде екен, екеуі шықты. Абай қолына ұстаған қағазын ашып оқыды, жұрт тыңдап тұрды, бірақ шығарған заңы 93 статья болған екен десті, сол жердегі жиылған көпшілік бірауыздан дұрыстап шұласты, ояз Ибрай Құнанбаевичтің заңы бекіді, бұдан бұлай билер осы заңмен билік айтсын деді» дейді. Өзінің сондағы көрген-білгендерін Мүсірәлі ақсақал Әбіш Жиреншинге 1939 жылы айтып берген көрінеді.
Қарамоладағы сиезге облыстың бес уезінен болыстар, құрметті ел ағалары және билер шақырылған. Сиезге қатысқан осы сорпа бетіне шығарлардың қай-қасысын алсаңыз да, далалықтардың әдеттік заңдарын жақсы меңгергендерден болғандықтарына күмән жоқ. Тіпті, тізімдегілердің ішінде Сіләм Әлханов, Ыбырайым Нүрекенов сияқты және тағы басқа әулеттерінен орыс билігіне қызмет еткендер, өздері орысша жақсы сөйлеп, ескіше де, орысша да сауатты болғандары да баршылық.

Ресми түрде би лауазымын атқармаған

Десек те, Қарамола сиезіне қатысқан шоғырдың ішінде Абай ерекше бөлек тұрады. Жалпы, тарихта Абай ресми түрде би лауазымын алып жүрмеген кісі. Абай өмір сүрген кезеңде орыстың заңына сәйкес, тағайындалатын, указной билер шыққан. Абайдың болыс болғаны рас, бірақ ресми би болмаған. Бірақ бұдан Абай би болмады деген тұжырым тумаса керек. Керек десеңіз, Абай билердің биі.
Абай қазақтың әдеттік заңын жан-жақты білген, оған дәлел – оның ел ішінде көптеген даулы мәселелерді шешуге араласуы. Шешімі табылмай шиеленіскен, ел мен елді, ағайын мен ағайынды жанжалдасуға әкелетін небір істерді шешуге ел жүгініске Абайға баратын болған немесе арнайы шақыртқан. Абай өзі араласқан істің кез келгенін әділет жолымен шешкенін, кешегі күндерге дейін құйма-құлақ ақсақалдарымыз айтып жүретін. Кезінде, академик Салық Зиманов өз қолында жинақталған, Абай шешімін айтқан елуден астам биліктің бар екендігін атап көрсеткен (Зиманов дәріс, Новости Казахстана и в мире. 16 желтоқсан, 2011).

Мұхтарбек Кәрімов,
Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры

Семей.

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button